Қалалық қоғамдық-саяси газет

Киносыншы: «Халық үшін Қоянбаевтар мен Бадықовалар өтімді болатыны өкінішті»

0 801

Бүгінгі әуесқой киногерлеріміз әліппені меңгермей жатып кітап жазғысы келетін жеті жасар бала сияқты. Кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова кинонарықта комедияның қаптауы дұрыс үрдіс емес екенін айтады. Сөзінше, отандық кино әлдебір жаңашылдық пен жас буын жетіспейді.

 – Фильм халықты тәрбиелейді және мәдениет қалыптастырады. Алайда, елімізде қысқа мерзім ішінде пайда табуға ұмтылатын фильмдер саны көбейген сияқты… Мәселен, кейбір көрермен қазіргі шығып жатқан фильмдердегі тілдің шұбарлығын, орынсыз әзілдерін сынап жатады. Сіздің ойыңызша, мұндай жеңіл әзілдерге бейім фильмдердің жиілеуі дамушы елдерде қалыпты тенденция ма, әлде басқада факторлар бар ма?

Француз ойшылы әрі дипломаты Жозеф де Местр «Әрбір халықтың өзіне лайық үкіметі бар» деген екен ғой. Сол сияқты әр халықтың кинематографы да көрерменіне лайық. Егер экранымызды мәдениеттен жұрдай, төмен деңгейлі фильмдер жаулап алса, демек біздің көрерменнің деңгейі сол болып тұр ғой. Әйтпесе, талғамы қалыптасқан, өресі биік көрермен бүгінгі таңда үлкен экрандардан ұсынылып жүрген фильмдерің басым көпшілігін көруге келіспес еді. Себебі, халықтың деңгейі осы. Тәуелсіздік алған сәттен «Алдымен – экономика, сосын – саясат!» деп ұрандатып жүріп, жас ұрпақтың білімі мен рухани тәрбиесі жайына қалды. Оның жемісін енді көріп, қасіретін сезініп отырмыз. Өткенде ғана Дархан аға Әбдік «Демократия – талғамды төмендетеді» деген еді. Сөзінің жаны бар сияқты…

– Отандық кино неге мұндай деңгейге түсіп бара жатыр?

Өткен жылы кинотеатрларымыздан жалпы есеппен жетпіске жуық отандық өнім ұсынылды. Оның басым көпшілігі төмен деңгейлі, айтар ойы жоқ, бірі екіншісіне ұқсас, мән-мағынасыз комедиялар. Бұл, әрине, кино саласын меңгермеген, болмысын түсінбейтін шоу бизнес пен той бизнес өкілдерінің келуінен. Кеше ғана той басқарып жүрген әзілкештер мен сол тойда ән салып жүрген әншілер киноның үлкен ақша көзі екенін байқады. Баяғыда сәл байығандар екінші әйел алушы еді, қазіргілер кино түсіретін болды.

«Сан көп болса, сапа болады» деп жатады ғой. Бірақ сапа тек біліммен, біліктілікпен ғана келеді деп есептеймін. Ал бұлардың арасынан киноның дамуына үлес қосып, оны шын ниетімен дамытқысы келетін біреуін байқамадым. Киноны дамыту – Голливуд пен Болливудтың «С» санатына жататын фильмдерінің мыңдаған әлсіз көшірмесін жасау емес. Өмірінде бір кітап оқымаған адам өзгеге не беруі мүмкін?! Егер адам өмір бойы бірінші сынып деңгейінен өспесе, оның жазуы деңгейі де, сөз саптауы да сол деңгейде қала бермек. Сол сияқты киноның да тек өзіне ғана тән тілі бар, өзгеше табиғаты бар. Бүгінгі әуесқой киногерлеріміз әліппені меңгермей жатып кітап жазғысы келетін жеті жасар бала сияқты.

– Көрермен талғамын қалай көтереміз? Бізде кино өнеріне қатысты қандай мәдениет жетіспейтінін байқайсыз?

Әрине, ағартушылықпен айналысуымыз керек. Көрермен бойына кино көру мәдениетін сіңіріп, талғам қалыптастыру жолында жұмыстар атқарылуы тиіс. Мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да бүгінгі таңда кино – өнердің алды. Себебі еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін күні-түні экран алдында отырады. Киноның басқа өнер түрлерін артықшылығы – оның қолжетімділігінде. Дұрыс мақсатта пайдалансақ, кино арқылы еліміздің көкжиегін кеңейтіп, өресін өсіре аламыз. Дұрыс пайдалана алмасақ, бізге жат мәдениеттің қоқысын әрі қарай миларына сіңіріп, деңгейлерін түсіреміз. Мәселе – ертеңгі  ұрпағымыздың қандай болғанын қалауымызда. Жақсы болсын десек, мектеп қабырғасынан бастап кино өнерін үйрететін үйірмелер немесе пәндер қосылғаны жөн. Мысалы, әдебиет, музыка тарихы, бейнелеу өнері сияқты киноның да тарихы, оның әліппесі оқытылуға тиіс.

Осыдан оншақты жыл бұрын «Киноман», «Кино алаңы» іспеттес журналдар бар болатын. Цифрлық заманның ағымына ере алмай, ол басылымдар жабылып қалды. Бүгінгі таңда кино жайлы бір де бір басылып немесе сайт жоқ. Телеарналардан шығатын бағдарламалардың өзі саусақпен санарлық. Мысалы, кино түсіруге мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ, шығып жатқан фильмдер жайлы жазатын, саралайтын, кәсіби талдаулар жасайтын  алаңымыз жоқ. Осы уақытқа дейін ең болмаса бір режиссердің шығармашылығын зерттеуге  мемлекет тарапынан бір тиын бөлінбеді. Басылған бірен-сараң еңбектер авторлардың өз қаражаттарына жарияланды. Студенттерімізге сол Кеңес дәуірінен қалған әдебиеттерді оқытуға мәжбүрміз. Бүгінгі үрдіс жайлы дәл бүгін жазылмаса ертең кеш болады. Режиссерлердің шығармашылығы дәл бүгін зерттелмесе, олардың есімдері ертең-ақ ұмыт болады. Қызық болғанда, былтыр ғана кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтің шығармашылығы мен авторлық стилі жайлы француздар кітап шығарыпты. Жанымызда тұрған Ресейдің өзінде бір ғана Андрей Тарковский жайлы жүздеген еңбек бар. Басқаларын айтпасақ та болады. Осы мәселені билікте отырғандар ойланса екен деймін. Мүмкін, халықтың деңгейінің төмендігі үшін айыпты халық емес, осыған көңіл бөлмей отырған билікте шығар?!

Сонымен қатар бізге Еуропа елдеріндегідей тек авторлық, демек, арт-хаус бағытындағы өнер туындыларын көрсететін арнайы кинотеатрларды ашу аудай қажет болып отыр. Себебі, терең таным мен биік талғамды тоғыстыра отырып суреткерліктің құзар шыңына көтерілген мәні мен мағынасы зор туындыларымызды жекеменшік кинотеатрлардан көрсетуге мүмкіндігіміз жоқ. Тек қаржы тілімен сөйлесетін кинотеатр иелері касса көп жинай бермейтін авторлық туындыларды көрсетуге зауқы жоқ. Әрине, терең философиялық тақырыптарды қаузап, әлеуметтік мәселерді көтеретін туындыларды екінің бірі көргісі келмейді. Қарапайым халыққа Нұрлан Қоянбаев пен Дариға Бадықованың белден төмен әзілдерден құрылған мәдениетсіздік пен надандықты насихаттайтын фильмдері өтімдірек болып тұрғанын жоққа шығара алмаймыз, өкінішке қарай.

 – Елімізде комедия жанрын жеке режиссерлер өз қаржысына түсірсе де, тексерістен өтуі керек емес пе, әлде бұл қалай…

Мен қазір Ұлттық киноны қолдау орталығының жанандағы Сарапшылар кеңесінің мүшесімін. Біз мемлекеттің қаржысына түсірілетін фильмдерді сценарий деңгейінен бастап, толық аяқталғанына дейін бақылауда ұстаймыз. Алайда, жекеменшік студиялардың түсіріп жатқан фильмдеріне еш қатысымыз жоқ. Этикадан жұрдай, адам өмірін құнсыздандыратын, ашық түрде надандықты насихаттайтын фильмдерді көргенде, осыны экранға шығаруға кім рұқсат берді екен деген сауалдар мені де мазалайды.

Білуімше, еліміздегі кез келген фильмді кинотеатрлардан көрсетпес бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі прокат куәлігін беруі қажет. Бірақ куәлікті беру немесе бермеу мәселесін кім шешетінін, ол комиссияға кімдердің кіретінін білмеймін. Меніңше, ол комиссия құрамында міндетті түрде кино саласының мамандары, демек, кинорежиссерлер, кинотанушылар, кинодраматургтар және мәдениеттанушылар мен өнертанушылар  сияқты білікті мамандар болуға тиіс.

– Жалпы,  Қазақстаннан Стивен Спилберг, Кристофер Нолан сияқты талан иелері қашан шығады? Мұндай дарыны бар жастарға қандай жағдай жасалуға тиіс? Киноны бастаған кезде олардың да мол қаражаты болмаған ғой.  

Дұрыс айтасыз, Спилберг те, Нолан да өз шығармашылығын азғантай ғана қаражаттан бастаған. Мәселе қаржының көлемінде емес, режиссердің біліктілігінде. Голливуд киносының артықшылығы – олардың продюсерлері мықты. Кәсіби біліксіз, жемқорларға ол жерде орын жоқ. Батыс киногерлері прокат барысында салынған қаражатты еселеп қайтаруды алдын ала жоспарлайды. Прокатта қайтарылымы жақсы болу үшін фильміңнің сапасы да соған сай болуы шарт. Сондықтан, олар бар күштерін салып, көрерменге жоғары деңгейлі туынды ұсынуға тынбай еңбектенеді. Біздің киногерлердің  кемшін тұсы түсірілімнен кейін емес, түсірілім барысында ақша жымқырып қалғылары келеді. Өз басым фильмдерді көріп отырып, оның түсіріліміне сметада көрсетілген қаражаттың жартысы да кетпегенін байқаймын.  Осы ретте біздің киногерлерге қаражат бөлу барысында белгілі бір лимит болғаны дұрыс. Мысалы, тарихи ауқымды жобаға бес жүз миллион, заманауи тақырыптағы фильмге екі жүз миллион  көлемінде лимит қойылғаны жөн. Әйтпесе, мемлекеттен миллиардтап алып, соңында өте сапасыз туындылар ұсынған жағдайлар да болды.

 – Бүгінгі таңда аз қаражатпен фильм түсіру мүмкін бе?

Жалпы, экран өнерін шын сүйетін, осы саланы дамытқысы келетін авторлар қаражаттың көлеміне қарамастан киноны өркендетіп, көрерменнің өресін өсіретін, тәлімді, мән-мағыналы дүниелер жасай алатындарына сенемін. Дарын мен ниет болса жеткілікті.  Ал, біздің елде дарынды жастар жоқ емес. Тарихта режиссерлердің алуан жанрдағы фильмдерді – камералық драмаларды, хор­рорлар мен триллерлерді, тіпті детективтерді қыруар бюджетсіз-ақ түсірген кездері көп болған. Алысқа бармай-ақ қояйық, осыдан 7-8 жыл бұрын қазақ киносында қазіргі танымал режиссер Әділхан Ержанов бастаған «партизан киносы» деген қозғалыс болды. Оның құрамына бірнеше Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Асқар Ұзабаев қатарлы т.б режисерлер кірді. Олар аз ғана бюджетке драмалық фильмдер түсіруге болатынын, және ол фильмдер көрермен тарапынан сұранысқа ие болатынын дәлелдеді.

Дәл бүгін қазақ киносында осындай қозғалыстар – жаңа көзқарасы бар жас буын режиссерлер жетіспейді. Жанрдағы әлдебір ерекшелік, жалпы фильм түсіру әдісіндегі әлдебір жаңашылдық кемшін. Сондықтан, микробюджетпен тек комедия ғана түсіре аламыз деген жаңсақ пікірден арылу керек. Егер драматургия тұрғысынан ерекше және қызықты болса, тіпті бүкіл фильмді көліктің салонында бір ғана актермен түсіріп шығуға да болады. Қазір бір ғана локацияда түсірілген шетел фильмдері өте көп… Мәселе ақшада емес, идея мен кәсіби біліктіліктің жеткіліксіздігінде…

 – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

massaget.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.