Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жауапсыздық пен қабілетсіздік – үлкен қатер

0 268

Бүгінгі таңда мемлекет білікті су мамандарына зәру. Батыс өңірде су тасқынының және оңтүстік өңірде су тапшылығының болып жатқан себептерінің бірі – су мамандарының жетіспеушілігінен екені шындық. Осы мәселелер және су мамандарын дайындаудың өзектілігі бойынша сұхбат құрмақ мақсатпен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Кенжеғали Шилібекті әңгімеге тартқан едік.

– Кенжеғали Қошқарбайұлы, Дулати университетінде кезінде өзіңіз басқарған «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты бар, су мамандарын дайындауда оқу ордасының рөлі қандай?
– Университетіміз – республикада су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің базалық ұйымы. Бұл – бізге артып отырған үлкен жауапкершілік пен сенім. Су саласы үшін кадрлар даярлаудың Жол картасы әзірленіп, іске асырылуда. Қазіргі уақытта біз «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындаудамыз. Сонымен қатар «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» бағыттарында докторантура бар. Ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдарды дайындау мақсатында 8D074 – «Су шаруашылығы», 8D086 – «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.
– Университетте су мамандарын дайындау бойынша халықаралық байланыс туралы айта кетсеңіз…
– Университетте шетелдік ғалымдармен әріптестік байланысты орнату, бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі нығайту, жоғары білікті маман даярлау және ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүзеге асыру жұмыстары нәтижелі жүргізілуде. Сыртқы академиялық ұтқырлық аясында бірнеше жылдан бері өзге мемлекеттердегі ЖОО-мен тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік ғалымдар шақырылуда. Атап айтсақ, биылғы оқу жылы Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунг, ПЕТРОНАС технологиялық университетінің профессоры, доктор НГ Чен Йе (Малайзия), Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Дэниел Дэвидсон Сноу студенттерге дәріс оқып, зертханада жас ғалымдармен бірігіп ғылыми жұмыстарды жүргізді. Экологияны жақсарту мақсатында бірлескен BEACON халықаралық жобасы Қазақстанда Дулати университетінің ғалымдарының бастамасымен Шотландиядағы Стирлинг британдық университеті арасындағы келісімшарт негізінде британдық ғалымдар Изабель Джонс және Крис Литтлбойдың қатысуымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар университетте халықаралық «Erasmus+» бағдарламасы бойынша «Климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру және орнықты дамуды, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында Орталық Азияның су секторы үшін адами әлеуетті дамыту» тақырыбындағы жоба жүзеге асырылуда.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы су бағыты бойынша білім беру қызметтерін ұсыну үшін Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру ұлттық зерттеу университетімен қос дипломдар беру бойынша төрт білім беру бағдарламалары әзірленді. Бұл бағдарлама биылғы оқу жылынан қолға алынды. Яғни студент алғашқы екі жылын Дулати университетінде оқыса, соңғы екі жылын Ташкентте жалғастырады, нәтижесінде, екі жоғары оқу орнының дипломын алып шығады. Бүгінгі күні «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» және «Мелиорация және агрономия», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» білім беру бағдарламалары бойынша Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру ұлттық зерттеу университетінің ғалымдарының келуі күтілуде.
– Су саласы бойынша жаңа мамандықтар ашу көзделуде ме?
– Саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру және автоматтандыру», «Гидроэнергетика», «Су шаруашылығының экономикасы», «Су дипломатиясы» сияқты білім беру бағдарламаларын ашу көзделуде. Себебі су иесімен тиімді келіссөздер жүргізу, гидротехникалық құрылымдарды салу, оларды қалыпқа келтіру, автоматтандыру, су көздерінен энергия алу, су есебін жүргізуде аталған мамандарға алдағы уақытта сұраныстың артары сөзсіз.
– Су ресурстары бойынша Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болған Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын қайта құру туралы ұсыныстар БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде көтерілуде. Бұл жөнінде сіздің ойыңыз қандай?
