Тараздың тағылымды тарихы мен тау тұлғалары тоғысқан қасиетті қара шаңырақтың бірі – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі. Ғасырдан астам уақыттан бері ұстаздық жолды таңдаған мыңдаған жастың қанатын қатайтып, білім мен тәрбиенің шамын жағып келе жатқан оқу орнының шежіресі 1920 жылдан бастау алады. Ал осы бір ғасырдан астам тарихтың қатпарларында Алаштың ардақты азаматы, қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың да ізі қалған.
1926 жылы Шымкенттегі педагогикалық техникумның тізгінін ұстаған Жүсіпбек Аймауытов білім ордасын үш жыл басқарған. Арада бір ғасыр уақыт өтсе де оның есімі осы қара шаңырақтың тарихымен сабақтасып, бүгінгі ұрпаққа ұран һәм аманат болып жетіп отыр. 106 жылдық тарихында колледжді 13 директор басқарса, сол он үш басшының үшіншісі – Жүсіпбек Аймауытов.
Ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңді бастан өткерген колледждің шежіресі мен бүгінгі білім ордасының тыныс-тіршілігі хақында білмек мақсатпен колледж директоры Саясат Есеевпен жұмада жүздесіп, әңгіме өрбіткен едік.
– Саясат Керімбекұлы, міне, жаңа оқу жылы да басталды. Бұл кезеңге оқу орындары әртүрлі бағыт-бағдармен келеді. Өзіңіз басқарып отырған білім ордасы жаңа оқу жылын қандай жаңашылдықтармен бастады?
– Бүгінде Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі – өзінің ғасырдан астамдық тарихы мен қалыптасқан дәстүрін заманауи білім беру талаптарымен ұштастырып отыр- ған бірегей оқу орындарының бірі. Колледж 1920 жылы құрылған. Содан бері педагогика мен өнер саласына қажетті білікті мамандар даярлап, өңірдің білім беру және мәдениет саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Қазіргі таңда колледжде 1 108 студент 11 мамандық бойынша білім алуда. Оларға 213 педагог сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп келеді. Біздің басты ерекшелігіміздің бірі – маман даярлауда ғасырдан астам уақыт бойы қалыптасқан мол тәжірибеміздің болуы. Осы жылдар ішінде колледж талай буын ұстаздар мен өнер мамандарын тәрбиелеп шығарды. Біз дәстүрлі білім беру мектебін сақтай отырып, оны бүгінгі заман талабына сай жетілдіруге басымдық беріп келеміз.
Білім ордасы облыста педагогикалық бағыттағы «тірек колледж» мәртебесіне ие. Әсіресе, «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығы өңірдегі сұранысы жоғары, өзіндік «бренд» мамандықтардың біріне айналды. Сонымен қатар көптілді білім беру жүйесіне бейімделген педагог кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді.
Білім беру үдерісіне заманауи технологиялар мен жаңа әдістемелер де кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда, модульдік және дуальды оқыту жүйе- лері, сингапурлық оқыту әдістемелері қолданысқа енгізілген. Мұның барлығы студенттердің тек теориялық білім алуына ғана емес, алған білімін тәжірибеде тиімді қолдануына мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды артықшылығымыз – білім алудың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тегін жүзеге асырылуы. Студенттерге шәкіртақы төленеді. Әлеуметтік санатқа жататын білім алушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аз қамтамасыз етілген отбасының балаларын киім-кешекпен қамтып, ауылдан қатынайтын студенттерге жылына 2 рет жолақысын төлеп береміз. Яғни, біз үшін сапалы білім берумен қатар, студентке қолайлы әлеу- меттік жағдай жасау да маңызды. Сонымен қатар студенттерге жатақхана да қарастырылған.
Бүгінде колледжде педагогикалық және өнер бағыттары бойынша мамандар даярланады. Педагогикалық бағытта бастауыш білім беру мұғалімдері, шетел тілі мұғалімдері, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының тәрбиешілері, музыка және информатика мұғалімдері оқытылады.
Ал өнер бағыты бойынша би ансамб- лінің әртісі, көркемөнер бұйымдарын дайындаушы, сәндік-қолданбалы өнер суретшісі, драма театрының артисі, сөз сөйлеу жанрының артисі, концертмейстер, оркестр артисі, хормейстер, сондай-ақ академиялық, дәстүрлі және эстрадалық ән салу бағыттары бойынша өнер мамандары білім алады.
Бір сөзбен айтқанда, колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі – өткеннің өнегесі мен бүгінгі жаңашылдықтың сабақтастығы. Ғасырдан астам тарихы бар білім ордасының басты мақсаты – заман талабына сай білікті маман даярлау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел болашағына қызмет ететін жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру.
– Бүгінгі студентке тек білім беру жеткіліксіз. Оның кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылық және рухани тұрғыдан дамуына да жағдай қажет. Осы бағытта колледжде қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Қазіргі білім беру жүйесінде сапалы маман даярлау үшін білікті педагогпен қатар, заманауи материалдық-техникалық база да аса маңызды. Осы бағытта колледжіміздің мүмкіндігі жыл санап кеңейіп келеді. Бүгінде оқу орнының білім алушылары үшін барлық қажетті жағдай жасалған, оқу кабинеттері мен зертханалар заман талабына сай жабдықталған.
Колледжде 13 шеберхана, 3 зертхана, 130 оқу кабинеті және 161 компьютер бар. Бұл – студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштас- тырып, кәсіби дағдыларын қалыптас- тыруына мүмкіндік беретін маңызды база. Әсіресе, педагогикалық мамандықтарда білім алатын жастар үшін заманауи технологиялармен жұмыс істеу, тәжірибелік сабақтарды жаңа әдістермен өткізу аса маңызды.
Сонымен қатар колледж қабырғасында білім мен ізденісті, руханият пен шығармашылықты ұштастыратын арнайы орталықтар жұмыс істейді. Солардың қатарында «Абайтану орталығы», «Руханият орталығы», «Қолдау орталығы» және кітапхана бар. Бұл орталықтар студенттердің тек кәсіби маман ретінде емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, рухани дүниесі бай тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Бұдан бөлек, жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беретін «StartProfi-Zhambyl» кәсіби бағдар беру алаңы жұмыс істейді. Мұнда талапкерлер мен студенттерге мамандық таңдауға, кәсіби мүмкіндіктерін бағалауға және еңбек нарығындағы сұранысты түсінуге қажетті бағыт-бағдар беріледі.
Жоғары білім беру ұйымдарымен байланысымызды да жүйелі түрде дамытып келеміз. Колледжімізде Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің «Педагогика, психология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Бұл, өз кезегінде, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыруға, жоғары оқу орнымен тәжірибе алмасуға және білім беру сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Басшылық қызметке келгеннен бері оқу кабинеттерін жаңарту, студенттерге тәжірибе жүзінде білім алуға жағдай жасау бағытында біраз жұмыс атқарылды. Осы уақыт ішінде 11 жаңа оқу кабинетін аштық. Негізгі мақсатымыз – студент алған теориялық білімін практикада қолдана алуына мүмкіндік жасау.
Соның ішінде «Ұста» кластерін ерекше атап өтуге болады. Бұл жерде студенттер ағашпен, темірмен жұмыс істеуді, графикалық жазуларды орындауды тәжірибе жүзінде үйренеді. Бұрын бұл орын автотұрақ болатын. Кейін оны студенттердің қажетіне бейімдеп, оқу бөлмесі ретінде жабдықтадық. Қазір жастар осында сабақтан алған білімдерін тәжірибеде бекітіп, түрлі жұмыстарды өз қолдарымен жасап үйреніп жүр.
Біз үшін ең маңыздысы – студентке жағдай жасау. Қандай мамандықта білім алса да оның теориямен шектелмей, өз ісін тәжірибе арқылы меңгергенін қалаймыз. Сондықтан алдағы уақытта да оқу кабинеттерін жаңарту, жаңа мүмкіндіктер ашу жұмыстарын жалғастыра береміз.
– Педагогикалық колледж дегенде көзімізге өнерлі, талантты студенттер шоғыры келеді. Оқу ордасында білім алушылар мен ұстаздардың жетістіктеріне тоқталып кетсеңіз…
– Колледждің жетістігін айтқанда, ең алдымен, осы жерде еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз бен білім алып жатқан студенттеріміздің еңбегін атап өткен жөн. Соңғы жылдары жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Колледжіміз «Үздік колледж-2019» және «Үздік колледж-2023» байқауларының жеңімпазы атанды. Ал 2025 жылы колледжіміздің төрт студенті «Үздік 100 студент» қатарына енді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі ұжымға артылған жауапкершілік жүгі.
Студенттеріміздің республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда да жетістіктері аз емес. Мәселен, «WorldSkillsKazakhstan-2022» чемпио- натында «Кіші сыныптарды оқыту» құзыреттілігі бойынша жүлделі III орын иелендік. Ал биыл Ақтау қаласында өткен «DalaSkills-2026» респуб- ликалық кәсіби шеберлік біріншілігінде студенттеріміз «Ұлттық былғары қолөнері» және «Киіз өнері» құзыреттері бойынша I орын алды. Бұл жерде студенттердің өз еңбегімен қатар, оларды дайындаған ұстаздардың еңбегін де ерекше атап өткен жөн.
Өнер бағытындағы студенттеріміз де түрлі республикалық байқауларда колледждің мерейін үстем етіп келеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен республикалық кіші олимпиадада студенттеріміз II және III дәрежелі дипломдарға ие болды. Ақтөбеде қаласында түндігін түрген «ЖасSTAR» республикалық өнер байқау- фестивалінде де білімгерлеріміз бірнеше номинация бойынша I дәрежелі дипломдармен марапатталды. «TuranFest» байқауында да студенттеріміз жүлделі орындарға ие болды. Мұндай жоғары көрсеткіштер өнер бөліміндегі ұстаздар мен студенттердің терең ізденісін көрсетеді.
Ұстаздарымыздың жетістіктері де жетерлік. Ерекше атап өтерлігі, респуб- ликалық «Үздік педагог-2025» байқауында оқытушымыз Айжан Баялиева жүзден жүйрік шықты. Бұған дейін Сандуғаш Наметқұлова «2017 жылдың үздік педагогы» атағын иеленген болатын. Ал облыстық «Үздік педагог-2025» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ғалия Шалибекова жүлдегер атанып, «Үздік педагог» төсбелгісімен, дипломмен және ақшалай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар Н.Асанова мен Р.Тағашбаева да облыстық «Үздік педагог» байқауларында жүлделі орындардан көрінді.
Ұстаздарымыздың еңбегі өзге де марапаттармен бағаланып келеді. Мәселен, Мейрамкүл Маемырова, Забира Серикова және Мадина Есіркепова «Жамбыл облысының білім саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал М.Тойынбекова «EduTech Ustaz – Білім мен технология тоғысындағы ұстаз» республикалық конкурсында III орын иеленді. Арнайы пән оқытушысы Забида Худатаева Астана қаласында өткен «Мұғалім Talks» кейс платформасының екінші отырысына қатысып, білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен құрметтелді.
Колледжде студенттеріміздің тек кәсіби және шығармашылық қабілетін ғана емес, зияткерлік әлеуетін дамытуға да жіті көңіл бөлеміз. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткен «Ой шебері» зияткерлік ойынында студенттеріміз III лигада I орын алып, жеңімпаз атанды. Бұл жетістіктердің әрқайсысының артында үлкен еңбек жатыр. Бір студенттің сахнаға шығып жүлде алуының немесе республикалық байқауда топ жаруының артында оны дайындаған ұстаздың еңбегі, ата-ананың қолдауы және студенттің өз талпынысы тұрады. Сондықтан біз үшін марапаттың өзінен бұрын, сол нәтижеге жеткізген еңбек пен ізденіс маңызды.
