Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында ақын, спортшы Санжар Қанатбекпен «Аялы алақан» атты кездесу кеші өтті. Шара барысында үш жасында көру қабілетінен айырылғанына қарамастан тағдырдың сынағына мойымай, өмірден өз орнын тапқан Санжар Ғазизбекұлының өмір жолы мен жетістіктері жас буынға үлгі етілді.
Сүйегіне сөз сіңген ақынның поэзияға деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық ізденісі өткен жылы «Жарық дүние» атты жыр жинағы болып жарық көрген еді. Кездесу барысында ақынның кітабы, оның Брайль қарпіндегі нұсқасы және арнайы әзірленген аудиоүнтаспасы оқырмандар назарына ұсынылды.
Санжар Қанатбектің өмір жолындағы тағы бір маңызды белесі – спорттағы жетістіктері. Кәсіпқой спортшы ретінде пара пауэрлифтингпен айналысқан ол Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Мысырдың Александрия қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, қайтпас қайсарлықтың нағыз үлгісін көрсетті.
Кездесу барысында жас оқырмандар ақынға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оның шығармашылық әлемі, өмірлік ұстанымдары, спорттағы жолы және адамға күш беретін құндылықтар жөнінде еркін пікір алмасты.
Әдеби кештің көркемдік бөлігінде орталықтағы «Ақберен» үйірмесінің шәкірттері Қанат Жасаров пен Нұрай Есмамбетова жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Ал жас термешілер – Әсел Мұратқызы мен Мансұр Алишев ой салар термелерін орындады. Жас өнерпаздардың өнері кештің мазмұнын байытып, әдебиет пен ұлттық өнердің сабақтастығын көрсетті.
Кеш соңында Қанатбек Санжар өзінің «Спорт» атты өлеңін оқып, кездесуді қорытындылады.
«Аялы алақан» тағдырдың қиындығына мойымай, білім мен өнерді, спорт пен еңбекті қатар алып жүрген жас ақынның өнегелі өмір жолын жас оқырмандарға таныс- тырып, олардың кітапқа, әдебиетке және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырған мазмұнды кездесу болды.
Ақмарал ІЛЕБАЕВА, облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі