Ішімдік пен нашақорлық секілді зиянды әдеттер – адамның денсаулығы мен отбасына, тұтас өмірі мен қоғамға кері әсерін тигізетін басты факторлардың бірі. Тәуелділік адамның өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, түрлі аурулардың асқынуына, құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болады. Сондықтан әр буынға әртүрлі сипатта қауіп төндіретін бұл дерт еліміз үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда динамикалық бақылауда 107-108 мыңнан астам адам наркологиялық тәуелділік диагнозымен тіркелген. Олардың басым бөлігін ішімдікке салынғандар құраса, қалған бөлігі есірткі және басқа да психотроптық заттарды тұтынушылар. Өкінішке қарай, Қазақстан Орталық Азия өңірінде жан басына шаққанда ішімдікті ең көп тұтынатын елдердің қатарына кіреді, яғни мемлекеттік бақылауда 80 мыңнан астам қазақстандық алкогольдік тәуелділікпен тіркелген. Ал нашақорлық бойынша ресми есепте 18 мыңнан астам адам тұр. Оның 91 пайызын ер адамдар, 9 пайызын әйелдер құрайды. Ең алаңдатарлығы, бұл дертке тәуелділердің 15 пайызы – 18-29 жас аралығындағы жастар. Оның үстіне кейінгі жылдары синтетикалық есірткі тұтынушылардың үлесі қарқынды өсе бастады. Бұл, әрине, қуанарлық жайт емес.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық өте күрделі, тіпті алаңдатарлық ұлттық мәселеге айналды. Басты қауіп есірткінің жыл сайын «жасарып» бара жатқандығында, яғни алғаш рет дәм татып көрушілердің орташа жасы 11-13 жасқа дейін төмендеп кетті. Осы орайда ең үлкен қатер психотроптық синтетикалық есірткілердің тым арзандығы мен интернет желісі арқылы жасырын, кедергісіз таралуы болып отыр. Соңғы жылдары синтетикалық есірткіге тәуелді болған жастар мен мектеп оқушыларының саны еселеп өсті. Тіпті, мектеп оқушылары мен студенттер оңай әрі тез ақша табу мақсатында есірткі тасымалдаушы («закладчик») ретінде қылмыстық топтардың арбауына жиі түсіп жатыр.
Мұнда бірнеше басты қауіп-қатер факторларын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, қолжетімділіктің жоғарылығы. Синтетикалық заттар мессенджерлер арқылы сатылады және олардың бағасы өте арзан. Екіншіден, ауыр қылмыстық жауапкершілік. Жасөспірімдер өзінің не істеп жүргенін жете түсінбей, есірткі таратқаны үшін еліміздің заңнамасына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үшіншіден, денсаулыққа зақым келтіру жойқындығы. Синтетикалық есірткілердің ағзаға уыттылық әсері өте жоғары. Олар бір-екі рет пайдаланғаннан кейін-ақ адамның ми клеткаларын қайта қалпына келмейтіндей зақымдап, тез арада ауыр психологиялық және физикалық тәуелділік тудырады.
Тұтас алғанда, Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл қауіпті дертпен күресу үшін есірткі тарататын интернет-сайттар мен мессенджерлерді бұғаттау, Ішкі істер министрлігі желісі бойынша арнайы профилактикалық рейдтер жүргізу және ата-аналардың балаларына деген жауапкершілігі мен бақылауын арттыру бағытында кешенді мемлекеттік шараларды жүзеге асыруда.
Сондай-ақ елімізде созылмалы дертке айналған алкогольге тәуелділік әлі де ең кең тараған мәселе болып отыр. Дегенмен, соңғы жылдары мамандарды ерекше алаңдатып отырған жаңа қауіпті үрдіс бар. Ол – полинаркомания, яғни бір мезгілде бірнеше психобелсенді затты қатар тұтыну. Мысалы, алкогольді синтетикалық есірткілермен, вейптермен немесе күшті әсер ететін дәрі-дәрмектермен араластырып қабылдау жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бүгінде осындай күрделі диагнозбен медициналық есепке тіркелетін науқастардың қатары артып келеді. Бұл үрдістің аса қауіптілігі – ағза мен жүйке жүйесі бір уақытта жан-жақты соққыға жығылады.
Сонымен қатар қазіргі жастар арасында вейп пен электронды темекілердің кең таралуы да жағдайды күрделендіре түсуде. Оларды көбісі зиянсыз ермек деп қабылдап, кейін бұдан да ауыр психоактивті заттарға бой алдырғанын байқамай қалады.
Сондықтан диспансерлік есепке тіркелушілердің көбеюі бұл жай ғана құрғақ статистика емес, бұл қоғамдағы үлкен дабыл. Тұрғындар мен әрбір отбасы бұл мәселеге бейжай қарамауға тиіс. Жақын адамның қауіпті әдеттерге бой алдыра бастағанын уақытында аңғару – оның өмірін сақтап қалудың алғашқы қадамы. Бұл әуестік, ең алдымен, адамның күнделікті мінез-құлқынан, сыртқы келбетінен және тұрмыста пайда болған беймәлім заттардан айқын байқалады.
