Соңғы бірер жылдың бедерінде Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Айталық, биылдың өзінде шаһар аумағында ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Солардың қатарында Әлімхан Комратов көшесі бар. Жөндеу жұмыстары Ташкент көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі аралықты және Комратов өткелін қамтиды. Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы – 1,183 шақырым. Құрылыс мердігері – «Жол de luxe» ЖШС. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жол жамылғысының сапасы жақсарып, көлік қозғалысы қолайланып, тұрғындардың күнделікті қатынауына жайлы жағдай қалыптасады.
Таразда жол инфрақұрылымын дамыту тек көшелерді жөндеумен ғана шектелмейді. Биыл қалада тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланған. Бұл жоба, әсіресе, мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй алаптарының маңындағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде Тараз қаласында қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 71,5 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш қала жолдарының сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.
«JT»-ақпарат