Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел даңқын асқақтатқан ер

0 9

Биыл өңірде даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы карантиндік шектеулерге қарамастан, өз деңгейінде аталып өтіп жатыр. Сондай шаралардың бірі шаһардағы тұлға есімін иеленген №45 қазақ классикалық гимназиясының қабырғасында ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Батыр мұрасы – таусылмас қазына» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция тамыз айының 18-і мен 24 желтоқсан аралығын қамтыған «Мақтан етем есімін Бауыржандай бабамның» жобасы бойынша «110 жұлдызды күн» ұранымен ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы есебінде өткізілді.
Жиын мектеп ауласындағы батыр ескерткішіне тағзым ету, гүл қою рәсімінен басталды. Шараға арнайы келген Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев мектеп қабырғаларында батыр есімінің ұлықталуына ерекше назар аудару мақсатында өткізіліп жатқан шаралардың маңызына тоқталды.

– Иә, бүгінде Бауыржан Момышұлы атамызды білмейтін қазақ жоқ. Заман озып, уақыт өткен сайын кейінгі толқын жас ұрпақ қаһарман атамыздың атын қастерлеп еске алып, ұрпақ жадына мәңгі тоқу үшін түрлі іс-шаралар атқарып келеді. Бүгінгі шара соның бір мысалындай болып отыр. Батыр есімін алған мектептің жүз күннен аса бабамыздың ерлігі мен өнегеге толы ғұмырын дәріптеу мақсатында ұдайы түрлі шаралар өткізуі өзге білім ошақтарына үлгі болуы тиіс. Мектеп қабырғасында осы атаулы дата қарсаңында жасалынып жатқан оңтайлы істердің барлығы жас ұрпақтың ертеңі үшін. Батыр бабамыздың да көзі тірісінде көксегені осы екенін оның нақылдарынан, елге өсиет болған даналық сөздерінен аңғарамыз. Біз бұл жолда аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Саясат Есеев.

Атаулы дата аясында тамыз айынан бастап халықаралық деңгейде Ресей Федерациясындағы білім ордасымен, республика көлемінде Қостанай қаласындағы батыр атындағы мектеппен шығармашылық байланыс орнатылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлымен, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұлмен кездесулер ұйымдастырылып, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп онлайн-кездесулер жүргізілген. Осы аталған шаралардың барлығы бір кітапқа топтастырылып, конференция аясында «Батыр мұрасы – таусылмас қазына» атты жинақтың тұсауы кесілді. Жаңа кітаптың лентасын батырдың ұрпағы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл қиды.

Бабамыздың 110 жылдығы тек арнаулы шаралармен шектелген жоқ. Мектепке қалалық білім бөлімінің бюджетінен арнайы 4 миллион 700 мың теңге бөлініп, спорттық алаң ашылды. Оқушылардың игілігі үшін пайдалануға берілген нысанда оқушылар бос уақытын тиімді өткізіп, спорттық шаралар ұйымдастырылмақ. Мұнымен қоса 11 миллион 800 мың теңгеге мектеп айналасы толықтай абаттандырылды.

Білім ұясының директоры Фарида Шортанбекова конференция барысында өзі басқарып отырған ұжымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, баба мұрасын зерттеудегі оқушылардың еңбегі туралы баяндады.

– Қаһармандық қайсар тұлғасы, сирек кездесетін озық ақыл-ойы, қарағайға қарсы біткендей мінезі, естіген жұртты тегіс тәнті ететін, бір жігітке жетерлік қасиеттердің барлығын бір бойына тоғыстырған Бауыржан Момышұлының есімі 1990 жылы Халық депутаттарының Жамбыл қалалық кеңесі атқару комитетінің №350 шешімімен гимназияға берілді. Бүгінгі таңда 2000-нан аса шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келеді. Батыр Бауыржан есімін биік тұғырдан түсірмеу парасаты биік ұстаздар мен білімі терең шәкірттердің ұранына айналған. Мектеп қабырғасында батыр атындағы мұражай 1990 жылы ашылып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күнге дейін жинақталған жәдігерлер батыр өмірінен сыр шертіп тұрғандай. Мерейтойға орай мұражай жаңа келбетке ие болып, заманауи ақпараттық-мазмұндық сипаттағы мультимедиалық техникамен жабдықталды. Осыған дейін шәкірттеріміз облыстық, республикалық білім сайыстарында оқ бойы озып, өзінің гимназия атауына лайық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Батыр Бауыржанның өнегелі ғұмырындағы қайсарлық пен өр мінезі туралы мағлұматтарға қаныға жүріп білім алған шәкірттеріміз білімде де, қоғамдық өмірде де өздерінің жан-жақты қырларын көрсетіп келеді, – дейді мектеп басшысы.

Мұражайда орналастырылған мультимедиалық техника Бауыржан Момышұлының тағылымды ғұмыры туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Бұл арқылы бабамыздың Жуалы ауданында орналасқан мұражайына 3D форматында және батыр шығармашылығына виртуалды саяхат жасауға болады. Гимназия ұжымының Av-форматындағы мерейтойға арнайы дайындаған деректі фильм де мультимедиалық экранда орналастырылған.

Жиынға арнайы шақырылған мейман ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл өзінің даңқты ағасы хақында тебірене ой ағытты.

– Баукең ажалды ұлы еркіндік деп атайтын. «Мен ұлы еркіндігімді аламын» деп отыратын. Сол ұлы еркіндігін алған соң, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Көзі тірісінде бабамыздың мұрасына бүкіл дүниежүзі таңданды. Бүгінде оның жазбалары, жазушылық қыры өзгеше сипат алып, жас ұрпаққа ұсынылып отыр. 1946 жылы Израиль мемлекеті Бауыржан Момышұлының «Волоколам тас жолы» кітабындағы соғыс тактикаларын өз тілдеріне аударып, өздерінің әскерін ұрысқа дайындады. Жас офицерлердің қолына қарумен қосып «Волоколам тас жолын» оқулық ретінде ұстатады. Бұл қазақ баласының қолбасшылық қасиетіне әлемнің түкпір-түкпірінде бас июшілердің көптігін аңғартады. Бұл біздің батыр бабамыздың мол мұрасының негізгі өзегіне барлай алмай отырғанымызды айғақтайды. Израильде, Кубада, Чехословакияда, Никарагуада, Түркияда бабамыздың лекциялары жоғарғы әскери оқу орындарында оқылады. Ал бізде жағдай қалай? Осыған барлауымыз керек, – деді батырдың ұрпағы.

Конференция барысында батыр есімін әйгілеу мақсатында тағы бір кітап оқушыларға жол тартты. ҚР Журналис-тер одағының мүшесі, ақын, «Бауыржан Момышұлы» төсбелгісінің иегері Ғайни Әлімбекқызы мен «Педагог тәлімі» облыстық журналының редакторы, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Гульнара Есмаханова Б.Момышұлының 110 жылдығына орай арнайы шығарылған «Біз – Бауыржан ізбасарларымыз» кітабының тұсауын кесті. Жаңа туындының барлығы да аталмыш мектептің кітапханасына табысталды.

Батырдың ұлық есімі мен батырлығы дәріптеліп, 110 күнге созылған іс-шаралар легіне осы конференцияда қорытынды жасалды. Тұлға есімін иемденген білім ұясының ұжымы өзге де мектептермен ZOOM арқылы байланыс орнатып, пікір алмасты. Мектепке жаңа тыныс берген атаулы датаға орайластырылған оқиғалар тізбегі мұнымен тоқтамақ емес. Бауыржан Момышұлының даңқы мен мұрасына тереңірек барлау мақсатында білім ұясы алда түрлі шаралар өткізіп, зерттеулер жүргізуді жалғастырмақ ниетте.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.