Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жедел жәрдем жауап бермеген: Степногорскіде ер адам тамаққа қақалып қайтыс болды

0 1  626

Степногорскіде ер адам асханада тамаққа қақалып қайтыс болды. Куәгерлердің сөзінше, олар жедел жәрдем шақырғысы келген бірақ хабарласа алмаған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл оқиға 19 қыркүйек күні Степногорскідегі қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған. Орын алған жағдай туралы @step_notsleep Instatgram парақшасында жарияланды.

«Ер адам алдын ала болжам бойынша тамаққа қақалып, ауруханаға барар жолда көз жұмды. Және ол жедел жәрдем көлігінде емес, оны ауруханаға жеткізбек болған куәгердің көлігінде жан тәсілім етті. Ал мұның барлығы бізге 15 минут бойы жауап бермеген жедел жәрдемнің кесірі. Осы уақыттың ішінде ер адам өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан еді», – дейді жазба авторы.

Автордың айтуынша, жедел жәрдем нөміріне қоғамдық тамақтану орнына келген барлық адам қоңырау шалған. Алайда жауап берген ешкім болмаған.


«Ақырында қоңырауға жауап берген диспетчер қызметкері куәгерлердің сөзінше, қала бойынша жедел жәрдемнің бір ғана телефон желісі бар екенін айтып ақталған», – деп қосады жазбада.

Сонымен бірге, жазба авторы егер қалада екі адамға бірдей көмек керек болып қалса, олардың бірі жедел жәрдемнен күдерін үзе беруі керек пе деп түйіндейді.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша түсінік беріп, қызметтік тергеу жұмыстарының басталғанын мәлімдеді.

«19:50-де 103 нөміріне әйел қоңырау шалып: «Шашлыков» кафесінде ер адам өзін нашар сезініп, көгеріп кеткенін және ауруханаға жеке көлікпен бара жатқанын айтып күтіп алуын өтінген. Диспетчер өз кезегінде кафеден ер адамды алып келе жатқанын ескерткен. Сағат 19:58-де 102-ден қоңырау түсіп, онда «Шашлыков» кафесінен адамдар хабарласа алмай жатқанын айтып, ер адамның жағдайы нашар екенін жеткізген. Диспетчер қоңырауды тіркеп, бірақ ешкім бармаған, өйткені 20:02-де қабылдау бөлімі ер адамның мәйіті жеткізілгенін хабарлаған», – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.

Сонымен қатар Степногорскіде тәулік бойы жұмыс істейтін жалғыз диспетчерлік пост бар екені де айтылады.

«Техникалық себептерге байланысты 103 нөміріне қоңырау шалу мүмкін болмаған жағдайда, EDDS 112 нөміріне хабарласыңыздар» – деп қосып өтті басқарма.

Іс бойынша қосымша қызметтік тексеріс жүріп жатқанын айта кету керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.