Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңғыру жолы – бір белес

0 582

«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда айтулы шаралар өткізілді. Бұл мақала – бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын әлемге танытудың алғышарты.

Аталмыш бағдарламаны іске асыруда арнайы жоспар бекітіліп, жоспарға сай іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар бағыты үшке бөлінді. Атап айтсақ, тұлғаны дамыту бағыты бойынша (білімнің салтанат құруы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы) – 35 іс-шара; ұлттың дамуы, халықаралық позициялау бағыты бойынша (ұлттық бірегейлікті сақтау) – 29 іс-шара; мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы бағыты бойынша (мемлекеттік революциялық емес, эволюциялық дамуы) – 28 іс-шара бекітілді. Ағымдағы жылы қала көлемінде жалпы бағдарлама аясында 400-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 180 мыңнан аса қала тұрғыны қамтылды. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Абай әлемі – халықтың мәңгілік өшпес мұрасы» атты театрландырылған көрініс, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында «КӨРПЕ FEST» мегафестивалі аясында «АНАЛАР АМАНАТЫ» атты ақысыз семинар-тренинг, «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім» атты патриоттық акция, «KITAP FEST» фестивалі, көпбалалы және жалғызбасты әйелдерге арналған шеберлік сағаты, «Отбасы – қоғамның негізі» атты кездесулер ұйымдастырылды.

Бағдарламаның «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында демеушілер мен меценаттарды тарту жұмыстары да қарқынды. Атап айтқанда, 2 пәтер, 1 үй берілді. 1 спорт кешенінің құрылысына, 3 көшенің түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге, 3 көпқабатты тұрғын үйдің сыртын муралдауға демеушілік көмектер көрсетілді. «Асар» жобасы бойынша 2 үй пайдалануға беріліп, 1 үйдің құрылысы жүргізілуде. Инклюзивті балалар ойын алаңшасы, «Қаратау» (2) шағын ауданындағы балалар ойыны алаңы және спорттық кешені, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №2 психологиялық-педагогикалық түзету орталығы, «Келешек Тараз» ғылыми зияткерлік мектеп-лицейі, «Arai-ELITE» жеке элиталық мектеп-гимназиясы, №9 және №35 орта мектептерде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері пайдалануға беріліп, «Домбыра» ескерткіші ашылды.

Басқа да демеушілік, меценаттық, қайырымдылық көмектер көрсетілді. Коронавирустың алдын алу мақсатында қаладағы 3 ателье және 10 тігінші қыз-келіншек тегін (ақысыз) 10 000-нан аса бетперде әзірлеп, еріктілердің атсалысуымен қала тұрғындарына таратылды. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен еріктілер 17 000-нан аса бетпердені қала тұрғындарына таратты.

Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы тұрғындарына қалалық мәслихат депутаттарының ұйымдастыруымен тұрмыстық-техникалық заттар, гигиеналық заттар, киім-кешек, азық-түлік керуені жолданды.

«Halyk» қорының атынан аз қамтылған 1 500 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.

«Biz Birgemiz» акциясы аясында 22516 отбасына, «Қайырымдылық – жүректен» акциясы аясында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен тараздық кәсіпкерлер атынан 1000-нан астам мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері жеткізілді.

Карантин кезінде «NOMAD MMA» республикалық федерациясының президенті Г.Гаджиевтің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнетақысы төмен зейнеткерлерге, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік көмек алатын жалғызілікті қарттарға ыстық тамақтар жеткізілді.

Пандемия кезінде халық бір жұдырықтай бірігіп, жақындарына жанашыр болудан бөлек, қайырымдылықпен де көзге түсті. Жеке кәсіпкер М.Лештаеваның, журналист-блогер М.Анарбаеваның және басқа да белсенді азаматтардың қолдауымен «Гауһартас» мейрамханасында ас әзірленіп, коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге және емделуші науқастарға таратылды. Сондай-ақ қаламыздың белсенді кәсіпкерлері оттегі аппараттары және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге қолдау көрсетті. Осы орайда бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, көтермелеу, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын танымал ету мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясымен «ТОО Бақ-Industry» ЖШС құрылтайшысы Б.Тоғайбаев, елді мекендерді абаттандыруға, түрлі салаларда демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясымен «Бином» ЖШС-нің бас директоры С.Олжабеков, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды жүзеге асырғаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Вкусная корзинка» ЖШС, белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Жыл тұлғасы» номинациясымен «High Technоlogy Systems» ЖШС-нің құрылтайшысы Д.Муминов, волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясымен «Темірқазық» волонтерлер қозғалысының көшбасшысы Н.Жиенбай бағалы сыйлықтармен марапатталды.

2021 жылға қалалық «Рухани жаңғыру» офисі тарапынан бірқатар ауқымды жобалар мен іс-шаралар әзірленді. Олар: «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы аясында көпбалалы және жалғызбасты аналарға құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету, «Сәнді қоржындар» қоршаған ортаны қорғау, «Кино Travel», «Дарынды жас», «Қазақтың табақ тарту дәстүрі», «Тараздан тарту!», «Ер қаруы – бес қару» ұлттық ойындар фестивалі, «Тұлға time» атты деректі фильм, «Ұлы даланың дара тұлғалары», «Ана келбеті», «Менің идеалым», алаңдағы тоғызқұмалақтан қалалық турнир, аула ойындарынан қалалық фестиваль, «Алтын сақа» қалалық турнирі, тоғызқұмалақтан қалалық турнир. Оның ішінде 5 жоба – «Көпбалалы және жалғызбасты аналарға құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету», «Сәнді қоржындар» қоршаған ортаны қорғау, «Дарынды жас», «Тұлға time» атты деректі фильмі, «Ұлы даланың дара тұлғалары» республикалық іс-шаралар жоспарына ұсынылды.

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,
қала әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.