Тараздың ажары – оның тазалығы мен көріктілігінде, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз ортаның қалыптасуында. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары қолданысқа енгізілді. Жаңа талаптар абаттандырудың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, тазалық, көгалдандыру, жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктер, балалар және спорт алаңдарының қауіпсіздігі, инклюзивті орта және іргелес аумақтарды күтіп ұстау бағыттарындағы жауапкершілікті нақтылай түсті. Осы орайда Тараз қаласы Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановпен жаңа қағидалардың мәні, тұрғындар мен кәсіпкерлерге жүктейтін міндеттері және қаланың келбеті мен өмір сапасына ықпалы жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Барлық Әдепханұлы, абаттандырудың жаңа қағидалары елді мекендердің келбетіне қалай әсер етеді? Құжаттың қабылдануының негізгі себебі неде?
– Ең алдымен, жаңа қағидалардың қабылдануы елді мекендердің аумақтарын абаттандыру саласындағы талаптарды қазіргі заманғы құқықтық және әлеуметтік талаптарға сәйкестендіру қажеттілігінен туындағанын атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, осы Кодекстің 24-бабының 62-тармақшасына сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыруды реттеу мақсатымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары бекітіліп, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа қағидалардың негізгі мақсаты – елді мекендердің санитариялық тазалығын, абаттандырылуын, қауіпсіздігін, көгалдандырылуын және сәулеттік келбетін қамтамасыз етудің нақты әрі бірыңғай тәртібін қалыптас- тыру. Яғни, жаңа талаптар тек көшелерді тазалаумен шектелмейді. Қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау, жарықтандыру, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарының қауіпсіздігі, инклюзивті орта, қысқы және жазғы күтіп ұстау сияқты бағыттардың барлығы қамтылған.
– Жаңа қағида қабылданғанға дейін қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қандай қағидалармен реттелді?
– Жаңа қағида қолданысқа енгізілгенге дейін «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын және «Ағаштарды кесуге рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығы негізінде және жергілікті өкілді органдардың шешімімен, яғни облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары және өзге де заңнамалық актілер негізінде жұмыстары жүргізіліп келді.
Сонымен қатар бұрын абаттандыруға қатысушылардың жауапкершілігі барлық жағдайда нақты бөлінбеген болатын. Қазір жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері, мүлік иелерінің бірлестіктері, басқарушы ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, мердігер ұйымдар және инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымдар сияқты субъектілердің жауапкершілігі нақтыланды.
Сондай-ақ «іргелес аумақ» ұғымы нақты белгіленіп, қоғамдық кеңістіктерді, санитариялық тазалықты, көгалдандыруды, жарықтандыруды және маусымдық күтіп ұстау- ды ұйымдастыруға қойылатын талаптар кеңейтілді.
Сондықтан жаңа қағидалардың басты ерекшелігін «кім қандай аумаққа және қандай талап бойынша жауап береді?» деген мәселенің барынша нақтылануы деп бағалауға болады.
– «Іргелес аумақ» ұғымы тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені абаттандыру саласында жиі кездесетін мәселелердің бірі – белгілі бір аумақтың кімнің жауапкершілігінде екеніне қатысты түсініспеушіліктер.
Жаңа қағидаларда іргелес аумақ нақты айқындалған. Атап айтқанда, ол ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының шекараларына, сауда және жарнама нысандарына және заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі, жалдауындағы немесе теңгеріміндегі өзге де нысандарға тікелей іргелес жатқан, периметрі бойынша 5 метр шекарадағы аумақты қамтиды. Бұл ретте тиісті аумақтардың шекараларын жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Мысалы, кәсіпкерлік нысанның алдында қоқыс жиналып немесе аумақтың санитария- лық жағдайы талапқа сай болмаса, нақты шекарасы белгіленген жағдайда жауапты субъектіні анықтау жеңілдейді. Бұл норма, ең алдымен, жауапкершілікті нақтылау және даулы жағдайлардың алдын алу үшін қажет.
– Жаңа қағидалар бойынша абаттандыруға нақты қандай субъектілер жауап береді?
– Жауапты субъектілердің тізбесі де айтарлықтай нақтыланған. Олардың қатарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар, ғимараттар мен құрылыс- тардың меншік иелері, мүлік иелерінің бірлестіктері, басқарушы компаниялар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіп- орындар, мердігер ұйымдар және инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымдар бар. Мұның практикалық маңызы өте жоғары. Мысалы, инженерлік желілерді жөндеу барысында жол немесе тротуар бұзылса, жұмысты жүргізген ұйымның аумақты тиісті жағдайда қалпына келтіру мәселесі қаралады. Ал тұрғын үйдің ортақ аумағына қатысты мәселелерде басқарушы ұйымның немесе тиісті жауапты субъектінің міндеттері ескеріледі.
Яғни, әрбір мәселе бойынша «әкімдік тазалауы керек» деген жалпы түсініктен гөрі нақты жауапты тұлғаны анықтау қағидаты күшейтіледі.
– Абаттандыру элементтерінің тізбесі де кеңейтілген екен. Бұл қандай нысандарды қамтиды?
– Дұрыс айтасыз, жаңа қағидаларда абаттандыру элементтері кеңірек қамтылған. Оларға көгалдар, гүлзарлар, ағаштар мен бұталар, тротуарлар, велосипед жолақтары, автотұрақтар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар және спорт алаңдары, субұрқақтар, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру тіректері, қоршаулар, ақпараттық тақталар, навигациялық көрсеткіштер және инклюзивті инфрақұрылым элементтері жатады.
Бұл жерде маңызды мәселе – абаттандырудың «тазалық» түсінігінен әлдеқайда кең екендігі. Мәселен, саябақ таза болғанымен, ондағы орындықтар сынған, қоқыс жәшіктері жарамсыз немесе жарықтандыру жүйесі істемесе, бұл кеңістіктің толыққанды абаттандырылған дегенді білдірмейді. Сондықтан жаңа қағидалар қаланың сыртқы келбетімен қатар, оның функционалдығы мен тұрғындарға қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Көгалдандыру мәселесінде қандай талаптар күшейтілді?
– Жасыл желектерді сақтау мен күтіп-баптауға ерекше мән беріліп отыр. Жаңа қағидаларда ағаштарды отырғызу, оларды күтіп-баптау, санитариялық кесу, қураған ағаштарды ауыстыру, жасыл желектерді қорғау және жаңа көшеттерді күтіп ұстау мәселелері нақтыланған. Бұл жерде тек ағаш отырғызу жеткіліксіз екенін түсінуіміз қажет. Мысалы, көктемде отырғызылған көшет жазғы ыстық кезеңде уақытылы суарылмаса, оның сақталу мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан көгалдандыру жұмысының нәтижесі отырғызылған ағаштардың санына ғана емес, олардың әрі қарайғы күтіміне де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жаңа қағидалар «отырғызу – күтіп-баптау – сақтау» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Балалар және спорт алаңдарының қауіпсіздігіне қандай талаптар қойылады?
– Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі тұрғысынан аса маңызды бағыт. Жаңа қағидаларда балалар және спорт алаңдарында қауіпсіз жабынның болуы, жарақаттанудың алдын алатын материалдарды пайдалану, жабдықтардың жарамды күйде болуы, оларды тұрақты тексеру және анықталған ақауларды уақытылы жою талаптары қарастырылған.
Мысалы, ойын алаңындағы әткеншек немесе спорттық құрылғының бұрандасы босап қалса, балалардың құлау қаупі туындайды. Сол себепті денсаулықтарына зиян келтіретін ақаулары бар ойын алаңдарын пайдалануға беруге жол берілмеуге тиіс. Мұндай ақау қысқа мерзімде жойылуы қажет. Демек, талап тек алаңды орнатумен аяқталмайды. Оның қауіпсіздігін бүкіл пайдалану кезеңінде қамтамасыз ету маңызды.
– Инклюзивті орта қалыптастыруға қатысты қандай өзгерістер бар?
– Қазіргі қалалық инфрақұрылым барлық азаматтарға қолжетімді болып жасалуда. Осыған байланысты жаңа қағидаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалысына жағдай жасау мәселелері нақтырақ қарастырылған. Атап айтқанда, пандустар, тактильді жолақтар, арнайы тұрақ орындары, кедергісіз қозғалыс және қолжетімді орта элементтері ескерілген.
Мысалы, ғимаратқа кіреберісте пандус болғанымен, оның жолын автокөлік немесе басқа кедергі жауып тұрса, формалды түрде пандустың болуы мәселені шешпейді. Сондықтан инклюзивті орта – жекелеген элементтерді орнату ғана емес, адамның кедергісіз қозғалуына толық мүмкіндік беретін тұтас инфрақұрылым.
– Санитариялық тазалық бойынша жаңа талаптар нені қамтиды?
– Санитариялық тазалық мәселесі жаңа қағидаларда кешенді түрде қарастырылған. Көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, қоқысты жинау, контейнер алаңдарын күтіп ұстау, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, қоғамдық орындарды таза ұстау, жапырақтарды жинау, көктемгі және күзгі санитариялық жұмыстарды ұйымдастыру талаптары нақтыланды.
Сондықтан контейнер алаңындағы қалдықтарды шығару ғана жеткіліксіз. Оның айналасы да санитариялық талаптарға сәйкес таза болуы қажет. Сол сияқты заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, жою және олардың қайта пайда болуына жол бермеу – тек коммуналдық қызметтің емес, жауапты субъектілердің де ортақ міндеті.
– Қысқы және жазғы кезеңдердегі абаттандыру жұмыстары қалай реттеледі?
– Бұған дейін маусымдық жұмыстардың кейбір түрлері жалпы сипатта қарастырылса, жаңа қағидаларда олар нақты көрсетілген. Қыс мезгілінде қарды уақытылы тазалау, мұздан арылту, тайғаққа қарсы материалдарды пайдалану, шатырлардағы мұз сүгілерді қауіпсіз жою және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Ал жаз мезгілінде көшелерді жуу және су себу, көгалдарды ору, гүлдерді күтіп-баптау, ағаштарды суару және шаңды азайту шаралары жүргізілуге тиіс. Мұның барлығы маусымдық жұмыстарды жүйелеуге және қала аумағын жыл бойы тиісті санитариялық әрі эстетикалық жағдайда ұстауға мүмкіндік береді.
– Жарықтандыру мен шағын сәулет нысандарына қатысты қандай талаптар белгіленген?
– Жарықтандыру мәселесі де тұрғындардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Көшелердің, саябақтардың, жаяу жүргіншілер өткелдерінің және қоғамдық кеңістіктердің тиісті деңгейде жарықтандырылуы қажет. Ақаулар анықталған жағдайда оларды жедел жою міндеті де маңызды.
Ал шағын сәулет нысандарына орындықтар, урналар, гүл құмыралары, қоршаулар, павильондар, навигациялық элементтер және басқа да нысандар жатады. Олардың сыртқы келбетін сақтау, жарамды жағдайда ұстау және қажет болған жағдайда жөндеу – абаттандыру сапасының маңызды көрсеткіші. Өйткені тұрғындар қаланың жалпы келбетін, ең алдымен, күнделікті көріп жүрген осындай нысандар арқылы бағалайды.
– Қоғамдық кеңістіктерге қойылатын талаптардың кеңеюі нені білдіреді?
– Жаңа қағидаларда саябақтар, скверлер, алаңдар, жағалаулар, демалыс аймақтары және жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлінген. Бұл аумақтар тұрғындардың демалуына, спортпен айналысуына, балалардың ойнауына және қоғамдық іс-шаралардың өтуіне арналған.
Сондықтан олардың тазалығы, көгалдандырылуы, жарықтандырылуы, қауіпсіздігі және жалпы эстетикалық жағдайы тұрақты бақылауда болуы қажет. Бүгінде қоғамдық кеңістік қаланың жай ғана бір бөлігі емес, оның әлеуметтік және мәдени ортасының маңызды элементі болып отыр.
– Жаңа қағидаларда экологиялық талаптардың күшейтілуіне қандай баға бересіз?
– Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Жасыл желектерді сақтау, ағаштарды негізсіз кесуге жол бермеу, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды дұрыс басқару және көгалдандыру көлемін арттыру мәселелері ерекше маңызға ие.
Қала дамыған сайын құрылыс пен инфрақұрылым да көбейеді. Сондықтан даму мен қоршаған ортаны қорғау арасында теңгерім болуы қажет. Әсіресе, ағаштарды сақтау мәселесіне тұрғындар да, кәсіпкерлер де, жауапты ұйымдар да жауапкершілікпен қарауға тиіс. Қаладағы әрбір сақталған ағаш – қоршаған ортаның сапасына қосылған үлес.
– Жергілікті атқарушы органдардың міндеттері қандай және олардың жауапкершілігі қалай өзгереді?
– Жергілікті атқарушы органдардың міндеттері де нақтыланған. Олар жергілікті абаттандыру қағидаларын қабылдау, абаттандыру талаптарын нақтылау, іргелес аумақтардың шекараларын белгілеу, санитариялық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау жүргізу бағыттарында жұмыс атқарады. Сонымен қатар әкімдік тарапынан коммуналдық қызметтердің, мердігер ұйымдардың және басқа да жауапты субъектілердің жұмысын үйлестіру маңызды.
Алайда бұл жерде бір нәрсені нақты түсіну қажет. Қаланың барлық аумағын тек әкімдік қызметкерлері тазалауға тиіс деген түсінік дұрыс емес. Жаңа қағидалардың басты ұстанымдарының бірі – әрбір субъектінің өз жауапкершілік аймағын сапалы күтіп ұстауы.
– Жалпы алғанда, жаңа қағидалардың тұрғындар үшін ең маңызды нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, ең маңызды нәтиже – қалалық ортаның сапасын арттыру және жауапкершілікті нақтылау. Жаңа қағидалар арқылы абаттандырудың санитария- лық тазалық, көгалдандыру, жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктер, балалар және спорт алаңдары, инклюзивті орта, қысқы және жазғы күтіп ұстау сияқты негізгі бағыттары бір жүйеге келтірілді. Ең бастысы, бұл талаптар тек мемлекеттік органдарға емес, абаттандыруға қатысушы барлық тарапқа қатысты.
Сондықтан таза және жайлы қала қалыптастыру – бір ғана мекеменің міндеті емес. Мемлекет қажетті жағдай мен бақылауды қамтамасыз етеді, бизнес өз нысанының айналасына жауап береді, басқарушы ұйымдар тұрғын үйлердің ортақ аумағын тиісті деңгейде ұстайды, ал тұрғындар өз тарапынан қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға атсалысады. Жаңа қағидалардың негізгі мақсаты да осы – жауапкершілікті нақты бөліп, елді мекендердің аумағын таза, қауіпсіз, қолжетімді және қолайлы ету.
Таза қала – бір күндік акция емес. Бұл – күнделікті мәдениет, ортақ тәртіп және әр азаматтың жауапкершілігі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясын жариялау да бүкіл ел болып таза аула мен қауіпсіз аймақ қалыптастыруды бастайтын бірден бір қағида болып саналады.
Осыған орай аудан халқын осы қағида талаптарын сақтауға және тазалықты өзімізден бастауды, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстауды насихаттап, саналы ұрпақ тәрбиелеуге шақырамын. Өйткені таза қала әрқайсымыздан басталады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА