Қалалық қоғамдық-саяси газет

Толағай тірлік, өзгерген өңір

0 12

Тарих қойнауына енгелі тұрған 2020 жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Әлемді дүрліктірген пандемияның бірқатар саланың жұмысына кедергі келтіргені айтпаса да түсінікті. Бірақ карантин екен деп қарап отырған ешкім жоқ. Уақыт алға жылжыған сайын қарыштап даму да біздің шаһарға жат дүние емес. Осы орайда күн санап сәулеті мен дәулеті көздің жауын алған шаһардың экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны қандай? Жыл бойына қандай жаңалықтар мен есте қаларлық оқиғалар орын алды? Саралап көрелік…

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген С. Абжапаров, А.Қартабай

Өрге басқан өнеркәсіп

Кез келген өңір алдымен өзінің өнеркәсібін реттеп, оның кіріс-шығыс бюджетімен сараланады. Сандарды сөйлететін болсақ, шаһардың даму динамикасына оң баға беруге боларлықтай. Мәселен, қаланың өнеркәсіп саласы 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында қала кәсіпорындары 224 млрд 497,8 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп (2019 жылы – 253 789,2 млн теңге), физикалық индекс көлемі 100,3 пайызды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 708,6 млн теңгеге артық өнім өндіріліпті. Ал химия саласы қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің негізін құраушы екені сөзсіз. Бұл саладағы «Қазфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 141 млрд 61,5 млн теңгенің өнімдерін өндірген немесе өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 7 млрд 249,3 млн теңгеге артық өнім өндіріп отыр. Жалпы өнеркәсіптегі шығарылған өнімдегі олардың үлес салмағы 55,4 пайызды құрап отыр. Есепті кезеңде өнім көлемінің нақтылай көрсеткіші бойынша 2 631,1 мың тоннаға өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 140,5 мың тоннаға артқан. Қала деңгейіндегі бюджет бойынша өнеркәсіп саласының үлесі 13,2 пайызды немесе 2 млрд 121,2 млн теңгені құрап отыр. 2020 жылы жалпы құны 11 млрд 977 млн теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 920 жаңа жұмыс орнының ашылуы күн тәртібінде тұр. Ал 2021-2022 жылдары жалпы құны 9 млрд 404 млн теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 819 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде.

Тараздықтар тіршілік нәрінен тарықпайды

Биыл Таразда салықтан түскен түсім де ауыз толтырып айтарлық. Мемлекеттік бюджетке 41,3 млрд теңге салық пен өзге де міндетті төлемдер түскен. Оның ішінде облыс бюджетіне құйылған салық қаржысы – 28,4 млрд теңге. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында 10 млрд 616,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,5 пайызды құраған. Қазіргі таңда қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 98 цехтар мен кәсіпорындар жұмыс жасауда. Оның ішінде шұжық өндіретін цехтар – 27, сүт өңдеуші кәсіпорындар – 5, кіші наубайханалар – 10, нан цехы – 17, ұн өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар – 4, қымыз цехы – 1, қант шығаратын зауыт – 1. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 2158 адамды құрайды. Жалпы қалада шаруа қожалықтарының жерлері 458 га құрайды. Атап айтқанда, 20 га жерге арпа, 25 га жерге бидай, 5 га жерге дәндік жүгері, 3 га жерге картоп, 209 га жерге мал азығы дақылдары, 171 га жерге көкөніс, 25 га жерге қант қызылшасы егілсе, қалған 53 га жерге көкөніс егіліп, өнім жиналған.

Қалада қазіргі уақытта 31 610 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 25 083 жеке кәсіпкер, 6331 шағын, 30 орта және 166 шаруа қожалығы бар. Тіркелген субъектілердің ішінде жұмыс істейтіні – 22 661, оның ішінде жеке кәсіпкер – 18255, шағын – 4 240, орта – 30 және шаруа қожалығы 136-ны құрайды. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінен 0,2 пайыздық тармаққа төмендеген. Күнкөріс деңгейінің ең төменгі шамасы 29 264 теңгені құрады. Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 9974 адам өтініш білдірсе, оның 8181 адамы жұмыспен қамтылды немесе 82 пайызды құраған.

Тұрғындардың талабы орындалды

Әкімнің қай есебін алсақ та, қай қабылдауды қарасақ та, ең алдымен, коммуналдық мәселелер күн тәртібінің өзекті проблемасына айналғалы қаншама жыл болды. Бірі асфальт жоқ десе, енді бір тұрғын жарық пен көгілдір отынға шағым айтатын. Бірақ биыл бұл мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Тіпті Кеңес үкіметі уақытынан келе жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге де күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жоғары тұрған бюджеттерден 4 нысанды іске асыруға 1 млрд 304,0 млн теңге қарастырылып, бұл қаржыға келесідей жұмыстар атқарылуда. Олар: өткен жылдан өтпелі Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың құрылысы аяқталса, «Барысхан» алқабын сумен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі желтоқсан айының соңына дейін аяқталатын болады. Ал «Арай» алқабын электрмен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі және Ы.Дүкенұлы көшесіндегі су жүйесінің құрылыстары келесі жылға өтпелі.

Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым көпшілігі – қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері. Осы мақсатта қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шалғай Қарасу», «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын, «Құмшағал» станциясын және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы шықты.Ал сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға 2021-2022 жылдарға ұсынылатын болады.

Жоғарыда аталған алқаптарды газдандыру жұмыстары тұрғындардың бастамасымен жеке құрылыс серіктестіктер арқылы жүргізілуде. «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» шағын аудандары мен «Құмшағал» станциясына тұрғындардың жеке қаражаттары есебінен газ құбырлары тартылып, пайдалануға берілуде.

Ал 28 тұрғын (бұрынғы саяжай) бойынша, 9 саяжай алқабына газ желілері тартылып, тұрғындар табиғи газ тұтынуда. 19 саяжайға газ жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы тұрғын үй коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 3 млрд 378,0 млн теңге қаржы қарастырылды.

Бүгінгі таңда бөлінген қаржыға 80 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды (барлық үйлердің жұмсақ төбе жабындысы шатырлы жабындыға ауыстырылды, жертөледегі инженерлік жүйелер толығымен жаңартылды (жылу, ыстық су, суық су, сыртқы және ішкі кәріз құбырлары), электр жүйелері толығымен ауыстырылды, подъезд қабырғаларының ескі сылағы толығымен алынып, сәндік сырлау жасалды (декоративная отделка), ағаш терезелер пластик терезелерге ауыстырылды және барлық подъездерге темір есіктер орнатылды). Жөндеу жұмыстарына жұмсалатын құрылыс материалдары толығымен отандық өндіріс болып табылады. Бұл 80 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуге 25 мердігер мекеме жұмылдырылып, жұмыстар атқарды. Ал қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында мердігер мекемелердің демеушілігімен орталық көшелерде орналасқан 41 үйдің қасбеттері сырланды (Төле би даңғылы 26 үй, Абай даңғылы 9 үй, Жамбыл даңғылы 1 үй, Тәуке хан көшесі 2 үй және «Жансая» мөлтек ауданында 3 үй) және 15 үйдің қабырғаларына Нұр-Сұлтан қаласының зәулім ғимараттары мен ұлы тұлғалардың суреттері бейнеленген муралдар салынды.

Транспорттық инфрақұрылым нысандары бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 88,1 шақырымды құрайтын 100 көшені орташа жөндеуге 3 млрд 216,3 млн теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен қала көшелерінің шұңқырларын қалпына келтіру жұмыстарына 149,5 млн теңге және 9 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 398,6 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкікварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Тұрғын үй мәселесі де шешілуде

Жалпы ағымдағы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 3025 пәтерді құрайтын 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 7 үйі келесі жылға өтпелі болса, 47 үйі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Ал ағымдағы жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған «Арай» тұрғын алқабынан 45 пәтерлі 4 үй пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» мөлтек ауданында бір подъездік 15 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Жалпы бүгінгі таңда үй кезегінде 18887 адам тұр. Есепті кезеңге жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 72 524 азамат кезекте тұр. Алдағы уақытта осы жер кезегінде тұрған азаматтарға жер телімдерін беру үшін 3 алаң дайындалуда екен.

Автобустар билетпен жүруді бастады

Жылдың жағымды жаңалығының бірі қоғамдық көліктердің онлайн төлемге көшуі болды. Пандемияның да әсері айналып өтпеген бұл салада біраз тұрақтаулар мен жұмыстың тоқтауы болды. Бірақ соған қарамастан 50 пайызға қысқарған автобустар карантиндік шараларды сақтап, тұрғындарға қызмет көрсетуін жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінен бастап қалалық қоғамдық көліктерге «Tulpar card» электронды билеттендіру жүйесі енгізілді. Енгізуші оператор – «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС. Ағымдағы жылдың 8 қазанынан бастап Тараз қаласы әкімдігінің дифференциалды тарифті бекіту туралы қаулысы қолданысқа енді, яғни қаулыға сәйкес электронды жолақысын төлеу үшін тариф көлемі ересектерге – 65 теңге, мектеп оқушыларына – 30 теңге, қолма-қол төлеу тариф көлемі ересектерге – 130 теңге, мектеп оқушыларына – 65 теңге. Бүгінгі таңда қалалық бағыттардағы автобустардың барлығына төлем қабылдайтын 300 стационарлы валидатор және 352 мобильді терминал орнатылды. «Tulpar card» төлем карталарының (бірыңғай, мектеп оқушыларының) логотипі, дизайны және жүйенің өзіндік стилі әзірленген. Карталар ағымдағы жылдың 12 тамызынан бастап қаланың әр аймағында орналасқан 15 сату/теңгерім толтыру пункттерінде сатылуда. Жалпы бүгінгі күнге дейін 100 744 дана бірыңғай көлік карталары және 20 807 дана оқушы карталары сатылды. Сатылымда 47 256 бірыңғай карта және 26 193 оқушы карталары бар.

Тұрғындар мен пайдала-нушылардың «TULPAR Card» жүйесі және басқа да мәселелерге қатысты өтініштерін қабылдайтын орталық ашылды. Төлем карталарын сату/теңгерім толтырудың 15 пункті іске қосылды.

Жақынымызға жанашыр болуды үйрендік

Ағымдағы жылдың 16 наурызында елде төтенше жағдай жарияланып, халық біраз абдырады. Әлемді дүрліктірген коронавирус біздің мемлекетті айналып өтпеді. О баста «бұл үкіметтің саясаты, мұның бәрі жалған» деп кеуделерін соққан жұрттың біразы дертке шалдығып, өмірлерімен де қоштасты. Күн санап емес, сағат санап өскен көрсеткіш ешкімді бейжай қалдырмай, түптің-түбінде карантиндік шектеулерді қабылдап, сонымен өмір сүруді үйрендік. Бүгінде вирусқа қарсы иммунитет қалыптасты десек те, алғашқы толқында бұл дерттен қаншама шаңырақ жақындарынан айырылып, қан жұтып қалды. Жалпы еліміз бойынша бұл дертті 150 мыңнан астам адам жұқтырса, 13 мыңнан астам адам ауруды жеңіп шықты. Ал 2196 қазақстандық көз жұмды. Оның ішінде 61-і біздің облысымыздың тумалары. Әлем болып күресіп жатқан дерттің беті әлі қайтпады. Бүгінде еліміз бойынша карантиндік шаралар күшейтіліп, мереке күндері қонақ жинамауға, жиын-тойларға, мерекелік дастарқан басында жиналуға тыйым салынуда.

Бұл тұста дәрігерлердің жұмысы екі есеге көбейіп, дертпен күресуде алдыңғы шепке шыққандардың бірі ақ халатты абзал жандар болды. Бүгінгі таңда қаладағы медициналық мекемелерде дәрігерлер саны 1825 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда саны 112 дәрігерге өскен. 10 мың адамға шаққанда, дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 50,7 промильді құрап отыр. Ал орташа медициналық қызметкерлер саны 6362 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 бірлікке өскен.
Жалпы медико-демографиялық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы байқауға болады. Туу көрсеткіші ағымдағы жылдың 11 ай қорытындысымен 25,15-ті құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға өскен, дегенмен табиғи өсім 1,4%-ға төмендеп, 16,9-ды құрады. 2020 жылдың 30 қарашасына Жамбыл облысы бойынша тірі туғандардың жалпы саны 25194-ті құрады, өткен жылдың осы уақытында 23201 болған.

Тұрғындар игілігіне

Тотыдай таранған Тараздың сәулеттік келбеті жаңарып, бүгінде туризм саласының дамуында оң динамика көруге болады. Көктем айларында басталған пандемия бұл саланың жұмысына кері әсерін тигізді десек те, шаһарда бірқатар нысандар халық игілігіне берілді. Бұл орайда аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Атап айтсақ, Төле би даңғылының бойындағы (Сыпатай батыр көшесінен бастап Аққозиев көшесіне дейінгі) сквер мен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі пайдалануға берілсе, Адамбаев көшесінің бойындағы арбаттың құрылысы аяқталып, қаланың көркіне көрік қосып тұр. Сонымен қатар жаңадан соғылатын 14-ші мөлтек ауданның маңынан «Біз біргеміз» скверінде монумент ашылды. Арбат-3 құрылысы да аяқталса, Қазыбек би көшесінің бойында «Анаға тағзым» кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қонаев көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы сквері мен Қант зауыты аумағындағы «Даңқ» аллеялары абаттандырылды. Бұл да тұрғындардың игілігіне жасалған жұмыстардың жемісі.

Түйін:

Шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар шаш етектен. Өтпелі жобалар мен келер жылдың еншісіне қалдырылған істер ауқымды. Ең бастысы, даму динамикасы бойынша әр саланың өзіндік көрсеткіштері мен жетістіктерінің барлығын тізіп жазуға болады. Таразда жасалып жатқан тындырымды тірліктің барлығы тұрғындардың игілігі мен біздің жақсы өмір сүруіміз үшін атқарылып жатқан жағдай екенін ұмытпайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.