Жиырма жыл – бір қарағанда уақыт өлшемі ғана. Ал білім ордасы үшін бұл – талай тағдырдың тоғысқан, мыңдаған жастың арманын қанаттандыр- ған, ұстаздардың маңдай терімен жазылған тұтас бір тарих. Тараздағы «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі де осы жылдар ішінде талай белесті еңсеріп, өзіндік білім беру дәстүрін қалыптастырды. Бүгінде мұнда мыңға жуық студент білім алып, еңбек нарығына қажетті мамандықтарды меңгеруде.
Бір кездері оқу жылын санаулы студентпен бастаған колледждің бүгінгі деңгейге жету жолы да оңай болған жоқ. Сыннан шыңдалып, ізденіспен тәжірибе жинаған білім ордасы бүгінде өндіріс орындарымен серіктестігін күшейтіп, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізіп, жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына ден қойып отыр.
Осы орайда колледж директоры Жанат Ертаевамен оқу орнының жиыр- ма жылдық белесі, сындарлы кезеңдері, бүгінгі жетістіктері мен ертеңгі жоспары, ең бастысы, білім мен тәрбие жайында әңгімелескен едік.
– Жанат Әкебайқызы, Сіздің еңбек жолыңызға көз жүгіртсек, ұстаздық, ғылым, басқару ісі секілді бірнеше саланың тоғысқанын көреміз. Осы жолдың бастауы қайда жатыр? Бала күнгі арман мен бүгінгі жетістіктер арасында қандай белестер болды?
– Адамның өмір жолы кейде өзі таңдаған қалаумен емес, тағдырдың жазуымен қалыптасады ғой. Менің де ұстаздыққа келуім кездейсоқ емес деп ойлаймын. Мектеп қабырғасынан-ақ білімнің адам өміріндегі орнын терең сезініп өстім. Әсіресе, физика пәніне қызығушылығым ерекше болды. Табиғаттағы әр құбылыстың өзіндік заңдылығы бар екенін түсіну, сол заңдылықтардың сырын іздеу мені ғылымға жетеледі.
1992 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Физика және информатика» мамандығын таңдадым. Төрт жыл бойы алған білімім мен үшін үлкен мектеп болды. Ал 1996 жылы магистратураға түсіп, 1998 жылы физика магистрі атандым. Сол кезеңде ғылымның тереңіне үңілуге деген құштарлығым арта түсті. Еліміз үшін қиын-қыстау кезеңнің бірі еді. Біз магистратураға алғашқы түскен буынның бірі болдық. Осы тұста білімнің мәнін терең түсіндік.
Еңбек жолымды Алматыдағы №146 орта мектеп-гимназиясында информатика және физика пәндерінің оқытушысы болып бастадым. Жас маман үшін әр сабақ, әр шәкірт үлкен тәжірибе еді. Кейін жоғары санатты оқытушы болып еңбек еттім. Ұстаздықтың ең үлкен жауапкершілігі – баланың бойындағы қабілетті байқап, өз жолын табуына бағыт көрсету екенін сол жылдары түсіндім.
Кейінгі еңбек жолым мені білім беру ісін ұйымдастыруға, басқару саласына алып келді. Қазақ ақпараттық технологиялар және басқару институтында оқу бөлімінің меңгерушісі болдым. 2003 жылы Ақпараттану, байланыс және технология колледжінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Одан кейін «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің іргетасы қаланып, осы білім ордасына басшылық жасап келемін. Осы жылдардың бәрін бір арнаға тоғыстыратын бір ғана ұғым бар десем, ол – білім. Ұстаздық мені ғылымға жетелесе, ғылым ізденуге үйретті, ал басқару ісі сол жинаған тәжірибені ел игілігіне жұмсаудың жауапкершілігін сезіндірді.
– Колледжді құрылғалы басқарып келе жатқаныңызды айттыңыз. Осы жылдар ішінде оқу орнында қандай маңызды өзгерістер мен жетістіктер жүзеге асты? «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің бүгінгі тынысы мен негізгі бағыты туралы айтып өтсеңіз…
– Биыл құрылғанына 20 жыл толған білім ордасынан 6 мыңнан астам жас маман түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы – колледж тарихының бір бөлшегі. Бірі – білім саласында, бірі – құқық пен экономикада, енді бірі көлік, ақпараттық технологиялар, байланыс және өндіріс салаларында еңбек етіп жүр. Демек, біздің еңбегіміздің ең үлкен нәтижесі – қабырғамыздан қанат қаққан түлектердің ел өміріне араласуы. Бүгінде Тараз қаласындағы Абай даңғылы, №90 мекенжайында орналасқан колледжіміздің тұрған жері мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың үйі және жұмыс орны, кейін медициналық колледж болған. Бұл ғимараттың әр қабырғасында тарих тұнып тұр. Тіпті, үлкен кісілер бұрын Асанбай Асқорвтың қызыл кабинеті болған деп іздеп те келеді. Оның бәрі – тарих.
Бүгінде колледжде 57 педагог қызмет етеді. Оның 83 пайызы – тұрақты оқытушы, 37 пайызы педагогикалық құрамды сақтап отыр. Ұстаздарымыздың кәсіби білімімен қатар, ғылыми- әдістемелік ізденісіне де мән береміз. Педагогтарымыздың ғылыми еңбектері мен патенттері – осы бағыттағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Себебі қазіргі ұстаз тек дайын білімді жеткізуші емес, жаңалыққа ұмтылатын, үнемі ізденетін зерттеуші болуы керек.
Біздің алдымыздағы ең басты мақсат – заман талабына сай білім беріп қана қоймай, алған білімін өмірде қолдана алатын, еңбек нарығында өз орнын табатын, кәсіби білімі мен адамдық құндылығы қатар қалыптасқан маман даярлау.
«Білім» колледжінің миссиясы да осы ұстанымға негізделген. Біз сапалы білімді практикалық дағдымен, заманауи технологияны ұлттық құндылықтармен ұштастыра отырып, жауапты, бәсекеге қабілетті және адал еңбек етуге дайын мамандар тәрбиелеуді көздейміз. Себебі бүгінгі қоғамға тек дипломы бар маман емес, өз кәсібін жетік білетін, жаңалыққа бейім, еңбекке жауапкершілікпен қарайтын азамат қажет. Осы мақсатпен колледжді заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби құзыреттілігі жоғары, шығармашыл ойлайтын және қоғамның дамуына үлес қоса алатын мамандарды даярлайтын өңірлік білім беру орталығына айналдыруды көздеп отырмыз.
Бүгінде еңбек нарығы бір орында тұрған жоқ. Жаңа мамандықтар пайда болып, кейбір кәсіптер жаңа мазмұнға ие болуда. Сондықтан оқу бағдарламаларын жұмыс берушілердің нақты сұранысына бейімдеу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Студент алған білімінің ертең қай жерде және қалай қажет болатынын түсінуі керек. Осы тұрғыдан алғанда дуальды оқыту мен өндірістік тәжірибені күшейтуге ерекше мән береміз. Теория мен тәжірибе қатар жүргенде ғана жас маманның кәсіби сенімі қалыптасады. Студент өндіріс орнына барып, нақты жұмыс үдерісін көріп, мамандықтың жауапкершілігін сезінген кезде алған білімінің маңызын тереңірек түсінеді.
Екінші маңызды бағыт – цифрландыру. Қазіргі заманғы колледж IT технологияларынан тыс қала алмайды. Сондықтан бағдарламалау, телекоммуникация, цифрлық құрылғылар, байланыс, бейнебақылау жүйелерімен қатар, жасанды интеллект бағыттарын да дамытуға басымдық беріп отырмыз.
Алайда технология қанша дамығанымен, оның артында адам тұрады. Сондықтан біз үшін кәсіби біліммен қатар ұлттық тәрбие, академиялық адалдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтардың орны ерекше. Жас маман өз ісін жақсы білумен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінуі қажет.
– Жанат Әкебайқызы, колледж бен жұмыс берушілер арасындағы байланысты қалай жолға қойдыңыздар?
– Біздің басты ұстанымымыз – колледж бен өндіріс бір-бірінен бөлек болмауы керек. Бүгінде біз 485 мекеме және кәсіпорынмен әлеуметтік әріптестік орнаттық. Мұндай серіктестік, ең алдымен, студент үшін маңызды. Себебі еңбек нарығына қажетті маманды тек аудиторияда отырып даярлау мүмкін емес. Студент нақты өндірісті, нақты жұмыс ортасын көріп, өз мамандығының қыр-сырын тәжірибе барысында меңгеруі керек. Сондықтан біз жұмыс берушілердің талап-тілектерін ескеріп, оқу бағдарламаларын сол сұранысқа бейімдеуге тырысамыз. Теория мен тәжірибе қатар жүргенде ғана білікті маман қалыптасады. Студенттер 2-ші курстан бастап тәжірибеден өтеді. Мекемелермен 3-4 жақты келісім арқылы біз зааман талабына сай маманды даярлауға бар күшімізді салып отырмыз.
– Колледжде студенттердің тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты қандай алдын алу жұмыс- тары жүргізіледі?
– Жастар тәрбиесінде ең маңызды нәрсенің бірі – сенім деп ойлаймын. Кейбір тақырыптарды ересектермен емес, өз қатарластарымен ашық талқылау жастарға әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін. Сондықтан біз студенттермен жұмыс барысында тек дайын ақпарат беріп қана қоймай, олардың өз пікірін айтуына, сұрақ қоюына және өзара пікір алмасуына мүмкіндік беруге тырысамыз.
Осы бағытта біз «YPEER» желісін қолданамыз. Жобаның ерекшелігі – жастармен жастардың өздері жұмыс істейді. Яғни, арнайы дайындықтан өткен жас көшбасшылар өз құрдастарына өздері жақсы білетін тілмен, олардың күнделікті өміріне жақын мысалдар арқылы маңызды мәселелерді түсіндіреді. Бұл – құр «насихат» емес, ең алдымен, ашық әңгіме мен өзара сенімге құрылған тәсіл.
Жобаның көтеретін тақырыптарының қатарында буллингтің алдын алу, ерте жыныстық қатынастың тәуекелдері, жеке шекара, өзара құрмет, жауапкершілік және қауіпсіз мінез-құлық мәселелері бар. Мұндай тақырыптарды қозғамау мәселенің жоқ екенін білдірмейді. Керісінше, жастар қажетті ақпаратты сенімді әрі дұрыс дереккөзден алуы керек.
Буллинг мәселесінде біз бір-біріне құрметпен қарау, өзгеге зиян келтірмеу, қысымға бейжай қарамау және қиын жағдайға тап болған кезде көмек сұрай білу мәдениетін қалыптастыруға мән береміз. Жасөспірім өзін жалғыз сезінбеуі керек. Оның жанында тыңдайтын, түсінетін және қажет кезде көмек қолын созатын адамның болғаны маңызды.
Ал ерте жыныстық қатынас мәселесінде жастарға қорқыту немесе жазалау тәсілімен емес, саналы таңдау мен жауапкершілік тұрғысынан түсіндіру қажет деп есептеймін. Өз денсаулығын, болашағын, жеке шекарасын бағалау, кез келген қарым-қатынаста өзара құрмет пен жауапкершіліктің болуы – жастар білуге тиіс маңызды дүниелер.
«YPEER» желісінің бізге ұнайтын тұсы да осында. Жастар бір-бірімен сөйлескен кезде кейбір мәселелерді еркінірек талқылайды. Әрине, мұндай жұмыста педагогтар мен мамандардың кәсіби қолдауы да қатар жүруі керек. Өйткені күрделі мәселелерде дұрыс ақпарат пен қауіпсіз орта өте маңызды. Бұл жоба еліміздің барлық облысында қолданылады. Ал маманды арнайы өзіміздің қаржымызға шақыртып, студенттерді оқытып отырамыз.
– Жанат Әкебайқызы, жиырма жылдан астам уақыт ішінде колледж талай белесті артқа тастағаны белгілі. Осы жолда сіз үшін ең қиын кезең қайсы болды?
– Әрине, жиырма жыл – аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қуанышты да, жауапкершілігі мол сәттерді де, сын сағаттарды да бастан өткердік. Бірақ солардың ішінде менің есімде ерекше қалған бір кезең бар. Ол – 2009-2010 жылдар.
Ол жылдар – жекеменшік білім беру ұйымдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен кез еді. Әр колледж өзіне студент тарту үшін түрлі тәсілдерге барды. Біздің де жағдайымыз күрделене түсті. Жаңа оқу жылы қарсаңында қабылдау комиссиясында отыр- ған ұстаздар күн сайын «150 студент түсті», «200 студент қабылданды» деген ақпарат айтып жүрді. Мен де оқу жылы жақсы басталады деп ойладым.
Алайда педагогикалық кеңесте оқу жылының қорытынды жағдайы айтылғанда небәрі төрт студент қана қабылданғанын естідім. Шынымды айт- сам, бұл мен үшін үлкен соққы болды. Бір сәтке не болғанын түсінбей, абдырап қалғаным есімде.
Кейін жағдайдың себебі белгілі болды. Колледжден басқа оқу орнына жұмысқа ауысқан кейбір ұстаздар өздерімен бірге студенттерді де алып кеткен екен. Бірақ сол кезде бір нәрсені анық түсіндім. Басшы үшін қиындықтың өзі – тоқтауға себеп емес, керісінше, дұрыс шешім қабылдайтын уақыт. Біз оқу жылын сол төрт студентпен бастадық. Аз болса да оқу процесін тоқтатпадық. Сабақ жүрді, ұстаздар жұмысын жалғастырды. Себебі білім беру ісінде бір студенттің өзі – бір тағдыр, бір жауапкершілік.
Арада көп уақыт өтпей, жағдай мүлде басқа арнаға бұрылды. Мемлекеттік тексеріс барысында жаңадан ашылған бірнеше колледждің лицензиялары талапқа сәйкес келмейтіні анықталып, олардың бірқатары жабылды. Ал ол оқу орындарында білім алып жүрген студенттер екі ортада оқусыз қалды.
Сол кезде бізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Қыс ортасында сол студенттердің бір бөлігін өз колледжімізге қабылдадық. Бір күнде шамамен 300 студент қосылды. Төрт студентпен бастаған оқу жылымыз бір сәтте мүлде басқа арнаға бұрылды.
Оқу ғимараты мен оқу процесін қайта ұйымдас- тырып, студенттерді орналастырудың жолдарын іздедік. Тіпті, үш ауысымда оқуға тура келді. Бұл оңай болған жоқ. Ұстаздарға да, әкімшілік құрамға да үлкен салмақ түсті. Бірақ сол кезеңде біздің ұжымның қандай екенін анық көрдім.
Қиын сәтте жанымнан табылған әріптестеріме алғысым шексіз. Біреуі «бұл мүмкін емес» деп шегінген жоқ. Керісінше, әрқайсысы өзіне тиесілі жауапкершілікті көтеріп, колледждің қалыпты жұмысын сақтап қалуға атсалысты.
Сол төрт студентпен басталған жыл біз үшін үлкен сабақ болды. Кейде білім ордасының тағдырын студент саны емес, сол қиындыққа бірге төтеп бере алатын ұжымның бірлігі шешеді.
Бүгінде сол кезеңді еске алсам, қиындықтың артында үлкен тәжірибе жатқанын түсінемін. Ол бізге тұрақтылықтың қадірін, ұжымның күшін және әр студент үшін жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін үйретті.
Сондықтан сол жылдарды мен колледж тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі ғана емес, ұжымның шын мәнінде шыңдалған шағы деп бағалаймын. Қиындықта кімнің қандай адам екені көрінеді. Ал сол кезде менің жанымнан табылған әріптестерімнің еңбегі мен адалдығы – мен үшін әлі күнге дейін үлкен құндылық.
– Бүгінде колледжде қанша студент білім алады? Мемлекеттік тапсырыс пен әлеуметтік қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізіп келесіздер?
– Қазіргі таңда колледжімізде мыңға жуық студент білім алады. Бұл – оқу орнының тұрақты дамып, жастардың бізге деген сенімінің қалыптасқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Біз 2014 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысына конкурс арқылы қатысып, содан бері мемлекеттік гранттарды тұрақты түрде алып келеміз. Былтыр конкурсқа 20 орын бойынша қатыстық. Ал биыл мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысқан жоқпыз. Оның өзіндік себебі бар. Біз үшін тек студент қабылдап, санды көбейту емес, берілген мүмкіндікті сапалы пайдалану, әр білім алушыға тиісті жағдай жасау маңызды. Сондықтан қолымыздағы оқу мүмкіндіктерін толық әрі тиімді игеруге басымдық бердік.
Сонымен қатар әлеуметтік жағдайына байланысты білім алуға мүмкіндігі шектеулі жастарға да қолдау көрсетуге тырысамыз. Колледж тарапынан жыл сайын 15-20 балаға дейін тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір бағыты.
Осы ретте қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Оразкүл Асанғазықызының игі бастамасын ерекше атап өткім келеді. Ол өз атынан туған жеріндегі балалардың біздің колледжде тегін білім алуына мүмкіндік жасады. Бастапқыда 15 бала қабылданған еді. Кейін бұл қолдау тоқтаған кезде де біз сол балалардың тағдырын ескеріп, келген жастардың бетін қайтармай, тағы да шамамен 15 баланы колледждің өз қаражаты есебінен тегін оқыттық. Әрине, тегін білім алған студентке де белгілі бір талап қойылады. Ең бастысы – сабақтан қалмау, оқуына жауапкершілікпен қарау, білім алуға деген ниетін көрсету.
Біз әлеуметтік қолдауды тек грантпен немесе тегін оқытумен шектемейміз. Колледждің серіктес кәсіпорындарымен де өзара тиімді келісімдер жасап келеміз. Мысалы, «Төкен» компаниясымен келісім негізінде төрт дизайнер мамандығын оқыттық. Мұндай тәжірибе жұмыс беруші мен білім беру ұйымының өзара байланысын нығайтып қана қоймай, нақты кәсіпорынға қажетті маманды мақсатты түрде даярлау- ға мүмкіндік береді.
– Жанат Әкебайқызы, колледждің 20 жылдық мерейтойын қалай атап өткелі жатырсыздар? Екі онжылдықтың белін буған айтулы белес колледждің болашағына қандай серпін бермек?
– Біз үшін жиырма жылдық – өткен жолымызға көз жүгіртіп, бүгінгі жетістіктерімізді саралап, алдағы жылдарға жаңа мақсаттар белгілеуге мүмкіндік беретін маңызды белес. Сондықтан мерейтойды тек концерт, кездесу немесе салтанатты шаралармен шектемей, нақты нәтижесі бар игі істермен атап өтуді жөн көрдік. Осы мақсатпен «Білімге» – 20 жыл: 20 игі іс – 20 жаңа мүмкіндік» атты тұжырымдаманы қолға алып отырмыз. Мұндағы әр жоба колледждің кешегісі мен бүгінін байланыстырып қана қоймай, болашағына жол ашуға бағытталған.
Жалпы, осы жиырма жобаның барлығын біріктіретін бір ғана идея бар. Ол – өткенді ұмытпай, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, болашаққа жол ашу.
Жиырма жыл ішінде «Білім» колледжі мыңдаған жастың өміріне жол ашты. Әр түлек – біздің тарихымыздың бір бөлшегі, әр ұстаз – осы тарихты қалыптастырған тұлға. Сондықтан колледждің басты капиталы ғимарат немесе материалдық база ғана емес, білікті ұстаздар, жалынды жастар және ел игілігіне қызмет етіп жүрген түлектер деп білемін.
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет! Сындарлы жылдардан сүрінбей өтіп, талай белесті бағындырған «Білім» колледжінің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ұжымға шығармашылық ізденіс, толағай табыс, ал шәкірттеріңізге биік белестер мен жарқын болашақ тілейміз.
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА