Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білікті мамандар бізде даярланады

0 347

Қазіргі дәуір – қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын өзгерістер кезеңі. Адамзат қоғамының одан әрі өсіп-өркендеуінде ғылымның атқаратын орны ерекше. Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы тәуелсіздік жылдарында өзгелермен терезесі тең болу үшін дамудың айқын жолын таңдап келеді. Сондықтан қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымға баса назар аударып отыр. Әсіресе университеттердің ғылыми әлеуетін күшейтуге мән беру қажет екенін тілге тиек етіп жүр.

Расында, ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындауға тиіспіз. Бұл ретте үздіксіз кәсіби білім беру жүйесінде университеттердің орны айрықша. Өйткені жоғары білім – ғылым мен мәдениеттің тоғысқан жері.
Сапалы маман саланы дамытатынын ескерсек, маманды даярлайтын жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті болуы керек. Бұл ретте еліміздің оңтүстігіндегі еңселі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғылымның дамуы мен өмірін осы салаға арнағысы келетін жас мамандардың тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған. Ал «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінде білікті кадрлар даярлау ісі жүйелі жолға қойылған.
Жаратылыстану ғылымдары саласында қоғам дамуына үлес қоса алатын, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындауды мақсат еткен факультет бұл мақсатқа жету үшін халықаралық стандарттарға сай келетін жаратылыстану ғылымдары саласындағы мамандарды дайындаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, жаратылыстану ғылымдары саласында ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтасу, халық арасында жаратылыстану білімін насихаттау секілді міндеттерді орындап келеді. Сонымен қатар мұнда «Биология», «Химия», «Химия-биология», «Физика және информатика», «Математика», «Тарих және география» бағыттары бойынша мұғалімдер дайындалады.
«Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің түлектері экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде ғылым мен білім саласында сұранысқа ие. Ғылыми факультеттің нақты мақсаттары мен міндеттері белгілі бір университет пен аймақтың ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен жалпы ғылым факультетінің міндеті – ғылым мен білімнің дамуына ықпал ету, сонымен қатар қоғам дамуына үлес қоса алатын жоғары білікті мамандарды дайындау.
Факультет құрамындағы маңызды жұмыстардың бір бөлігін «Химия» кафедрасы атқарып келеді. Кафедрада бакалавриатта «Химия мұғалімдерін даярлау», «Химия және биология мұғалімдерін даярлау» және магистратурада «Химия педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар оқытылады. Мұнда мамандандырылған арнайы лабораториялар мен құрал-жабдықтармен қамтылған және оқудың инновациялық технологиясы енгізілген.
Ал өткен жылы «Химия» кафедрасының базасында «Менделеев сыныбы» өз жұмысын бастады. Онда 10-сыныптың 50 оқушысы және 11-сыныптың 25 оқушысы бар. Аталған жоба Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісім аясында жүзеге асты.
«Менделеев сыныптары» – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті әзірлеген және өңірлік білім басқармалары мен химия саласының индустриялық серіктестерінің қолдауымен жоғары оқу орындары базасында іске асырылатын жалпы білім беретін мектептердің 10 және 11-сынып оқушыларына арналған білім беру жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің химия саласы үшін болашақ кадрларды даярлаудың барлық кезеңдерінде химия мен математиканы оқыту деңгейін арттыру.
Жобаға дайындық шеңберінде «Қазфосфат» ЖШС «Менделеев сыныптарының» әрбір оқушысы үшін химиялық реактивтер мен зертханалық керек-жарақтар жиынтығы – «Менделеев бокстары» түрінде материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Химия кафедрасының базасында химия және математика пәндерінен дәріс және практикалық сабақтар өткізу үшін екі жабдықталған жай дайындалды. «Менделеев сыныптарын» бітіргеннен кейін түлектер Дулати университеті мен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ қабырғасында сапалы химиялық-технологиялық білім алуға бірегей мүмкіндік алады.
Жалпы «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті мектептер мен колледждерде пән мұғалімі, бағдарламалау бойынша оқытушы, жүйелік әкімші, курс әзірлеушісі, инспектор, әдіскер, биолог, зертханашы-зерттеуші, ғылыми қызметкер, эмбриолог (эмбрионды зерттеу), эпидемиолог, цитолог, медициналық-санитарлық іс-шаралардың алдын алу және жою бойынша оқытушы (колледж), гигиена және эпидемиология оқытушысы (колледж), ботаник, зоолог, зертханашы-зерттеуші, өсімдік гистологиясы, физиологиясы бойынша маман, жабайы табиғатты зерттеу биологы, энтомолог, жаратылыстану пәнінің оқытушысын (колледж) дайындау секілді бағыттар бойынша кәсіби қызмет түрлерін көрсетеді.
Ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, мәдениеттің де, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да нағыз жанды өкілі. Ал қазіргі уақытта педагогтардың мәртебесіне барынша көңіл бөлініп отырғанын ескерер болсақ, Дулати университетінде білім алған ұстаздардың кез келген білім ошағында бағалы кадр болатынына шүбә жоқ.
Факультетте бұдан бөлек, магистратурада «Математика педагогтарын даярлау», «Физика педагогтарын даярлау», «Информатика педагогтарын даярлау», «Химия педагогтарын даярлау», «Биология педагогтарын даярлау», «Тарих педагогтарын даярлау», ал докторантурада «Физика педагогтарын даярлау» деңгейлері бойынша мамандар дайындалады.
Осы уақытқа дейін білімді мамандар оқыту ісінде үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан факультеттің жұмыс елімізде де, шет мемлекеттерде де жоғары бағаланып келеді. Осының арқасында факультет Чехияның Томаш Бат университеті, Түркияның Гази және Карабюк университеттері, Польшаның Лодз университеті, Литваның Витаутас Магнус университеті, Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті, Томск мемлекеттік педагогикалық университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Қырғызстанның Б.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университеті, Индонезиядағы Сұлтан Сиариф Касим атындағы мемлекеттік ислам университеті секілді іргелі оқу орындарымен берік байланыс орнатқан.
«Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің ғылыми-зерттеу жұмысының саясаты жаратылыстану-математикалық ғылымдары саласында іргелі, ізденіс және қолданбалы жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта факультетте профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторлары жұмыс істейді. Факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ғылыми жобалар қаржыландырылған. Факультет ғалымдары тарапынан бірнеше монография басылып шыққан. Ғылыми мақалалары халықаралық басылымдарда, нөлдік импакт-фактор журналдарында жарық көрген.
Факультетте заманауи робототехника мен кибернетика зертханасы қызмет етеді. Робототехника зертханасы мектептердің оқу үрдісіне робототехникамен байланысты элективтік курстарды ендіру бойынша консалтингтік қызмет көрсетеді.
Факультетте бірнеше ғылыми үйірме жұмыстары жүргізіледі. Олардың қызметінің негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін қарқындату, олардың ғылыми зерттеулерге қатысу жолымен, әр студент үшін өзінің қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке тұлғаның шығармашылық дамуына өз құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Жалпы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алудың беретін мүмкіншіліктері мол. Олардың қатарында көптілді білім беру бағдарламасын, қос дипломды білім беру бағдарламасын, әскери кафедра, білімді оқытушы-профессорлық құрамын, су шаруашылығын зерттеуде республикадағы жетекші университет екенін, инклюзивті оқыту жүйесін, оқу ақысын төлеудің икемді жүйесін, халықаралық StartUP жобаларын әзірлеуін, тәжірибеге бағытталған оқу үрдісін және ағылшын, қытай, неміс тілдерін тегін оқуға мүмкіндік барын айтып өтуге болады.

Айнур МЕНЛИБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Жаратылыстану ғылымдары» факультеті
«Химия» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.