Біздің мақсатымыз – осындай мүмкіндіктерді көбейтіп, колледж студенттерінің білімде де, өнерде де, кәсіби шеберлікте де өз биігін бағындыруына жағдай жасау.
– Білім ордасында маман тапшылығы бар ма?
Кадр мәселесіне келсек, біздің оқу орны тарихта алғаш рет зейнеткер ұстаздарды құрметті еңбек демалысына жіберіп, биыл жас мамандармен толықты. Әсіресе, өнер бағытында тәжірибелі мамандар біздің ұжымның қатарына қосылды. Осы жұмыс- тың арқасында бүгінде бізде маман тапшылығы жоқ.
Оқу орнын бітірген студенттердің 80 пайызы жоғары оқу орнына түсіп, жұмысқа да орналасады. Мәселен, былтыр диплом алған маманымыздың тура сол күні жұмысқа орналасқан кезі болды. Сондықтан мамандығын жіті меңгерген маманға «екі қолға бір күрек» табылады.
– Қазіргі білім кеңістігі шекарамен шектелмейді. Озық тәжірибені меңгеру, халықаралық әріптестік орнату – білім сапасын арттырудың қайнар көзі. Осы тұрғыдан алғанда колледж қай елдермен халықаралық байланыс орнатып, сыртқы әріптестікті нығайтуда?
– Қазіргі таңда білім беру саласында өзге елдердің тәжірибесін зерделеу, озық әдістемелерді өз жүйемізге бейімдеу кең үрдіс алып келеді. Осы бағытта колледжіміз Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея және Түркия елдерімен әріптестік байланыс орнатып, халықаралық тәжірибе алмасуға ерекше ден қоюда.
Әр мемлекеттің біз үйренетін өз ерекшелігі бар. Мәселен, Сингапурдың білім беру жүйесі біздің жұмыс бағытымызбен көп тұста ұштасады. Әсіресе, мұғалім даярлау, оқыту әдіс- темесі, практикалық білім беру мәселелерінде олардың тәжірибесі біз үшін маңызды. Сондықтан колледжде модульдік және дуальды оқыту жүйелері, сондай-ақ сингапурлық оқыту әдістемелерін қолданысқа енгіздік.
Ал Қытай мемлекетін алсақ, бүгінде бұл ел жасанды интеллект пен жаңа технологияларды білім беру үдерісіне енгізу жағынан өте қарқынды дамып келеді. Осы мүмкіндіктерді көріп, тәжірибесін зерделеу үшін Қытайға өзіммен бірге ұстаздарымыз да тәжірибе алмасуға барды. Ондағы білім беру орындарының жұмысымен танысып, жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолдану, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану бағыттарында мол тәжірибе жинадық.
Бұл сапарлардың біз үшін маңызы зор, себебі халықаралық тәжірибені сырттай бақылап қана қою жеткіліксіз, оның тиімді тұстарын өз көзімізбен көріп, мамандармен пікір алмасып, колледж жағдайында қалай пайдалануға болатынын саралау керек. Сол себепті халықаралық байланыстарды біз жай ғана ресми әріптестік ретінде емес, нақты тәжірибе мен кәсіби дамудың мүмкіндігі ретінде қарастырамыз.
Оңтүстік Корея және Түркия елдерімен де осы бағыттағы байланыстарымызды дамытып келеміз. Алдағы уақытта бұл әріптестікті кеңейтіп, педагогтардың тәжірибе алмасуына, студенттердің халықаралық білім беру кеңістігімен танысуына мүмкіндік беретін жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
– Білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі – бала қауіпсіздігі. Сондай-ақ жасөспірімдердің бұзақылығы да алаңдатпай қоймайды. Сіздің ойыңызша, осы олқылықтың орнын қалай толтырсақ болады?
