Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Жерді тиімді пайдалану – қала дамуының негізі»

0 57

Жер мәселесі – қашанда ел өміріндегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Себебі жер – экономикалық ресурс қана емес, елді мекеннің өркендеуі мен әр азаматтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін құндылық. Ал осы саланың күнделікті жұмысы сырт көзге сансыз құжат пен нақты есептен құралғандай көрінгенімен, оның ар жағында мыңдаған адамның өтініші мен үміті жатыр. Осы орайда «Сәрсенбідегі сұхбат» айдары аясында Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежановпен Тараздың жер ресурстары, тұрғындардың жер алу мәселесі, қала аумағының кеңеюі және саладағы өзекті түйткілдер жайында әңгімелескен едік.

– Нұржан Балтабайұлы, биыл бөлім жерді тиімді пайдалану бағытында қандай жұмыстар атқарды?
– Жер қатынастары – үнемі назарда болатын, уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін сала. Өйткені қала аумағындағы әрбір жер телімі – Тараздың бүгінгі тынысы мен ертеңгі дамуының бір бөлшегі. Сондықтан біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – жердің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақылау.
Осы ретте жыл басынан бері өндірістік аймақта орналасқан, алайда бос жатқан немесе тиісті нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отыр- ған жер учаскелеріне жан-жақты зерделеу жүргізілді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес атқарылады. Әр жер телімінің жағдайы қаралып, жер пайдаланушылар туралы қажетті мәліметтер жинақталып, тиісті тізім қалыптастырылады. Анықталған деректер тоқсан сайын уәкілетті департаментке жолданып отырады.
2026 жылдың басынан бері осындай 16 жер учаскесі анықталып, олардың тізімі департаментке ұсынылды. Бұл – бір жолғы жұмыс емес. Қаланың жер қорын ұқыпты пайдалану үшін зерделеу шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
Жердің экономикалық әлеуеті де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысы бойынша жерді жеке меншікке сату және жер учаскелерін жалға беру құқығын сатудан жергілікті бюджетке қомақты қаражат түсті. Атап айтқанда, 303101 коды бойынша 428 853,5 мың теңге, ал 303202 коды бойынша 347 042,5 мың теңге бюджет кірісіне бағытталды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік мақсаттағы мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін аукцион арқылы өткізу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Заң талаптарына сәйкес, аукциондар электрондық форматта, мемлекеттік мүлік тізілімінің бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.
Біздің мақсатымыз – жерді жай ғана есепте ұстап отыру емес, оның қала дамуына қызмет етуіне жағдай жасау. Бос жатқан жердің әрқайсысы игерілсе, жаңа нысанға, жаңа жұмыс орнына, қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын мүмкіндікке айналуы мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз.
– Жер учаскелерін аукцион арқылы өткізу жайына толыққанды тоқталсаңыз…
– Жер – қаланың дамуына тікелей әсер ететін маңызды ресурс. Сондықтан мемлекеттік меншіктегі, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болатын жер учаскелерін ашық әрі заң талаптарына сай айналымға енгізу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.
2026 жылға жоспарланған жұмыстарға сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі «E-Qazyna» мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы 8 аукцион өткізді. Қаңтар-шілде айлары аралығында жалпы 33 жер учаскесі аукционға шығарылып, соның ішінде жалпы көлемі 3,4656 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі сауда-саттық нәтижесінде сатылды.
Бұл аукциондардан түскен жалпы түсім 220 669 749 теңгені құрады. Яғни, бұл қаражаттың барлығы жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аукционның электрондық форматта өтуі сауда-саттықтың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Заң талаптарына сәйкес, аукционда жеңімпаз атанған қатысушы элект- рондық аукцион өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бастапқы 50 пайыз жарнасын төлеуге тиіс. Ал қалған соманы аукцион шарттарына сәйкес бір ай мерзім ішінде өтеуі қажет.
Біз үшін аукционның санынан бұрын оның ашық әрі заңды өтуі маңызды. Себебі жер мәселесінде ашықтық пен әділдікке қойылатын талап әрдайым жоғары.
– Тұрғындардан жерге қатысты қанша өтініш түседі? Азаматтардың талап-тілегін қарау жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Жер мәселесі – халықты бейжай қалдырмайтын тақырып. Себебі жер – кез келген отбасы үшін баспана тұрғызатын орын ғана емес, кей жағдайда кәсіп бастауға, еңбек етуге мүмкіндік беретін негізгі ресурс. Сондықтан азаматтардың жерге қатысты әрбір өтінішінің артында белгілі бір мәселе, кейде жылдар бойы күткен үміт тұратынын жақсы түсінеміз.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында жер қатынастары саласы бойынша 2 776 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Барлық өтініштер электронды форматта – «Е-лицензиялау», «Е-өтініш», Zhambyl АРМ ЕГКН жүйелері арқылы қабылданып, қаралады.
Ал жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан жер мәселесіне қатысты «Е-өтініш» жүйесіне 2 850 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 2 620 өтініш қаралып, белгіленген мерзімдерге сәйкес азаматтарға тиісті жауаптар берілді.
Сонымен қатар есепті кезеңде жер қатынастары саласына қатысты Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 1 860 қаулы қабылданды. Бұл көрсеткіштің өзі жер мәселесінің қаншалықты ауқымды әрі жауапты бағыт екенін аңғартады.
– Тараздықтарды көптен бері толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі – жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегі. Қазіргі таңда кезекте қанша азамат бар?
– Иә, бұл – тұрғындар жиі көтеретін мәселелердің бірі. Жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегі жылдар бойы қалыптасып келе жатқанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
Бүгінде Тараз қаласының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға ниетті азаматтар Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) автоматтандырылған жүйесінде тіркеледі. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін осы жүйеде 130 569 азамат жер кезегіне тіркелген.
Әрине, бұл – үлкен көрсеткіш. Сондықтан жер кезегіне қатысты мәселе тек бүгін емес, ұзақмерзімді жоспарлауды қажет ететін маңыз- ды бағыт. Мұнда ең бастысы – заң талаптарын сақтау, кезектің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтарға нақты әрі түсінікті ақпарат беру. Жер мәселесінде асығыс- тыққа да, немқұрайлылыққа да жол беруге болмайды. Өйткені әрбір шешімнің артында қала дамуы, тұрғындардың мүддесі және заң талабы тұр. Біздің міндет – осы үш талаптың арасындағы тепе-теңдікті сақтап, жер ресурстарын қала игілігіне барынша тиімді пайдалану.
– Тараз қаласының аумағының кеңеюі жер қатынастары саласына қандай өзгерістер әкелді? Қала шекарасына қосылған аумақтарды игеру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қала аумағына 14 елді мекеннің қосылуына байланысты Тараздың жер көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Бұған дейін шамамен 18 мың гектарды құраған қала аумағы бүгінде 33 мың гектарға жуықтады. Бұл, өз кезегінде, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеп, қосылған аумақтарды түгендеу, жер телімдерінің құқықтық мәртебесін айқындау және оларды тиімді игеру жұмыстарын күшейтуді талап етті.
Қаланың аумағының кеңеюі, ең алдымен, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеді. Бұрын ауылдық елді мекендерге тиесілі болған аумақтар қала құрамына енгеннен кейін, ондағы жер телімдерінің құқықтық мәртебесін нақтылау, оларды есепке алу, нысаналы мақсатын айқындау және қала құрылысының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Бұл – бір күнде шешілетін шаруа емес. Қала шекарасы кеңейген сайын жер қорын түгендеу, бос және пайдаланылмай жатқан учаскелерді анықтау, жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді нақтылау секілді жұмыстардың көлемі де артады. Сондықтан біз үшін жаңа аумақтарды жай ғана қала құрамына қосу емес, оларды жүйелі түрде игеру маңызды.
Қосылған аумақтар бойынша жер учаскелерінің қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, олардың құқықтық және кадастрлық мәліметтері зерделенуде. Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуы, бос жатқан учаскелердің бар-жоғы және оларды алдағы уақытта тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қаланың шеті деген ұғым бірте-бірте өзгеріп келеді. Бүгінде кеше ғана шеткері саналған аумақтар Тараздың болашақ даму кеңістігіне айналып отыр. Ол жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы орналасуы мүмкін. Сондықтан әрбір жер теліміне қатысты шешім қабылдағанда оның бүгінгі ғана емес, ертеңгі қаланың келбетіне әсерін де ескеруге тиіспіз.
Біздің түпкі мақсатымыз – кеңейген аумақтарды ретсіз емес, жоспарлы түрде игеру. Жерді тиімді пайдалану, азаматтардың құқықтарын сақтау және қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына қажетті жер қорын қалыптастыру – осы бағыттағы негізгі ұстанымымыз. Өйткені Тараздың аумағы кеңейген сайын оның мүмкіндігі де арта түседі. Ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – бүгін қабылданатын шешімдердің сапасына байланысты.
– Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін 10 сотық жерге қатысты азаматтар арасында түрлі пікір бар. Жалпы, мұндай жер алуға кімнің құқығы бар, кезекке тұру тәртібі қандай және жер учаскесі азаматтың меншігіне қашан өтеді? Сонымен қатар жерді белгіленген мерзімде игермеген жағдайда қандай талаптар қарас- тырылған?
– 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін тегін ала алады. Бұл ретте сізде жылжымайтын мүлік – пәтер, үй, гараж, жер учаскесі бар-жоғы маңызды емес. Дегенмен, азаматтар тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаннан кейін ғана жер иесі атанады.
Жерді Қазақстанның кез келген өңірінен алуға болады. Ол үшін тұрғылықты жердің және тұрғылықты жер бойынша тіркеудің қажеттілігі жоқ.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар кезекке онлайн тұра алады. Ол үшін компьютер және ЭЦҚ-кілт қажет. Ары қарай электрондық үкімет порталына өтіп, осы қызмет атауын іздеу жүйесіне енгізуге болады немесе «Жылжымайтын мүлік», «Жер қатынастары» бөлімінде, «Жекеменшік тұрғын үй салуға немесе жер телімін алуға жер телімін қарау немесе алу үшін кезекке қою» қызметін таңдауға болады.
Бастапқыда үй салынып, пайдалануға берілгенге дейін учаске уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Шартта игеру мерзімі көрсетіледі. Оны жергілікті әкімдік анықтайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін ғана меншік иесі бола аласыз.
Уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікті сатуға өкілеттік бермейді. Нысанды сату үшін, ең алдымен, оны меншікке беру керек. Мұны тек үй салу арқылы жасауға болады. Заң бойынша егер жер учаскесі шартта көрсетілген мерзім ішінде өз мақсаты бойынша пайдаланылмаса, жер қайтадан мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жер кезегін өткізіп алған тұрғындарға әкімнің тұрғын үй үшін жер учаскесін табыстау туралы шешімдері қабылданған жағдайда қайта кезектілікке қоя алмайды. Егер жер учаскесін табыстау туралы шешім қабылданбаса, кез келген азаматтың қайтадан кезектілікке тұруына мүмкіндігі бар.
– Жеке тұрғын үй салуға жер алу кезегінде тұрған азаматтардың саны көп екені белгілі. Осы мәселені шешу үшін қалада жаңа тұрғын алқаптарды қалыптастыру және инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Ал азаматтарға жер телімдерін қашан және қандай тәртіппен беру жоспарланған?
– Жер кезегіне қатысты мәліметтер жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының автоматтандырылған жүйесінде сақталады. Осы деректерге сәйкес, 2005 жылдан бері Тараз қаласы бойынша жалпы саны 130 359 азамат жеке тұрғын үй салуға жер алу кезегіне тіркелген. Кезектегі адамдардың көптігі қала аумағын тиісті деңгейде дайындауды, жаңа алқаптарды қалыптастыруды және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жеткізуді талап етеді.
Осыған байланысты соңғы жылдары Тараз қаласында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаланың Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарына сай, А.Асқаров көшесінің соңында және «Хамукат» алқабында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аумақтарды ашу үшін бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жерлер мемлекет мұқтажы үшін толықтай қайтарылды. Қазіргі таңда бұл жерлерде инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары жедел қарқынмен жүзеге асуда. А.Асқаров көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптың жалпы аумағы 368,3 гектар, оның ішінде 46,4 гектар аумақ жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелер ретінде белгіленген. Ал жалпы ауданы 125 гектарды құрайтын «Хамукат» алқабында да су, электр, жол және басқа да инженерлік желілерді тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым жүргізу толық аяқталғаннан кейін жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелер кезек тәртібімен азаматтарға берілмек. Атап айтқанда, «Хамукат» алқабынан – 524, ал А.Асқаров көшесінің соңындағы аумақтан 341 жер учаскесін 2006 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға реттілігіне сәйкес табыстау жоспарланып отыр.
– Нұржан Балтабайұлы, 2005 жылдан бері 21 жыл уақыт өтті. Соған қарамастан, Тараздағы жер кезегі бүгінде 2006 жылы тіркелген азаматтарға ғана жеткен. Кезекте 130 мыңнан астам адам тұр. Бұл цифрлар тұрғындарды «Бүгін жер кезегіне тұрудың қажеті бар ма?» деген заңды сұраққа жетелейді. Жаңа кезекке тұрған азаматтардың жер алу мүмкіндігі қандай және бұл мәселенің шешімі қашан көрінеді?
– Бұл мәселені бір ғана санмен бағалау дұрыс болмас еді. Жер кезегінің қалыптасу тарихы, азаматтардың құжаттарының әзірлігі және нақты жер учаскелерінің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі қатар ескеріледі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдан бері Тараз қаласындағы «Шаңырақ» алқабынан – 1 332, «Құмшағал» алқабынан – 1 200, ал «Ұлы дала» шағынауданынан 1 мыңнан астам жер учаскесі азаматтарға берілді. Ал 2006 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жер кезегіне тіркелген азаматтардың бір бөлігіне 2022-2023 жылдары жер учаскелері табысталды. Бұл ретте азаматтардың жер алу процесінде хабардар болуы да маңызды. Сол кезеңде шамамен 4 мың азаматқа хабарлама беріліп, оның ішінде талапқа сай құжаттарын рәсімдеген 1 460 азаматқа жер учаскесі берілді. Бұл тұста айта кететін жайт, 2006 жылғы азаматтардың өзіне жер беру мәселесі кемі 7 жылсыз шешілмейді.
Әрине, бұл жерде бірқатар қиындықтар да бар. Кей жағдайда азаматтардың құжаттары толық рәсімделмеген немесе заң талаптарына сәйкес келмейтін мәселелер кездеседі. Мұндай жағдайлар жерді бірден табыстауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, заңнамада белгіленген талаптар шеңберінде бөлім тарапынан қажетті жағдайлар жасалып, азаматтарға тиісті түсіндіру жұмыс- тары жүргізіледі.
Тағы бір маңызды жайт – кезегі келгенімен, қандай да бір себеппен жер учаскесін ала алмаған азамат автоматты түрде кезектен шығарылмайды. Яғни кезектің өтіп кетуі азаматтың жер алу құқығынан айырылғанын білдірмейді. Оның кезектегі орны сақталады және заңда белгіленген тәртіппен жер учаскесі берілген кезде бұл азаматтың мәселесі қайта қаралады.
Біздің міндет – жерді кезек тәртібімен, заң талаптарын сақтай отырып беру. Сондықтан бұл процесте азаматтың құжатының дұрыс- тығынан бастап, жер телімінің дайын болуына дейінгі барлық талаптың орындалуы маңызды. Біз үшін кезекте тұрған әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Алдағы уақытта да жер мәселесіне қатысты жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.