Білім мен ғылым – ел болашағының іргетасы. Ал сол іргетастың беріктігі білікті маман мен ізденімпаз жастың, ғылымға адал ғалым мен жаңашыл білім ордасының еңбегіне байланысты. Бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті осы бағытта жаңа белестерді бағындырып келеді. Осы орайда университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековпен білім ордасының бүгінгі тынысы, өңірлік ғылымның дамуы, халықаралық байланыстар және жастардың мүмкіндіктері хақында сұхбаттасқан едік.
– Махметғали Нұрғалиұлы, бүгінде Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті еліміздің білім кеңістігінде өзіндік орны бар іргелі оқу орындарының біріне айналды. Аз ғана жылдың ішінде университеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, заманауи білім беру жүйесі қалыптасты. Ғасырлық тарихы бар білім ордаларымен иық тірестіріп, жаңа биіктерге ұмтылуда. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, осы уақыт аралығында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды? Биылғы оқу жылын қандай жаңашылдықтармен бастап отырсыздар?
– Шерхан университеті – тарихы тым тереңде болмаса да, қалыптасу кезеңінен сүрінбей өтіп, өзіндік бағыт-бағдарын айқындаған жас білім ордасы. Университет 2008 жылы құрылды. Содан бергі 18 жыл ішінде оқу орнымыз академиялық әлеуеті кемел, ғылыми-зерттеу мүмкіндігі жоғары, инфрақұрылымы заманауи, көпсалалы әрі инновациялық бағыттағы ғылыми-білім беру орталығына айналды.
Осы жылдар ішінде атқарылған жұмыс аз емес. Соның ішінде университеттің өңірдің әлеу- меттік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін салаларға бағытталған бастамаларының орны бөлек. Әсіресе Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік секторын ғылыми және білім беру тұрғысынан қамтамасыз етуге, ауыл шаруа- шылығын жаңа технологиялар негізінде дамытуға айрықша мән беріп келеміз.
Бүгінде университет орнықтылық пен «жасыл технологияларға» басымдық беретін инновация- лық аграрлық кластерді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. «Ауыл шаруашылығын ақылмен басқару» қағидатына сүйене отырып, биотехнология, аквамәдениет және басқа да заманауи бағыттар бойынша ғылыми-практикалық шешімдерді өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін алаң қалыптастырып жатырмыз. Бұл ретте жергілікті бизнес құрылымдарымен, мемлекеттік органдармен және өндірістік кәсіпорындармен өзара ықпалдастықты күшейтуге ерекше назар аударылуда.
Университетте бүгінде бакалавриат бойынша – 53, магистратура бойынша 24 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Олардың ішінде агрономия және экология, ветеринариялық медицина, өсімдіктерді қорғау және карантин, сертификаттау және сапаны бақылау секілді аграрлық-өндірістік бағыттағы бағдарламалар маңызды орын алады. Бұл – өңір экономикасының нақты сұранысына бейімдеудің айқын көрінісі.
Білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттілігіне қарай жаңарту – біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Мәселен, өткен оқу жылында университетте «Орман шаруашылығы» мамандығы ашылды. Осы бағыт бойынша облыс- тың орман шаруашылығы саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, алайда арнайы жоғары білімі жоқ азаматтар үшін мүмкіндік жасалды. Алғашқы қабылдаудың өзінде бұл бағдарламаға салада қызмет атқарып жүрген 33 маман студент атанды.
Биыл осы игі бастаманың жалғасы ретінде «Балық шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы қабылдау жүргізілді. Бұл да кездейсоқ таңдау емес. Жаңа бағдарламалар өңірдің табиғи ресурстары мен аграрлық әлеуетін тиімді пайдалану, салаға қажетті білікті кадрларды даярлау және білім мен өндірістің арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында қолға алынып отыр. Яғни, біздің негізгі мақсатымыз – өңірдің бүгінгі сұранысын түсініп, ертеңгі дамуына қызмет ететін білікті кадр қалыптастыру. Университеттің білім беру бағдарламалары да осы ұстанымға сәйкес жаңарып, заман талабымен бірге тыныстап келеді.
– Ауыл шаруашылығына сапалы, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және экономика қажет ететін аграрлық ғылымды дамыту үшін инновациялық инфрақұрылым қажет. Бүгінде университеттің материалдық-техникалық және оқу-зертханалық базасы қай деңгейде?
– Байзақ ауданында университеттің «Agroscince hub» агротехнологиялық хабы орналасқан. Хабтың құрамына 3 нысан кіреді. Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты. Институт студенттер мен магистранттардың кәсіби практикадан өтуіне, профессор-оқушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Одан бөлек, агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді. Яғни, олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізіледі.
Екіншісі – «Ветеринария және мал шаруа- шылығы» ғылыми-өндірістік орталығы. Оның жер телімі – 50 гектар. Мақсаты – асыл тұқымды ірі қара мен қой шаруашылығын дамыту. Сондай-ақ жоғары өнімділікке қол жеткізу, таза тұқымды және ерекше генетикалық қасиеттері бар мал түрлерін өсіру, көбейту және жетілдіру. Бұдан бөлек, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ет, сүт, жүн және өзге де мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға ғылыми негіздеме жасау, жоғары оқу орны ғалымдарының әлеуетін пайдалану, студенттерді ғылыми жұмыстарға бағыттауға баса назар аударылады. Негізгі бағыттары – селекциялық жұмыстар, генетикалық сапаны жаңарту, өнімділікті арттыру.
Үшіншісі – «Аквакультура» ғылыми- өндірістік орталығы. Мұнда өңірде балық шаруа- шылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда Жамбыл облысында балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Университет ғалымдары осы көлдердің 80-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасады.
Ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты нығайту мақсатымен аквакультура өнімдерін өсіретін акваферма іске қосылды. Акваферма екі мини-зауыттан тұрады. Біріншісі – форель, екіншісі – бекіре балығын өсіру технологиясымен айналысады.
– Жамбыл облысында өңірлік ғылымды дамыту үшін қандай іс-шараларды атқару керек деп ойлайсыз?
– Өңірлік ғылымды дамыту – ең алдымен, ғылымды аймақтың нақты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерімен сабақтастыра отырып, оны жүйелі түрде қолдауды талап ететін маңызды мәселе. Бұл ретте бірқатар тетіктерге ерекше назар аудару қажет.
2025 жылғы 14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен өңірлік ғылымды дамыту және жергілікті бюджет есебінен ғылыми жобаларды қаржыландыруға қатысты әдістемелік нұсқаулар бекітілді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, облыстық мәслихат деңгейінде мәселені жан-жақты қарастырып, өңірлік ғылымды дамытуға бағытталатын нақты қаржы көлемін жергілікті бюджеттен бекіту. Өйткені ғылымға жүйелі қаржылық қолдау көрсетілмей, оның нәтижесін талап ету қиын.
Сонымен қатар ең маңызды мәселенің бірі – «Облыс үшін қай ғылыми бағыттар басым болуы керек?» деген сауалға нақты жауап табу. Бұл ретте өңірлік ғылыми кеңестің рөлі айрықша. Кеңес аймақтың ғылыми-техникалық саясатын қалыптастырып, өңір экономикасының сұранысына сәйкес зерттеудің басым бағыттарын айқындауға тиіс.
Мәселен, Жамбыл облысының экономикалық ерекшелігі мен өндірістік әлеуетін ескерсек, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары оқу орындарының бейінді мүмкіндіктеріне қарай үйлестіруге болады. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті аграрлық ғылымдар бағытында, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті химия және химиялық технология саласында, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын тиімді басқару және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша өңірге қажетті ғылыми жобаларды жүзеге асыра алады. Яғни, ғылымды дамытуда әр университет пен ғылыми мекеменің әлеуетін өңірдің нақты сұранысымен ұштастыруымыз қажет. Сонда ғылыми зерттеу тек ғылыми ортада қалып қоймай, өндірістің, ауыл шаруашылығының, су шаруашылығының және экономиканың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.
Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ғылымға берілетін мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастырудың маңызы зор. Қандай мәселе зерттеуді қажет етеді, қандай ғылыми жоба өңірдің дамуына нақты әсер ете алады, оның нәтижесін қай салада қолдануға болады – мұның барлығы алдын ала айқындалуы керек.
Біздіңше, бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі – жергілікті атқарушы органдар – Ғылым қоры – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелері – өндіріс орындары мен бизнес-құрылымдар арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруі қажет.
Өңірлік ғылымның басты мақсаты – тек ғылыми жаңалық ашу емес, сол жаңалықты ел игілігіне жарату. Сондықтан ғылым мен өндіріс, университет пен бизнес, мемлекет пен ғылыми орта арасында берік байланыс орнаған жағдайда ғана өңірлік ғылымның әлеуетін толық пайдалана аламыз. Жамбыл облысының ғылыми мүмкіндігін оның экономикалық және әлеуметтік дамуымен ұштастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
– Халықаралық статустағы білім ордасы болғаннан кейін алыс-жақын шетелдердегі әріптестеріңізбен тығыз байланыс орнатқандарыңыз анық. Бүгінгі таңда қай мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жолға қойылды? Студенттерге қос диплом алу секілді қандай мүмкіндіктер ұсынылуда?
– Университетіміздің халықаралық байланыстары жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа мазмұнмен толығып келеді. Бүгінде Қытай, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея және Болгария елдерінің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойып, білім мен ғылым саласындағы әріптестікті жүйелі түрде дамытып келеміз. Бұл келісімдер қағаз жүзіндегі құжат күйінде қалып қоймай, нақты нәтижелерге бағытталған.
Халықаралық ынтымақтастық аясында бірнеше маңызды бағыт қалыптасты. Біріншіден, академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы студенттеріміз шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, өзге елдердің білім беру тәжірибесімен танысуға, кәсіби және тілдік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Бұл – жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың халықаралық білім кеңістігіне еркін енуіне жол ашатын маңызды мүмкіндік. Екіншіден, шетелдік ғалымдар мен профессорларды университетімізге шақырып, білім алушыларға дәріс оқыту дәстүрге айналып келеді. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушыларға әлемдік ғылымдағы жаңа үрдіс- терді тікелей мамандардың өзінен үйренуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, магистранттарымыз бен жас ғалымдарымыз шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтіп, зерттеу мәдениеті мен заманауи ғылыми әдістемелерді меңгеруде. Бұл олардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, халықаралық ғылыми ортаға шығуына да жол ашады.
Халықаралық байланыстың тағы бір маңыз- ды бағыты – шетел азаматтарының біздің университетті білім алу үшін таңдауы. Бүгінде Шерхан университетінде 135 шетелдік азамат білім алып жатыр. Оның 91-і – бакалавриатта, 44-і магистратурада оқиды. Бұл – университетіміздің халықаралық білім кеңістігіндегі танымалдығы артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Ал студенттер үшін ең үлкен мүмкіндіктердің бірі – қос дипломды білім беру бағдарламалары. Қазіргі таңда Болгарияның Варна еркін университетімен бірлесіп, «Компьютерлік технологиялар» мамандығы бойынша қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның алғашқы жемісі де бар. Биыл осы бағдарлама бойынша алғашқы түлектер білім алып, екі университеттің де дипломына ие болды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік әрі студенттеріміз үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Себебі қос диплом – білім алушының академиялық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды құрал.
Алдағы жылдан бастап халықаралық әріптестік аясын одан әрі кеңейтіп, Польшаның Краков агрокультура университетімен бірлесіп «Агротехнология» білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды оқыту жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз.
– Оқу орнының аты алғанда қазақтың тау тұлғасы Шерағаңның есімі еске қатар келеді. Шерағаны жастарға дәріптеу, қаламынан туған туындыларын таныту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағытта көптеген нақты жұмыстар атқарылуда. 2009 жылы университеттің жанынан Халық жазушысының көзі тірісінде, өзінің рұқсатымен Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Танымал журналист Бекет Момынқұлдың көмегімен орталыққа Ш.Мұртазаның көптеген мұрағаттық материа- лы қойылды. 2009-2011 жылдары орталықты филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ басқарса, 2011 жылдан бастап PhD Айнұр Кембаева басқарып келеді.
2026 жылдың қыркүйегінен бастап орталық ғылыми-зерттеу институты ретінде қайта жасақталып, ғылыми қызметкерлермен, мамандармен толықтырылды. Сонымен қатар инс- титутта «Лингвистика» және «Әдебиеттану» бөлімдері өзінің жұмысын бастап кетті.
Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатымен «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық жинақ жарыққа шығарылды. Дәстүрлі респуб- ликалық ғылыми-шығармашылық «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауы биыл 10-шы рет ұйымдастырылды. Сондай-ақ орта мектептер үшін элективті Шерхантану курсы дайындалды.
Сонымен қатар барлық бірінші курстарда «Шерхан Мұртаза: өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында ректордың дәрісі оқылады. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жастарды Шерағаның мұрасымен таныстыру, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру.
– Еңбек жолыңызда төрт бірдей жоғары оқу орнын басқардыңыз. Осы білім ордаларының қайсысы өзіңізге ерекше ыстық? Әрі әр университетте басшылық қызмет атқарған жылдарыңыздан қандай із, қандай мұра қалды деп ойлайсыз?
– Иә, ректорлық қызметтегі еңбек өтілімнің өзі отыз жылға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде әр жылдарда төрт жоғары оқу орнына басшылық жасау маған үлкен жауапкершілікпен қатар, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Әр білім ордасының менің өмірімде өзіндік орны, өзіндік тарихы бар. Сондықтан олардың бірін бөліп алып, «мынауы маған ерекше ыстық» деп айту қиын. Өйт- кені әрқайсысында еңбек жолымның белгілі бір белесі, кәсіби қалыптасуымның бір кезеңі қалды.
2001-2004 жылдары Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтын басқардым. Бұл – менің ректорлық қызметтегі алғашқы басшылық тәжірибем. Сол жылдары жоғары оқу орнын басқарудың қыр-сырын меңгеріп, білім беру ұйымының дамуы үшін стратегиялық шешім қабылдаудың жауапкершілігін терең сезіндім.
2004 жылдың ақпан айында Тараз мемлекеттік университетінен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты бөлініп шыққанда жаңа білім ордасын қалыптастыру міндеті жүктеліп, оның ректоры болып тағайындалдым. Бұл кезең де менің кәсіби өмірімдегі маңызды белестердің бірі болды.
2009 жылдың қараша айында Білім және ғылым министрлігіне қызметке ауыстым. Ал 2012-2021 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін басқардым. Бұл – ректорлық жолымдағы ең ұзақ әрі мазмұнды кезеңдердің бірі. Университеттің академиялық әлеуетін арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту, ғылыми бағыттарын дамыту және білім сапасын көтеру жолындағы жұмыстардың әрқайсысы мен үшін маңызды.
Ал 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры қызметін атқарып келемін. Бүгінде осы білім ордасының жаңа белестерге көтерілуіне өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен жауапкершілік.
Мен екі мемлекеттік және екі жекеменшік жоғары оқу орнын басқардым. Осы тәжірибе арқылы мен білім беру саласындағы түрлі басқару үлгілерінің ерекшеліктерін салыстыруға мүмкіндік алдым. Соның ішінде кейінгі жылдары мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының даму қарқыны айтарлықтай артқанын ерекше атап өтер едім. Мұны Шерхан университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де анық көруге болады.
Ал «әр оқу орнында қандай мұра қалдырдым?» деген мәселеге келсек, оған ең дұрыс бағаны уақыт пен сол білім ордаларында еңбек етіп жүрген адамдар береді деп ойлаймын. Себебі басшының еңбегі қызметтен кеткеннен кейін емес, өзі кеткен соң атқарған ісінің қаншалықты жалғасып, нәтижесінің ел игілігіне айналғанынан көрінеді.
– Махметғали Нұрғалиұлы, өзіңіз Үкімет үйінде Білім және ғылым вице-министрі қызметін де абыроймен атқардыңыз. Бүгінгі білім мен ғылым саласындағы шығып жатқан заңдарға көніліңіз тола ма?
– Министрдің орынбасары деген – саяси мемлекеттік қызмет. Жауапкершілігі өте жоғары. Мен үшін осы 2009-2012 жылдар үлкен тәжірибе болды. Министрлікте орта білім беру және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне, мемлекеттік жастар саясатына, балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жауапты болдым. «Білім туралы» Заңға өзгерістер мен қосымшалар, «Ғылым туралы», «Назарбаев университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев қоры туралы» сияқты заң жобалары дайындалғанда мен жұмыс топтарын басқардым. Кейінгі қабылданып жатқан заңдарды мен сапасыз деп айта алмаймын. Мәселе – сол заңдардың нақты орындалуында. Мысалы, кейінгі қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат» туралы Заңның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу, сол арқылы халықтың өмір сапасын жақсарту. Ол үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі – жергілікті атқарушы орган – Ғылым қоры – жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер – кәсіпорындар мен бизнес құрылымдар арасындағы байланысты дамыту қажет болып тұр. Осы Заңның нормалары толық орындалмай келеді. Онсыз ғылымды қажет ететін экономика дамымайды.
– Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 10-20 жылдан кейінгі келешегін қалай елестетесіз? Жамбылдықтар іргелі оқу орнынан тағы қандай жаңалықтар күтсе болады?
– Былтырғы жылдың соңында «Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын» қабылдадық. Негізгі стратегия- лық мақсат – Орталық Азияның жетекші университеттері қатарына қосылу, инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту орталығына айналу.
Алдағы жылдары Шерхан Университеті білім беру бағдарламаларын цифрлық және «жасыл экономика» талаптарына бейімдейді. Университетте экологиялық таза технологиялар, тұрақты даму және инновациялық салалар бойынша жаңа бағдарламалар ашылатын болады.
Университет тек қана білім ордасы емес, сонымен қатар ғылым орталығы ретінде дамиды. Жаңа ғылыми инфрақұрылым – заманауи зертханалар мен ғылыми-зерттеу базалары жабдықталады.
Университеттің халықаралық байланыстары дамып, халықаралық академиялық және ғылыми-зерттеу серіктестіктер желісі кеңейе- ді. Университет инклюзивті және белсенді студенттік ортаға айналады. Осындай стратегиялық мақсаттарды іске асыруға толық мүмкіндігіміз бар.
– Өзіңіз педагогика ғылымдарының докторы, профессорсыз. Ұлттық білім академиясының және Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылымдары академиясының академигі сынды атақтарыңыз өз алдына бір төбе. Ғылымға алғашқы қадамды қалай жасадыңыз?
– Ғылымға алғашқы қадамым студенттік кезімде басталды. Жастық шақтағы ізденіс мен үшін жай қызығушылық емес, кейінгі кәсіби жолымды айқындаған маңызды кезең болды. Алғашқы ғылыми мақалаларым «Қазақстан мектебі» және «Студенческий меридиан» журналдарында жарық көрді.
1975 жылы Дағыстанның Махачкала қаласында өткен Бүкілодақтық жас ғалымдар конкурсына қатысып, жеңімпаз атандым. Студент кезіндегі осындай алғашқы жетістіктер менің ғылымға деген қызығушылығымды одан әрі арттырып, кейінгі ғылыми-зерттеу жолыма үлкен серпін берді.
Жалпы, ғылымдағы үлкен жолдың өзі кішкентай қадамнан басталады. Менің алғашқы қадамым студенттік жылдары жасалды, ал сол қадам кейінгі өмірімнің маңызды бағыттарының біріне айналды.
– Әкеңіз де ғалым болған адам. Ол кісі жайлы үзік сыр бөліссеңіз…
– Әкем Нұрғали Сарыбеков – елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Акмеология академиясы мен Қазақ халық экология академиясының академигі. Ол – Қазақстанда экологиялық педагогика деп аталатын ғылыми бағыттың негізін қалаған ғалымдардың бірі. Бұл бағыт экологиялық білім мен тәрбие беру, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін зерттейді.
Әкем 1968-1998 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында еңбек етіп, алғаш рет «Экология және табиғатты қорғау» ғылыми орталығын құрып, оны отыз жыл бойы басқарды. Ғылымға ғұмырын арнаған әкемнің еңбегі ел ғалымдары тарапынан жоғары бағаланып, оның қалыптастырған ғылыми мектебі өз деңгейінде мойындалды. Ол экология, табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне арналған 360-тан астам ғылыми еңбек жазып, кейінгі ұрпаққа мол ғылыми мұра қалдырды.
Мен үшін әкемнің ең үлкен мұрасы артында қалған еңбектерімен ғана өлшенбейді. Оның қалыптастырған ғылыми мектебі, шәкірттері, ғылымға деген адалдығы – бізге аманат. Сондықтан сол мұраны зерттеп, бүгінгі ғылыммен сабақтастыра білу, оның тағылымын жастарға жеткізу – біздің азаматтық әрі перзенттік парызымыз.
Ғылымда із қалдыру – үлкен еңбек, ал сол ізді жоғалтпай, кейінгі буынға жеткізу – одан да үлкен жауапкершілік. Мен әкемнің ғылыми мұрасына осы тұрғыдан қараймын.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Уақыт тауып, ой бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Университеттің алар асуы, жастардың жетер жетістігі мол болғай!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА