Қаланың көркі мен тұрғындардың өмір сүру қолайлылығы, ең алдымен, оның тазалығы мен абаттандырылуына байланысты. Сондықтан Тараз қаласында қоғамдық кеңістіктердің сәулеттік келбетін сақтау, қала аумағын ретке келтіру және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Бұл ретте заңсыз орналастырылған нысандарды анықтап, оларды жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Айталық, Әулиеата ауданы аумағында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес заңсыз орнатылған нысандарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Кезекті рейдтік жұмыстар барысында «Ұлы дала» шағынауданы, №15 мекенжайындағы №104 үйдің маңына заңсыз орналастырылған дүңгіршек алынды. Сонымен қатар Әл-Фараби көшесі, №48 мекенжайында заңсыз қойылған контейнер де белгіленген тәртіппен алынып тас- талды.
Мұндай жұмыстар қала аумағының сәулеттік келбетін сақтау, ретсіз орналастырылған нысандарды жою, санитарлық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы әрі көрікті орта қалыптастыру мақсатында алдағы уақытта да жалғасын табады.
«JT»-ақпарат