Қаланың дамуы оның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, тұрғындарға қолайлы орта қалыптас- тыруымен, сәулеттік келбетімен және тазалығымен де бағаланады. Заманауи шаһардың ажары, ең алдымен, көрікті көшелерінен, жайлы аулаларынан, көгалдандырылған қоғамдық орындары мен абаттандырылған аумақтарынан көрінеді.
Тараз қаласында да шаһардың заманауи келбетін қалыптастыру, тұрғындарға қолайлы орта жасау және аумақтарды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қала көшелері мен аулаларын ретке келтіру, қоғамдық кеңістіктерді көркейту, көгалдандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев атап өтті.
– Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексін іске асыру аясында әзірленген Қазақстан Республикасы қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары қолданысқа енгізілді. Жаңа құжат елді мекендерді абаттандыруға қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастырып, мемлекет, жылжымайтын мүлік иелері, кәсіпкерлік субъектілері мен тұрғындар арасындағы жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.
Бұған дейінгі талаптар негізінен санитария- лық тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталса, жаңа Үлгілік қағидалар абаттандыру ұғымын кеңейтіп отыр. Енді бұл бағыт қауіпсіз, жайлы, заманауи әрі эстетикалық тұрғыдан тартымды қалалық ортаны қалыптас- тыруға бағытталған кешенді жұмыстар ретінде қарастырылады.
Жаңа талаптардың бірі – «іргелес аумақ» ұғымының енгізілуі. Жергілікті абаттандыру қағидаларында өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушылары объектінің периметрі бойынша бес метр шегіндегі іргелес аумақты күтіп-ұстауға міндетті. Бұл талап аталған жерді меншікке беру немесе жер пайдалану құқығын белгілеу дегенді білдірмейді. Яғни, меншік иесі өзіне тиесілі нысанның айналасындағы аумақтың санитариялық жағдайын қамтамасыз етуге жауапты болады, – деді Дамир Исмаилбекұлы.
Оның сөзінше, жеке тұрғын үй құрылысы аумағында құрылыс және өзге де материалдарды жер учаскесінен тыс жерде жинауға жол берілмейді. Құрылыс материалдарын уақытша орналастыруға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ғана рұқсат етіледі. Оның өзінде олар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі, қауіпсіздікке қатер төндірмеуге тиіс.
Сонымен қатар шаһарда көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларындағы тәртіпке де ерекше мән берілген. Атап айтқанда, бөлшектелген немесе жарамсыз көлік құралдарын орналас- тыруға, сондай-ақ автотұрақтарды ортақ пайдалануға кедергі келтіретін өз бетінше орнатылған тұрақ шектеуіштері мен басқа да құрылғыларды қоюға тыйым салынады. Сонымен бірге көлік құралдарының көгалдар мен жасыл аймақтарға кіруіне жол бермейтін шектеу элементтерін орнату көзделген.
Сондай-ақ жаңа Үлгілік қағидаларда жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты субъектілер де нақты айқындалған. Саябақтар, гүлзарлар, скверлер және жалпыға ортақ пайдаланылатын өзге де аумақтарды жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындар күтіп-ұстайды. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласын көгалдандыруға мүлік иелерінің бірлестіктері мен басқарушы компаниялар жауап береді.
– «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 75 мың ағаш отырғызылды. Күз мезгілінде тағы 10 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Қала аумағын абаттандыру барысында су арналарының маңын тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударылуда. «Ұлы дала» шағынауданында «Түйте» каналының 1,7 шақырым аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ал алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарының аумақтарын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жерлерде саябақтар, спорт алаңдары және аға буын өкілдеріне арналған демалыс орындарын қалыптастыру көзделуде.
Қалалық ортаның сапасын арттыру мақсатымен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына, балалар және спорт алаңдарына, сыртқы жарықтандыруға, шағын сәулет нысандарына және қоғамдық кеңістіктерге қойылатын талаптар да күшейтілді. Әсіресе, кедергісіз орта қалыптастыру, жасыл желектерді сақтау, энергия үнемдейтін технологияларды пайдалану, қауіпсіз жабдықтарды орнату және елді мекеннің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға басымдық беріліп отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Дамир Жаманбаевтың айтуынша, үй жануарларын ұстау тәртібі де назардан тыс қалмаған. Жаңа Үлгілік қағидаларда алғаш рет иттерді серуендетуге арналған арнайы алаңдарды жабдықтау талаптары белгіленді. Үй жануарларының иелері олардың тіршілік әрекетінен қалған қалдықтарды дереу жинауға міндетті. Ал балалар ойын және спорт алаңдарының аумағында үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.
Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әкімдіктер абаттандыру қағидаларын әзірлеп, бекітуге, елді мекендерді абаттандыру жұмыс- тарын ұйымдастыруға, көгалдандыру мен жасыл желектерді күтіп-ұстауды қамтамасыз етуге, тиісті ұйымдардың қызметін үйлестіруге және абаттандыру нысандарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуге міндетті.
Сонымен бірге қала көшелері мен шағынаудандардың, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындардың санитариялық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің 478 қызметкері және Әулиеата мен Жібек жолы аудандарына бөлінген 189 жұмысшы тұрақты түрде атқарып келеді.
– Мекеме қызметкерлері күн сайын жаяу жүргіншілер мен автомобиль жолдарын сыпырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қолмен жинайды, кездейсоқ пайда болған күл-қоқыс үйінділерін жояды. Сонымен бірге қаладағы 7 саябақтың, 77 сквердің, 2 монумент пен 1 орталық алаңның санитариялық тазалығын қамтамасыз етеді. Аталған жұмыстарға 60 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Аудан әкімдіктеріне қоқыс үйінділерін шығаруға күнделікті 5 бірлік техника бөлінеді. Қала аумағынан тәулігіне орта есеппен 160 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылып, арнайы полигонға жеткізіледі. Қалдықтарды жинау орындарын жаңарту да жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы қоқыс тастауға арналған 138 алаңша жаңартылса, биыл тағы 150 алаңша жаңартылуда. Бұдан бөлек өткен жылы аялдамаларда, саябақтарда және қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктері толықтай ауыс- тырылды, – деді Д.Жаманбаев.
Сонымен бірге жаңа Үлгілік қағидалар абаттандыру талаптарының орындалуына бақылау- ды күшейтуді көздейді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарау өкілеттігі берілді.
Жалпы, қаланың көркі мен тазалығы – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ жауапкершілігі. Жаңа Үлгілік қағидалардың негізгі мақсаты да осы жауапкершілікті нақтылап, абаттандыру ісін жүйелі түрде жүргізуге жол ашу. Тараздың заманауи әрі жайлы шаһарға айналуы тазалықты сақтау, жасыл желекті қорғау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және белгіленген талаптарды сақтау мәдениетіне тікелей байланысты. Сондықтан туған қаланың ажарын арттыру – ортақ іске жауапкершілікпен қараудан басталады.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