Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Үй жануарларын ұстау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

0 42

Бүгінде үй жануарларын ұстау мәселесі қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Тараз қаласында ит пен мысық асырайтын тұрғындар саны аз емес. Бұл, бір жағынан, жануарларға деген қамқорлықтың, екінші жағынан, олардың күтімі мен қауіпсіздігіне жауапкершіліктің жоғары болуын талап етеді.

Үй жануарын асырау – үлкен жауапкершілік. Оны үйге әкелген сәттен бастап иесі жануардың денсаулығына, күтіміне, қауіпсіздігіне ғана емес, оның айналасындағы адамдарға және қоғамдық ортаға келтіруі мүмкін зиянның алдын алуға да жауапты.
Бүгінгі таңда бізге, ең алдымен, үй жануарларын ұстау мәдениетін қалыптастыру қажет. Өйткені заң талаптарын білу мен оны күнделікті өмірде сақтау – екі бөлек мәселе. Әрбір тұрғын өз міндетін түсінген жағдайда ғана қаладағы қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз етуге болады.
Қазақстан Республикасында үй жануарларын ұстау мен серуендетудің нақты тәртібі белгіленген. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес әзірленген Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидаларында көрсетілген. Қағидалар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №168 бұйрығымен бекітілген.
Қағидаларда үй жануарларын ұстау жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес болуы және табиғи қажеттіліктерінің қамтамасыз етілуге тиіс екені белгіленген. Сонымен бірге жануарлардың ауруларының профилактикасы, диагностикасы және емделуі ветеринария саласындағы заңнама талаптарына сай жүргізілуі қажет.
Ең маңыздысы, жануар иесі немесе жауапты адам адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмеуге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талапты орындау – әрбір үй жануары иесінің тікелей міндеті.
Қала жағдайында иттің қараусыз қалуы немесе көшеге өз бетінше шығуы түрлі жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан қағидаларда иттердің өздігінен серуендеуіне және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауына жол бермейтін жағдайларда ұсталуы қажеттігі көрсетілген. Мұндай жағдай болмаған кезде ит байлауда немесе үйшікте болуға тиіс. Осы қарапайым талаптың өзі көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ит серуендету – күнделікті қажеттілік. Алайда оны да белгіленген тәртіппен жүзеге асыру қажет. Қағидалардың 13-тармағына сәйкес, үй жануарларын серуендету кезінде адамдардың, басқа жануарлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі және адамдардың мүлкі жануар келтіруі мүмкін зияннан қорғалуға тиіс.
Қоғамдық орындарда ит 2 метрден аспайтын қарғыбауда болуы керек. Ал магистральдар маңындағы көшелерден өту кезінде үй жануарын 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алу қажет.
Бұл талаптар кейбір тұрғындарға ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ көшеде кенеттен жүгіріп кеткен иттің жол-көлік оқиғасына себеп болуы немесе айналадағы адамдарға қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан қарғыбау – жай ғана талап емес, қауіпсіздік құралы.
Ал ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларына қатысты талап бұдан да қатаң. Мұндай жануарларды, арнайы қоршалған аумақтарды қоспағанда, тұмылдырықсыз және 1,5 метрден ұзын қарғыбаумен серуендетуге болмайды.
Иттерді еркін серуендетуге тек арнайы бөлінген аумақтарда және иттерді серуендетуге арналған алаңдарда жол беріледі.
Балалар алаңы – жануар серуендететін орын емес. Тұрғындармен кездесулер мен күнделікті қала өмірінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – балалар ойнайтын аумақтардағы иттер.
Бұл ретте заңнамада нақты талап бар. Елді мекен аумағында мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорт және медициналық ұйымдардың, мәдениет ұйымдарының, балалар және спорттық ойын алаңдарының аумақтарында үй жануарларын серуендетуге жол берілмейді.
Бұл шектеу кездейсоқ енгізілген жоқ. Балалар алаңына келген ата-ана, ең алдымен, баласының қауіпсіздігін ойлайды. Ал жануар иесі өз кезегінде айналасындағылардың алаңсыз жүруіне жағдай жасауға міндетті.
Сондықтан ит иелерінен осы талапты ерекше сақтауды сұраймын. Балалар ойнайтын алаңдар – балалар үшін, ал үй жануарларын серуендету үшін арнайы белгіленген орындар осы мақсатқа арналған.
Сондай-ақ адамдар шомылатын аумақтарда, тоғандарда, фонтандар мен су қабылдағыштарда үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға жол берілмейді.
