Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Шаңырақ шаттығы – ел тұрақтылығы» атты отбасы апталығы өтіп жатыр. Апталық аясында отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас шаңырақтарға қолдау көрсетуге бағытталған мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда.
Сол шаралардың бірі – жас отбасылардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына, отбасылық қарым-қатынасты нығайтуына, шаңырақтағы береке мен бірлікті арттыруға бағытталған «Жас отау» клубының ашылу салтанаты.
«Жас отау» – жас жұбайлардың бір-бірін түсінуіне, отбасылық өмірдің жауапкершілігін сезінуіне, үлкендердің өнегесін тыңдап, өмірлік тәжірибеден сабақ алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба. Клуб Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е.Кочетовтың 2026 жылғы 6 ақпандағы №03-23/686 хатын басшылыққа ала отырып, ағымдағы жылдың екінші тоқсанынан бастап өңірдегі барлық отбасын қолдау орталықтарында жас отбасылардың некесін сақтау- ға бағытталған жұмыстар аясында ашылуда.
Клубтың негізгі мақсаты – жас отбасыларды қолдау, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және ажырасудың алдын алу. Мұнда жас жұбайлар мен жас ата-аналар тәжірибе алмасып, пайдалы кездесулерге қатысып, отбасы бақытының сыр- ларына қаныға алады. Осылайша «Жас отау» алдағы уақытта талай жас шаңырақтың берекесін бекемдейтін, өмірлік маңызды мәселелерді бірге талқылайтын тағылымды ортаға айналмақ.
Клубтың салтанатты лентасын «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов пен «Жер Ана» фермер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Мария Ибраимова қиды.
Сондай-ақ шарада «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы мен Тараз қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арасында әріптес- тік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі мекеме арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға жол ашады.
Жиынның жүрекке жылу ұялатқан сәттерінің бірі – жас жұп Диас Асан мен Ажар Жұмағұлованың некесін қию рәсімі болды. Екі жастың өмір жолын бір арнаға тоғыстырған ақ некесін Тараз қалалық АХАТ бөлімінің маманы Аяулым Есімбек қиды.
Ақ ниетпен шаңырақ көтерген жас жұбайларға қазыналы қария Мұхаметілда Байшонов батасын беріп, ақ жол тіледі. «Анаға тағзым» орталығының директоры Дамира Сүгірбай некесі қиылған жас отбасыға, сондай-ақ шаңырақ көтергендеріне 55 жыл толып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан Мұхаметілда Байшонов пен Майдаш Абдраймоваға арнайы сый-сияпат табыстады.
Шаралар «Отбасы – бақыт мекені» атты облыстық форуммен жалғасты. Басқосудың ашылуында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Турегелдиев пен «Әділет» партия- сы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов сөз сөйлеп, көпшілікті келе жатқан Отбасы күнімен құттықтады. Отбасының қоғамдағы орны мен маңызын атап өтіп, ұлттық тәрбиені, отбасылық құндылықтарды сақтаудың және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.
Форум барысында отбасы өмірінің құқықтық, психология- лық және тәрбиелік қырлары кеңінен сөз болды. Тараз қалалық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Лаура Жаңабаева «Неке және отбасы» тақырыбында баяндама жасап, некеге тұрудың құқықтық және әлеуметтік маңызына тоқталды. Ол отбасы құру үлкен жауапкершілік екенін айтып, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсінік берді. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Педагогикалық психология» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, философия докторы Эльмира Айтенова «Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы» тақырыбында ой бөлісті. Ғалым бала тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше екенін, баланың тұлғалық қалыптасуына үлкендердің мінез-құлқы мен өмірлік үлгісі тікелей әсер ететінін атап өтті.
Шара барысында «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Дамира Сүгірбай отбасы құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, отбасылық өнерді дәріптеп, мәдениет пен өнер саласына үлес қосып жүрген әнші жұптар мен форум спикерлерін алғыс хаттармен марапаттады.
Арайлым ШАБДЕНОВА