Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ата-аналардың шынайы алғысы бізді алға жетелейді»

0 2  157

Қарым-қатынас мәселесін психологиялық, педагогикалық тұрғыдан зерттеу әлемдік ғылымдарда өзекті мәселе болып көтеріледі. Қоғамда бала денсаулығы мен ұрпақ саулығы әрқашан маңызды тақырыптардың бірі бола бермек.

Бүгінде аутизм әлемдік деңгейдегі мәселеге айналған. Сондықтан 2007 жылы 18 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында арнайы қаралып, нәтижесінде, 2008 жылдан бастап 2 сәуір – Аутизм туралы ақпарат тарату күні болып жарияланды.
Шынын айтқанда, аутизм Қазақстанда көп айтыла бермейді. Статистика бойынша, елімізде төрт мыңдай бала осы дертпен есепке алынған. Диагнозы ерте анықталса, ондай баланы мектепке дейін оңалту мүмкіндігі бар екенін медицина дәлелдеп отыр. Өзекті мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизм орталығының басшысы Эльнура Тортаевамен сұхбаттасқан едік.
– Эльнура Нұрғазықызы, «Асыл Мирас» аутизм орталығының жұмысы жайлы айтып өтсеңіз?
– Біздің орталықтың мақсаты – эмоционалды-еріктік саласы мен мінез-құлқы бұзылған балаларды басқа азаматтармен бірдей қоғам өміріне қатысуға мүмкіндік жасауға бағытталған өмір сүру шектеулерін жеңу және өтеу үшін жағдай жасау. Яғни 0-ден 18 жасқа дейінгі эмоционалды-сауықтыру саласы мен мінез-құлқы бұзылған балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау, баланың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау. Бүгінгі күні орталықта 18 педагог қызмет атқарады. Қызметкерлер «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырған педагогтар. Барлығы бір мақсатта – балаға сауығып кетуге қол ұшын беру жолында еңбек етеді.
– Бүгінде мұнда облыс бойынша қанша бала қамтылған?
– Облыс бойынша 124 бала түзету көмегін алуда. Шалғай ауылдардан келетін балалардың ата-аналарын «Қарқынды курс бағдарламасы» бойынша түзету жұмыстарын дұрыс жүргізуге бағытталған кеңестер беріліп, оқытылады. Әрбір бағдарламаны жүргізу үшін 3 ай уақыт қажет. Орталықтың қызметі, әрине, тегін. Баланы мекемеге қабылдау ата-анасының (заңды өкілдерінің) келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүргізіледі. Әр бағдарламаның жүргізілуі 3 ай кезеңді құрайды. Аптасына 3 рет 1 сағаттан, 36 сабақтан тұрады. Сабақта міндетті түрде ата-аналар қатысуы қажет.
– Орталықтағы балаларға қандай әдістеме негізінде көмек беріледі? Тәрбие, оқу процесі қалай жүргізіледі?
– Эмоционалды-еріктік саласы және мінез-құлқы бұзылған 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына консультациялық көмек көрсету процесінде диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі (аутизм қаупіне m-CHAT скринингі, ADOS-2 аутизмі кезінде диагностикалық тексеру жоспары). Жоғарыда айтқандай, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша эмоционалды-еріктік саласы мен мінез-құлқы бұзылған 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар олардың даму деңгейін ескере отырып, «оқыту дағдыларын дамыту», «өмірлік дағдыларды дамыту», «ерте қолдау», «әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Джаспер» және «қарқынды курс» атты «Көмек» бағдарламасының біріне қабылданады.
– Жалпы аутизмге шалдыққан немесе осы дерттің белгілері бар балалармен жұмыс істеу оңайға соқпайтын шығар?
– Әрине, оңай емес. Бірақ біз маман ретінде өзімізден бұрын балаға қалайда көмектесу, қандай жолмен болсын қол ұшымызды беріп, сауығуына септігімізді тигізу мақсатын басты басымдық етіп алып, қолдан келгенімізді жасаймыз. Алдымызға келген балаға, үміттеніп келген анаға тамшыдай көмегіміз тиіп, баланың жағдайы жақсарса немесе үлгерімі ілгері жылжыса, өзіміздің еңбегіміздің ақталғанын сезініп, күш-қуат аламыз. Ата-аналардың шынайы алғысы бізді алға жетелейді. Орталығымызда өз ісінің нағыз мамандары қызмет атқарады. Көбінесе бұл дертке шалдыққандардың ата-аналарымен бірінші кезекте жұмыс істеп, психологиялық, моральдық қолдау беру арқылы, баласының айығып кетуіне сенім білдіруіне септігімізді жеткізу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан біздің орталық ата-анамен, баламен бірлесіп жүйелі жұмыс істейді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.