Қала тазалығы – әрқайсымызға байланысты. Үй жануарларын ұстау мәдениеті туралы сөз қозғағанда тазалық мәселесін айналып өтуге болмайды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, үй жануарының иесі немесе жауапты адам тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, кондоминиум объектілерінің және қоғамдық орындардың жануарлармен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге тиіс.
Тараз қаласының тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады.
Итін серуендетуге шыққан адам қоғамдық орынның тазалығын сақтауды да өзінің міндеті деп қабылдауы керек. Өйт- кені өз үйінің ауласын таза ұстағандай ортақ пайдаланатын аумаққа да дәл сондай жауапкершілікпен қарау – өркениетті қоғамның белгісі.
Жануарды қараусыз қалдыруға болмайды. Үй жануарын қандай да бір себеппен бұдан әрі асырай алмайтын жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ мұндай кезде жануарды көшеге шығарып жіберу мәселенің шешімі емес.
Қағидаларда үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейтіні нақты көрсетілген. Егер иесі жануарды уақытша қарай алмаса, оны панажайға уақытша орналастыруға, басқа адамға уақытша күтіп-бағуға беруге немесе зоологиялық жатынжайға орналастыруға тиіс.
Ал үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда оны орналастыру бойынша шара қабылдау қажет. Жануардан бас тарту иесінің міндетін бірден тоқтатпайды.
Бұл норманың маңызы өте зор. Себебі көшеге жіберілген үй жануары бір сәтте иесіз жануарға айналып, кейін адамдар мен басқа жануарларға қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан жануарды асырап алмас бұрын оның өмір бойғы күтіміне жауап бере алатынымызды ойлауымыз керек.
Арнайы орындар – қауіпсіз қаланың бір бөлігі. Үй жануарларын серуендетуге арналған арнайы орындардың болуы – қалалық инфрақұрылымның маңызды элементі.
Қағидалардың 18-тармағына сәйкес, үй жануарларын серуендетуге немесе өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Қажет болған жағдайда үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды да жергілікті атқарушы органдар жабдықтайды.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы (2026.19.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) Заңның 22-бабына сәйкес Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар:
1. Үй жануарларын серуендету жеке тұлғалардың және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін зиян келтіруден қорғау шартымен жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жануардың иесі және (немесе) жауапты адам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын сақтауға міндетті.
3. Иттердің өз бетінше серуендеуіне тыйым салынады.
4. Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады.
5. Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетуге тыйым салынады. Осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.
6. Он алты жасқа толмаған адамдарға жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.
Бұл бағытта тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары да маңызды. Біздің алдымыздағы міндет – бір тараптың ғана емес, барлық тұрғынның мүддесін ескеретін орта қалыптастыру. Жануар иелеріне қолайлы жағдай жасау да, балалар мен қарттардың, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де қатар жүруге тиіс.
Жауапкершілік – ортақ құндылық. Үй жануарларын ұстау мәселесінде мемлекет белгілеген талаптар бар. Бірақ кез келген заңның тиімділігі оны азаматтардың қаншалықты орындайтынына байланысты. Сондықтан тұрғындарды үй жануарларын ұстау және серуендету талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Итті қараусыз қалдырмау, қоғамдық орындарда қарғыбау пайдалану, қажетті жағдайда тұмылдырық тағу, балалар және спорт алаңдарына жануармен бармау, қоғамдық аумақтарды ластамау – қарапайым ғана талаптар. Бірақ осы қарапайым ережелерді барлығымыз бірге сақтасақ, қаламыздағы көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады.
Тараз – баршамызға ортақ қала. Оның қауіпсіздігі, тазалығы мен жайлылығы әрбір тұрғынның күнделікті жауапкершілігінен қалыптасады.
Үй жануарына қамқорлық жасау – оны асырап, тамақтандырумен ғана шектелмейді. Нағыз жауапкершілік – оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Қауіпсіз әрі таза Таразды қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Жанболат ТАҢАТАРОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.