Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала қауіпсіздігі – басты назарда

0 70

Апат айтып келмейді. Бір сәттік абайсыздықтың арты орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау – тек төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етумен шектелмейтін маңызды міндет. Осы мақсатта мамандар тұрғын үйлерді, аулаларды, әлеуметтік нысандарды аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жылыту маусымында пешті дұрыс пайдалану, электр құрылғыларын қараусыз қалдырмау, балаларды қауіптен қорғау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Бұл қатарда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де бар. Олар оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жаумен арпалысып, адам өмірін құтқарумен қатар, күнделікті қызметінде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қауіпсіздік ережелерін ерте жастан меңгеруіне, құтқарушы мамандығына қызығушылығын арттыруға және төтенше жағдай кезінде сабырлы әрі сауатты әрекет етуіне ерекше мән берілуде.
Айталық, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Жас құтқарушылар» клубтарының мүшелеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Танымдық шараға Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, «Қызыл ай» қоғамының өкілдері, Тараз мамандандырылған колледжінің студенттері және шаһардағы №41, №47 орта мектептердегі «Жас құтқарушылар» клубтарының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында жас жеткіншектер өрт сөндірушілер мұражайын аралап, азаматтық қорғау қызметінің тарихымен танысты. Құтқарушылардың талай жылғы еңбегінен сыр шертетін жәдігерлерді көріп, мамандықтың жауапкершілігі мен маңызын тереңірек түсінді. Сонымен бірге заманауи өрт сөндіру техникалары мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, олардың төтенше жағдайларды жою барысында атқаратын қызметі түсіндірілді.
Шараның тағы бір маңызды бөлігі алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына арналды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары мен «Қызыл ай» қоғамының өкілдері шұғыл жағдайда зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетудің негізгі ережелерін үйретті.
Осындай мазмұндағы жұмыстар өзге білім беру ұйымдарында да жалғасын тауып келеді. Мәселен, жуырда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Жиын барысында оқушыларға Қазақстан Респуб- ликасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіндегі қызмет бағыттары, мамандықтар және қызметке орналасу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Мамандық таңдауға бағыт-бағдар беруді көздеген кездесуде өрт сөндіруші-құтқарушы, инженер және азаматтық қорғау саласындағы басқа да мамандықтардың ерекшеліктері түсіндірілді. Оқушыларға бұл салада қызмет ету үшін қандай талаптарға сай болу керектігі айтылып, болашақ мамандықты таңдауда жауапкершілік пен білімнің маңызына назар аударылды.
Жасөспірімдердің құтқару қызметіне деген қызығушылығын арттыру мақсатымен Көкшетау қаласындағы Қазақстан Респуб- ликасы Төтенше жағдайлар министр- лігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында білім алу мүмкіндіктері туралы да ақпарат ұсынылды. Оқу орнына түсу талаптары, білім алу бағыты және оқу процесі жөнінде мәліметтер беріліп, азаматтық қорғау саласында кәсіби маман болуға ұмтылған жастарға қажетті бағыт көрсетілді.
Кездесудің негізгі өзегінің бірі қауіпсіздік ережелері болды. Оқушыларға өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің алдын алу, тұрмыстағы қауіпсіздік талаптарын орындау, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары интерактивті тақтаның көмегімен жүргізіліп, оқушылардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін «сұрақ-жауап» форматы қолданылды.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру тек мектеп оқушыларымен жүргізілетін кездесулермен шектелмейді. Тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік және қоғамдық топтарына бағытталған танымдық шаралар да ұйымдастырылып келеді. Соның бір мысалы – шаһардағы М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Тараз» футбол клубының жас футболшыларына арналған танымдық экскурсия.
Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өрт сөндіру бөлімінің құтқарушыларымен бірлесіп өткізген шара барысында жас спортшылар өрт сөндіруші-құтқарушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысты. Балалар төтенше жағдайларды жою кезінде пайдаланылатын өрт сөндіру-құтқару техникасы мен арнайы жабдықтарды өз көздерімен көріп, олардың қолданылу ерекшеліктері туралы мағлұмат алды.
Құтқарушылар жас футболшыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, өрт болған кездегі іс-әрекеттер және күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңыздылығы жөнінде әңгімеледі. Арнайы техникалар мен жабдықтардың көрсетілімі балалардың ерекше қызығушылығын туғыз- ды. Олар құтқарушылардың жұмысына қатысты көптеген сұрақ қойып, өздерін қызықтырған сауалдарына мамандардан нақты жауап алды.
Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Біріншіден, балалар төтенше жағдай кезінде қандай әрекет жасау керектігін үйренсе, екіншіден, құтқарушы мамандығының қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін түсінеді. Үшіншіден, қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдысы қалыптасып, өз өміріне ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауға бейімделеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, өрт ойламаған жерден туындайды. Бір сәттік салғырт- тық пен қарапайым ғана қауіпсіздік талабын елемеудің соңы үлкен қатерге ұласуы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр азаматтың күнделікті назарында болуға тиіс мәселе.
Мәселен Тараз қаласындағы Тұраркент көшесінде тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен сәтте сала мамандары оқиға орнына жедел жетті. Мамандар келгеннен кейін жеке тұрғын үйде өрт болып жатқаны және жалынның көршілес үйге таралғаны анықталды.
Өртті сөндіру тығыз салынған құрылыс нысандары мен жапсарлас құрылыстардың бір-біріне жақын орналасуына байланыс- ты қиындай түсті. Мұндай жағдайда жалынның бір үйден екіншісіне таралу қаупі жоғары. Дегенмен, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында оттың басқа тұрғын үйлерге одан әрі таралуына жол берілмеді. Өрт қысқа мерзім ішінде толықтай сөндіріліп, зардап шеккендер болған жоқ.
Сондай-ақ қаладағы М.Тынышбаев көшесінде барак үлгісіндегі 10 пәтерлі тұрғын үйдің бес пәтерінің шатыры жанған. Өрттің жалпы аумағы 250 шаршы метрді құрады.
Бұл жолы да жағдай тұрғын үйге тығыз орналасқан жапсарлас құрылыстардың болуына байланысты күрделене түсті. Құтқарушылар үшін мұндай нысандарда өртті ауыздықтау оңай емес. Жалынның көршілес пәтерлер мен құрылыстарға таралу қаупі жоғары болғандықтан, әрбір минуттың маңызы артады. Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер өз міндеттерін жоғары кәсібилікпен атқарып, қызыл жалынды жедел ауыздықтады. Өрттің әрі қарай таралуына жол берілмей, екі адам құтқарылды. Зардап шеккендер жоқ.
Өрт немесе басқа да төтенше жағдай туындаған жағдайда сабыр сақтап, «112» бірыңғай нөміріне дереу хабарлау қажет. Оқиғаның нақты мекенжайын айтып, жағдай туралы мүмкіндігінше толық ақпарат берген жөн. Бірақ төтенше жағдай болғанда құтқарушылардың көмегіне ғана сүйеніп отыру жеткіліксіз. Өйт- кені қауіпсіздік, ең алдымен, адамның өзінен басталады. Үйдегі электр сымдары мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын бақылау, пешті қараусыз қалдыр- мау, балаларды отпен ойнаудан сақтау, жанғыш заттарды қауіпсіз жерде ұстау сияқты қарапайым талаптардың өзі үлкен қатердің алдын алады.
Құтқарушының жұмысы – қауіп төнген кезде көмекке келу. Ал сол қауіптің алдын алу, сақтық шараларын сақтау, жауапкершілікпен әрекет ету – әрқайсымыздың міндетіміз.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар
департаментінің ресми өкілі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.