Ең алдымен мінез-құлықтың күрт өзгеруіне назар аударған жөн. Бұрын ашық-жарқын болған адам кенеттен тұйықталып, бөлмесінен шықпай, туыстарымен араласудан қаша бастайды. Қарапайым сұрақтардың өзіне ашумен немесе жалтарумен жауап береді. Көңіл күйінің тұрақсыздығы тым айқын болады. Сонымен бірге ұйқы мен тәбет тәртібі бұзылады. Олар көбіне күндіз ұйықтап, түнде белсенділік танытады. Тәбеттің мүлдем жоғалуы немесе керісінше, тәтті тағамдарға шектен тыс әуестіктің пайда болуы да жиі кездесетін белгілердің бірі. Бұған қоса, үнемі түсініксіз себептермен ақша сұрау немесе үйдегі бағалы заттар мен қаржының жоғалуы да үлкен дабыл болуға тиіс.
Екінші маңызды жайт – сыртқы келбеттегі өзгерістер. Көздің ақуызы қызарып, көз асты көгереді, ал қарашықтары жарыққа қарамастан үнемі шектен тыс үлкейіп, кішірейіп тұрады. Сөйлегенде сөздерді шатас- тыру, былдырлау, қозғалыстың тым баяулауы немесе керісінше орынсыз гиперактивтілік байқалады. Сонымен қатар адам өз гигиенасына немқұрайлы қарай бастайды. Үстінен немесе аузынан вейпке тән тәтті хош иіс, не болмаса химиялық, дәрі-дәрмек иісі шығып тұруы мүмкін. Денеде, әсіресе, қолда иненің іздері, жұмбақ көгерулер мен тырналған жерлердің пайда болуы да тікелей дәлел бола алады.
Сондай-ақ үйдегі беймәлім заттарға да мұқият болған абзал. Бөлмеден немесе киім қалталарынан артық электронды темекілер, вейп, дәрігер тағайындамаған психотроптық немесе ұйықтататын таблеткалардың бос қаптамалары табылуы мүмкін. Оған қоса, белгісіз ұнтақтар, шөптер салынған шағын полиэтилен пакеттер, фольга қалдықтары, оттықтар мен сіріңкелердің тым көп болуы да күдік тудыруға тиіс.
Синтетикалық есірткілер мен психотроптық заттар адамның психикасын өте жылдам әрі қайтымсыз түрде өзгертеді. Егер жақын жандардың бойынан осы белгілердің бірнешеуін қатар байқалса, бірден айыптауға немесе уайымға салынып ұрыс шығаруға асықпау керек. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, уақыт созбай денсаулық сақтау мекемелеріне немесе Психикалық денсаулық орталықтарының білікті мамандарына хабарласып, кәсіби көмекке жүгінген жөн.
Айта кетер жайт, тәуелділіктен толық айығып, қалыпты өмірге оралуға болады. Әрине, бұл үлкен сабырды, уақытты және кешенді күш-жігерді талап ететін, бірақ толықтай жүзеге асатын процесс. Айығу жолын үш негізгі факторға бөліп қарастырған жөн.
Бұл үдерісте медицинаның үлесі 20-30 пайызды құрайды. Дәрігерлер детоксикация жүргізіп, ағзаны уытты заттардан тазартады және физикалық тәуелділікті еңсеруге бастапқы көмек береді. Дегенмен, есірткі ең алдымен ми жүйесі мен психикаға салмақ түсіретіндіктен, тек дәрі-дәрмекпен шектелу жеткіліксіз.
Айығудың ең басты кілті – науқас- тың өз қалауы. Көбінесе ол 30-40 пайызды құрайды. Егер адам бойындағы тәуелділікті мойындап, одан арылуға шынайы ниет білдірмесе, емнің нәтижесі ұзаққа бармайды. Психотерапия және когнитивті-мінез-құлықтық түзету арқылы адам өмірге жаңа көзқараспен қарап, стресс- ке төзімділікті қалыптастыруды үйренеді.
Ал ең үлкен салмақ отбасы мен жақындарының қолдауына түседі. Ол 40-50 пайыздық көрсеткіш болады. Қоршаған ортаның сенімі болмаса, адамның бұрынғы зиянды ортасына қайта оралу қаупі өте жоғары. Жақындарының басты міндеті – тәуелділікті қылмыс немесе айып емес, емдеуді қажет ететін ауру деп қабылдау, емнен кейінгі оңалту кезеңінде толық қолдау көрсету және ескі әдеттерді қоздыратын жағдайлардың алдын алу.
Ең алғашқы әрі маңызды қадам – жақыныңызға айқай-шусыз, айыптаусыз ашық әңгіме ұйымдастыру. Оның іс-әрекетін емес, туындаған мәселенің отбасыға қалай кері әсер етіп жатқанын түсіндіріп, кәсіби көмекке жүгінуді ұсыну қажет.
Бұл ретте уақытты дұрыс таңдаған маңызды: жақыныңыз мас немесе ашулы емес, есі дұрыс, сабырлы сәтін күтіп, оны жақсы көретініңізді және көмектескіңіз келетінін білдіріңіз. Айыптап, ұрысу емделуге деген ынтаны жояды, сондықтан мәселені жұмыс- тан қалу, денсаулықтың нашарлауы сияқты нақты фактілермен түсіндірген абзал.
Ең бастысы, тәуелділік мінездің әлсіздігі емес, созылмалы ауру екенін түсіну керек. Сол себепті кәсіби нарколог пен психотерапевт көмегі ауадай қажет. Сонымен бірге тәуелді адаммен бірге тұратын жақындары да үнемі күйзелісте болатындықтан, психологтар отбасы мүшелеріне де осы тығырықтан шығуға қолдау көрсетеді.
Еркін САЙЫН