– Бұл мәселеге бір ғана себеппен немесе бір ғана тәсілмен қарауға болмайды. Себебі әр баланың мінезі, тәрбиесі, отбасылық жағдайы мен психология- лық ерекшелігі әртүрлі. Сондықтан біз, ең алдымен, әр студентке жеке тұлға ретінде қарауымыз керек.
Біз үшін баланы тек бақылау немесе тәртібін қадағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы, оның қандай да бір әрекетке баруына не себеп болғанын түсіну. Кейде баланың дөрекілігі немесе тәртіп бұзуының артында отбасындағы жағдай, психологиялық күйзеліс, жалғыздық немесе өзге де мәселе тұруы мүмкін. Сондықтан біз бірден жазалауға немесе кінәлауға асықпауымыз керек.
Мұндай жағдайда колледждегі мамандардың бірлескен жұмысы өте маңызды. Біз психологпен, педагог- ұйымдастырушымен, топ жетекшісімен және пән мұғалімдерімен бірге жұмыс істейміз. Әр маман өз тарапынан баламен сөйлесіп, оның жағдайын зерделейді. Содан кейін ғана ортақ шешім қабылдаймыз.
Біздің ұстанымымыз – баланың ойы мен көкейінде тұрған түйткілдің түйінін тауып, тарқату. Тәртіп бұзған әр баланы «бұзық» деп қабылдау дұрыс емес. Мәселен, біздің колледж ішінде есепте 6 бала тұр. Біз ұжым болып жабыла жұмыс істеп, әр дүйсенбі күні өтетін жиында олардың мінез-құлқындағы, тәртібіндегі өзгерістер бойынша баға береміз. Осындай жүйелі жұмыс- тың арқасында бір студенттің суицидке бейім екенін анықтап, ол жайында ата-анасына хабар бердік.
Осы тұста бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне ерекше тоқталғым келеді. Баланың өмірі мен тәрбиесіне тікелей жауапты – ең алдымен, ата-ана. Біз – білім беретін ордамыз. Оқу орындары баланың өмірлік жолының бағыт-бағдарын айқындап, тәртібін бақылап, қажет кезде қолдау көрсетеді. Бірақ отбасындағы тәрбиені толықтай білім беру ұйымына жүктеу дұрыс емес.
Мемлекет басшысы да өз сөзінде отбасында болған қылмысқа педагогтарды кінәлауға болмайтынын нақты атап өтті. Бұл ата-ана мен білім беру ұйымының жауапкершілік шекарасын дұрыс түсінудің маңыздылығын көрсетеді.
Кейде біз баланың бағасына, сабаққа қатысуына немесе тәртібіне ғана мән береміз де, оның ішкі жан дүниесіне үңілуге уақыт таппай жатамыз. Ал шын мәнінде, баланың көңіл күйіндегі өзгерісті дер кезінде байқау көптеген мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағытта ата-ана, колледж, психолог, педагог және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Балаға жауапкершілікпен қарау оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден ғана емес, оның жанын түсінуден басталады.
– Саясат Керімбекұлы, осы уақытқа дейінгі еңбек жолыңызға сырт көзбен қарасаңыз, өзіңіздің туралы бір сөйлеммен қандай қорытынды жасар едіңіз?
– Осы уақытқа дейінгі жетістіктеріме өзім баға беру, әрине, оңай емес. Адам өзінің еңбегіне өзі сын көзбен қарауы керек деп ойлаймын. Дегенмен, білім саласында 2003 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман ретінде осы жылдар ішінде атқарған жұмыстарымның нәтижесіне қанағаттанамын. Еңбек жолымды Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетті «Информатика» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін бастадым. Университетті бітірген соң туған жерім – Жамбыл ауданына барып, мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрдым. Ол кезеңде информатика саласы енді ғана қалыптасып келе жатқан уақыт еді. Мектептерде компьютер өте тапшы болатын. Бізге небәрі бір компьютер берілген кездер болғаны әлі есімде. Соған қарамастан сол мүмкіндікті пайдаланып, оқушыларға компьютер тілін үйретуге тырыстық.