– Иә, бұл мәселе бойынша республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Су шаруашылығының жоғары оқу орны керек» тақырыбымен көлемді мақалам шыққан болатын. Сол жерде біраз ойларымды жазғанмын. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары (сол уақыттағы Президент кеңесшісі) Қанат Бозымбаев «Global Water» халықаралық форумында су мәселесін қозғады. Қ.Бозымбаев: «Әзірше біз су ресурстарын өте-мөте рәсуа етіп пайдаланамыз. Біз суды рәсуа ету бойынша көш бастап тұрмыз», – деп, Тараз қаласында су саласы бойынша мамандандырылған жоғары оқу орнын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл – қажеттіліктен айтылған ұсыныс. Басқа емес, өзіміздің аймақтың өзінде 6 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын (Тасөткел, Ынталы, Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз) қайта жаңғырту, 2025 жылға дейін республикалық бюджет есебінен жаңа 3 су қоймасын (Ырғайты – 15,2 млн текше метр, Қалғұтты – 14,6 млн текше метр, Ақмола – 11,1 млн текше метр) және жергілікті бюджеттен 3 су қоймасын (Андас-1, Андас-2, Андас-3) салу көзделіп отыр. Осы орайда су мамандарына деген сұраныстың арта түсуі заңдылық. Жаңадан құрылатын жоғары оқу орнын құрудың негізгі мақсаты – кадр тапшылығы мәселесін шешу болмақ. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.
– Су мамандарының мәртебесін көтеру және осы мамандыққа мектеп бітірушілердің көптеп келуін қамтамасыз ету бағытында қандай шараларды қолға алу керек? Кәсіби бағдар жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?
– Үкімет батыл қадамдар жасауы қажет. Су шаруашылығындағы ғалымдарға жағдай жасап, жоғары жалақы тағайындау керек. Сондай-ақ мемлекет су проблемалары бойынша технопарктер мен заманауи зертханаларды ашуға қолдау жасауға тиіс. Бұл даярланатын кадрлардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі. Су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкірт ақысын екі-үш есеге дейін көтеру және жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана мемлекет тарапынан беріліп отырған білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Қазіргі кезде тек 30 пайыз шамасында игерілуде. Сонымен қатар кәсіпорындар мақсатты жолдамамен мамандар даярлауды қолға алуы керек. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына су саласының түлектерін тартуға тиіспіз. Мамандарды әлеуметтік қамтамасыз етуді кепілдендіру, біліктіліктерін жүйелі арттыру, жалақыны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау арқылы ғана мұрап мәртебесін жақсарта аламыз.
Кәсіби бағдар жұмыстары жыл бойы жүргізіліп келеді. Облыстың барлық аудандарында ашық есік күндері ұйымдастырылды, қалалық мектеп бітірушілерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Өзбекстан Республикасында кәсіби бағдар жұмыстары қазақтар жиі қоныстанған ең ірі аймақ – Қарақалпақстан Республикасында, Ташкент, Науаи, Бұхара, Хорезм, Сырдария облысы аудандарының мектептерінде жүргізілді. Алдағы уақытта көршілес облыстарда жүргізілмек.
– Болашақ су инженерлері қандай болуы керек?
– Бүгінде технологиялар мен техника дамыған заманда бұл мамандарға артылар жүк жеңіл емес. Қазіргі маман су үнемдеу технологияларын енгізуге, қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға қабілетті болуы керек.
Бізге жүйелі ойлау мен талдауды, IT-технологияларын меңгерген, су ресурстары мен оларды басқару саласын түсінетін білікті мамандарды дайындау өте қажет. Судың тапшылығы мен тасқыны экологиялық дағдарысқа әкелетіндіктен, біз тек инженер-гидротехниктер емес, суларды тазарту үшін инженер-химиктер мен экологтар, білікті биологтар қажет болатынын ескеруіміз керек.
– Өзіңізге мәлім, бүгінде батыс пен шығыс өңірде тасқын су толастамай тұр. Сарапшылардың пайымынша, жыл сайын қазақстандықтарды қарғын судың ортасында қалдыратын бұл жайт елдегі білікті су мамандарының тапшылығынан көрінеді.
– Шыны керек, еліміздегі орын алып жатқан су тасқыны табиғи апат болғанымен, оның алдын алу мүмкіндіктері болды. Қар қалың түскеннен бастап мамандар болжамдарын айтты. Үкімет тарапынан жетерлік қаржы да бөлінді. Алайда жауапсыздық пен қабілетсіздіктің салдарынан біз осындай үлкен қатер туғыздық. Бұл білікті су мамандарының, инженерлердің қажеттілігін, оларды дайындаудың қаншалықты өзекті екенін көрсетті.
Бүгінде ескерусіз жүрген мамандықтардың бірі – су мамандары. Бұрынғыша айтсақ, ол – егіс суаруға басшылық ететін тоғанбасы, суды егістікке бөлетін арық, атыз, тоғанды жөндеу жұмыстарын жүргізетін маман, яғни инженер-гидротехник. Мұрап дегеніңіз елеусіздеу кәсіп көрінгенмен, егін шаруашылығы саласында таптырмас маманға айналып тұр. Өйткені егістіктен мол өнім алу – сол мұрап тарапынан танытылар ерекше бабы мен күтімінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Керек десеңіз, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл кәсіп шыдамдылық пен қара күшті, ептілік пен ұқыптылықты қажет етеді. Қазір олардың еңбегін елеп, ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Ал кешегі кеңестік кезеңде осы кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған ата-апаларымыздың даңқы жер жарды емес пе?! Тіршілік нәрі басты мәселеге айналып отырған еліміз үшін су мамандары ауадай қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.