Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Зәмзәм суының қасиетін білесіз бе?

0 53

Сусыз шөлде шырылдаған сәби, шарасыз күйде Сафа мен Мәруаның арасында сабылған ана… Бұл – адамзат тарихындағы ең қасиетті мекендердің бірі Меккенің бастауында тұрған тағдырлы сәт. Ибраһим (ғ.с.) Алланың әмірімен жұбайы Һажар мен сәбиі Исмайлды (ғ.с.) елсіз Хижаз даласында қалдырғанда ана жүрегін үрей билегенімен, Жаратушыға деген сенімі мұқалмады. Бір жұтым су іздеп, Сафа мен Мәруаның арасын жеті рет жүгіріп өткен Һажардың табандылығы ақыры ғажайыпқа ұласты. Сәбидің өкше астынан шымырлап шыққан су көзі кейін күллі мұсылман әлеміне «Зәмзәм» атауымен танылған қасиетті бұлақ еді.

Тіршілік нәрі пайда болған бұл өңірге кейін Жұрһұм тайпасы орналасып, елді мекенге айналып, Мекке қаласының алғашқы іргетасы қаланды. Ибраһим ғәләйһис-сәләм ретіне қарай арнайы келіп, кейін пайғамбарлық міндеті жүктелген ұлы Исмайл ғәләйһис-сәләмның жағдайын біліп тұрды. Бір келгенінде екеулеп Қағбаны соқты. Қағба Жаратушы Ие қалауымен алғашқы адам әрі алғашқы пайғамбар Адам ғәләйһис-сәләмның періштелер көмегімен қабырғасын қалаған, бірақ кейін түрлі табиғи әсерлер нәтижесінде жойылған Жер бетіндегі ең алғашқы ғибадатхананың орнына тұрғызылды. Бүгінгі Мекке қаласындағы миллиондаған мұсылман құбыласына айналған Қағба осылайша бой көтеріп, ғибадат етушілердің игілікті нысанына айналды.
Қағбаның құрылысы біткеннен кейін, алғашқы қажылық тауабын жасаушылар Ибраһим ғәләйһис-сәләм мен Исмайл ғәләйһис-сәләм болды. Олардың үндеуімен Жұрһұм тайпасы да қажылық парызын өтеді. Раббының қолдауымен үндеу шартарапқа тарап, қажылық ғибадатын өтеушілер ағылып келе бастады. Бұл бірегей құлшылық бүгін де жалғасын табуда және заманның ақырына дейін жалғаса бермек.
Көпшілігі мұсылман дінін ұстанған егемен еліміздің иманды азаматтары да жылда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Жаратушының сәлемі мен игілігі болсын) кіндік қаны тамған осы ерекше өңірдің топырағын басып, құлшылығын жасап, қасиетті судан қалағанынша ішіп, айрықша әсермен оралуда. Әрине, олар қашаннан қалыптасқан сый әкелу үрдісін жалғастырып, баршаның қолы жете бермейтін қасиетті Меккенің Зәмзәм суынан, қасиетті Мәдиненің құрмасынан дәм таттырып, отандастарының қуанышына бөленуде.
Меккедегі қасиетті құдық – Зәмзәм – Қағбадан оңтүстік-шығысқа қарай 20 метр жерде, Бани Шайба қақпасы тұсында, қасиетті Қара тасқа (Хажар ул- Асуад) қарама-қарсы орналасқан. Үсті күмбезбен көмкерілген. Сауд Арабиясының химия маманы Муин әд-Дин ауылшаруашылық және суландыру министрлігінде қызмет атқарып жүрген кезінде Зәмзәм суының химиялық құрамын тексеруге корольден арнайы рұқсат алады. Оның айтуынша, сарқылмайтын не суы орта түспейтін құдықтың ені 4,2 метр, ұзындығы 5,4 метр, ал тереңдігі бар болғаны Муин әд-Диннің қолтығынан ғана келген.
Құдық суы арнайы сорғылармен алынып, арнаулы орында түрлі көлемдегі ыдыстарға құйылады. Миллиондаған ғибадат етуші қалағанынша ішіп, өздерімен бірге алып кетіп жатады. Бір ғажабы, Зәмзәм құдық суының деңгейі бір қалыптан не ауытқып, не азаймайды. Бүгінгі заман техникасы Жер қойнауындағы су қоймасын, мұнай мөлшерін, табиғи газ ауқымын, түрлі қазба байлықтардың орналасу жағдайын оңай анықтап береді. Бірақ Зәмзәм құдық суының шын мөлшерін, қайдан шығып жатқанын ешбір аспап көрсетіп бере алмайды екен.
Зәмзәм құдығы – Жаратушы Иенің пенделеріне сый еткен мұғжизасының (Оған ғана тән болған кереметтерінің) бірі болып қала бермек. Кезінде Пайғамбарымыз (оған Жаратушының сәлемі мен игілігі болсын): «Жер бетіндегі сулардың ең жақсысы – Зәмзәм суы», – дейтін.
Сенімді сахабасының бірі ибн Аббастан (оған Жаратушы разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Жаратушының сәлемі мен игілігі болсын): «Зәмзәм суын бір мақсатқа арнап іш. Егер сен кеселден айығу үшін ішсең – онда Жаратушы сені айықтырады. Егер сен тойыну үшін ішсең – онда Жаратушы сені тойындырады. Егер сен шөліңді басу үшін ішсең – онда Жаратушы сенің шөліңді басады. Бұл – Жәбрейілдің (өкешесінің) тепкісінен шыққан Жаратушының Исмайлға жіберген сусыны», – деп, айрықша судың қасиетін баян еткен.
Бұл қасиетті судың адамға тигізетін рухани ықпалдары ғана емес, сондай-ақ дене ағзаларына тигізіп келген шипалық әсерлерінің сырын білсек деген ой төрткүл дүние ғылым иелерін ежелден-ақ қызықтырып келеді. Бұл орайда 2004 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медициналық, биохимиялық түрлі зерттеулер жүргізіп, зәмзәм әлемдегі ең таза және денсаулыққа өте пайдалы, жер бетіндегі минералды емдік сулардың ішінде қасиеті айрықша шипалы ауызсу екенін тұжырымды түрде растап, анықтама берген.
Жапон елінің белгілі ғалымы Масару Эмото нанотехнология жетістіктерін қолданып жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде Зәмзәм суының қасиеті басқа сулардың ешбірінде жоқ деген қортындыға келген.
АҚШ-та жасалған зерттеулерде зәмзәм суы ішінде микроорганизм және бактерия өсіп-өнбейтін бірегей сұйық деп танылып, оның әртүрлі жұқпалы аурулар қоздырғыштарын жоя алатын ерекшелігін мойындады.
Зәмзәм суының құрамында басқа суларға қарағанда күкірт өте аз мөлшерде, ал адамға пайдалы минералды заттар көп екен. Бұл Зәмзәм суын беттеріне, дене мүшелеріне сепкен адамдардың неліктен рахаттану сезіміне бөленгенін айқындай түседі.
Сондықтан болса керек, АҚШ-қа әрқандай ішімдік пен тамақтардың сырттан кіруіне тыйым салынса да, Зәмзәм суын қанша болса да алып келіп, пайдалануға ешқандай шектеу қойылмаған. Өйткені мыңдаған жыл мұсылмандар үшін ғибадат серігі болып келген Зәмзәм суының өзіне тән сыры мен баға жетпес құны бар екенін олар біліп отыр.
Пайғамбарымыз (оған Жаратушының сәлемі мен игілігі болсын): «Ақиқатында, ол – қасиетті, ішсең тамақ әрі әрқандай аурудың шипасы», – деп айтатын. Және бір хадисте: «Зәмзәм барлық ауруға ем және әрқандай үрей мен қайғының қорғаны», – деген. Айшаның (оған Жаратушы разы болсын) сөзімен Әл-Бухари жеткізген хадисте: «Расулуллаһ Зәмзәм суын меспен немесе торсықпен алып жүретін, сырқат адамдар кездессе, сумен бүркіп, ішкізіп емдейтін», – деп айтылған.
Зәмзәм суымен емделіп, шипа тапқандар бүгінде жетерлік. Ол кеселдердің қатарында көз аурулары, бүйрек-несеп, ішек-ас қорыту және тыныс алу жолдары, буын аурулары, жүрек-қантамырларындағы кеселдер, жүйке аурулары, есте сақтау қабілетінің артуы, рак кеселі, эпилепсия секілді сырқаттар бар. Бүгінгі медицина шипалы суларды кеңінен пайдаланады. Сондықтан Зәмзәм суын қолданғанда да дәрігер маманның ақыл-кеңесін алып, ағзадағы өзгерістерді бақылап отырған абзал.
Әрине, шипа Жаратушы Иеден. Зәмзәм суы – сол шипаның жетуіне себеп болатын көп мұғжизаның бірі, яғни үлкен ғибадат. Олай болса, Зәмзәм суын ішудің де өз тәртіптері мен әдептері бар:
1. Жаратушы Ие атынан Оған тәуекел етіп тілек тілеу.
2. Құбылаға қарап үш бөліп ішу.
3. Тілегінің қабыл болатынына сенімді болу.
Исламның ең киелі орындары – Мекке мен Мәдинаға барып, қажылығын өтеп келгендер жора-жолдас, туған-туыстарына әкелетін ең үлкен сый-жоралғысы Зәмзәм суы болмақ. Олар қажылықтарын құттықтап мүбәрак айтушыларға өздері ала келген Зәмзәм суы мен құрмасынан ауыз тигізеді. Зәмзәм суы кішкентай ыдыстарда үш-ақ ұрттамнан беріледі. Себебі құттықтап келушілердің барлығына жетерліктей Зәмзәм суды жолаушылар ұшағымен тасып әкелу мүмкін емес. Алайда бұл қажеттілікті қанағаттандыру жолдары да іздестіріліп, шешуі де табыла бастады. Бүгінде елімізге арнаулы жүк ұшақтарымен тонналаған Зәмзәм суы жеткізілуде. Яғни Зәмзәм суы керексінген жерлестеріміздің қолжетімді затына айналып келеді.

Қуанышбек ӘЛІШЕРҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.