Ол кезде компьютер тек мектеп оқушылары үшін емес, мектеп әкімшілігінің өзіне де жаңалық еді. Құжаттарды компьютерде теру, ақпаратты электрондық түрде дайындау сияқты жұмыстарды енді үйреніп жатқан кезең болатын. Осы бағытта еңбек ете жүріп, кейін білім бөліміне ауыстым. Жамбыл аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп, одан кейін білім басқармасына қарасты мекемелерде қызмет атқардым. Кейін Тараз қалалық білім бөлімін басқару, колледж басшылығы сияқты түрлі қызметтерде еңбек етуге мүмкіндік туды. Қазір, міне, үшінші колледжде басшылық қызмет атқарып отырмын.
Әр жұмыс орнымның өз тарихы, өз жемісі бар. Мысалы, Құлан агротехникалық колледжін басқарған кезімде оқу орнының мәртебесін көтеріп, Құлан ауыл шаруашылық колледжіне «жоғары колледж» мәртебесін алуға күш салдық. Сонымен қатар колледждерді біріктіру мәселесі де сол кезеңде жүзеге асты. Бұл жұмыстардың барлығы колледждің білім беру мүмкіндігін кеңейтіп, студенттер контингентін сақтап қалуға бағытталды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына маман даярлау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Университеттермен, басқа да білім беру ұйымдарымен байланыс орнатып, мамандар даярлау сапасын арттыруға көңіл бөлдік.
Кейін Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде қызмет атқардым. Ол жерде де материалдық базаны жақсарту, оқу кабинеттерін жаңарту жұмыстарымен қатар, ұлттық тәрбиеге ерекше мән бердік. Осы мақсатпен ұлттық бағыттағы арнайы кабинет аштық. Біздің ойымыз – техникалық маман даярлаумен ғана шектелмей, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру болды.
Ал Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы болған кезеңде қазақ тілінде білім алатын сыныптарды көбейту мәселесіне айрықша көңіл бөлдік. Бұл да оңай шаруа болған жоқ. Өйткені қаладағы кейбір мектептерде қазақ балаларының саны аз болғандықтан, қазақ сыныптарын ашуға мүмкіндік болмайтын жағдайлар кездесті. Қазақ балалары басқа мектептерге ауысуға мәжбүр болды. Сондықтан біз сол мектептердің бірінде қазақ сыныбын ашу мәселесін көтердік. Нәтижесінде бұрын өзбек тілінде білім беретін мектеп аралас тілде оқытатын мектеп мәртебесіне ауысып, қазақ сыныптары ашыла бастады. Бұл мен үшін қызметтік жетістіктен гөрі, қоғамға, елге қажетті істің бірі болды деп ойлаймын. Себебі білім беру саласында атқаратын жұмыстың ең үлкен нәтижесі қанша марапат алғаның емес, балаға қандай мүмкіндік жасағаның, елдің болашағына қандай үлес қосқаның деп түсінемін.
Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне басшылыққа келгелі Назарбаев зияткерлік мектебіне және «Білім-инновация» ұлдар лицейіне студенттерді тәжірибеден өткізуді қолға алдық. Бұл жерде ағылшын тілінің деңгейін көтеріп, біздің де студенттердің мүмкіндігін көрсеттік. Колледжде факультативтік сабақтарды да аштық.
Мен жаңашылдықтан және өзгеріс- терден қорықпаймын. Сондай-ақ қайда қызметке тағайындаса да командамен жүретін басшы емеспін. Қай міндетті жүктесе де сол салада аянбай еңбек етуге барымды саламын.
– Саясат Керімбекұлы, тұщымды ойларыңыз бен сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет. Жұмыстарыңызға жеміс, бастамаларыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА