Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақындары желіде тараған видеодан кейін зейнеткердің мәйітін қайта қазып алуды сұрады

0 445

Қарттарға арналған интернатта көз жұмған зейнеткердің жақындары оның мәйітін қайта қазып алуды сұрады. Олар әйелдің неден көз жұмғанын анықтағысы келеді. Жақындарының мұндай шешім қабылдауына әжейдің өлімінен кейін тараған видео себеп болған. Кадрлардан зейнеткердің үсті көгергенін және түрлі жарақаттары бар екенін байқауға болады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

«Мына жер қатты ауырады, соққы осы жерден тиген. Көріп тұрсыз ба, мына жердің барлығы ауырады», – дейді әжей желіде тараған видеода.

Видеода Раиса Кузнецова денесіндегі жарақаттарын көрсеткен. Кадрлар әжейдің сіңілісі мен жиен немерелерінің таңданысын тудырған. Зейнеткер Тараздағы қарттарға арналған интернатта тұрған екен. Пандемия салдарынан кездесуге тыйым салыныпты. Ал бір ай бұрын Раиса әжей қайтыс болған. Әйелдің мұндай жарақаттары болғанын жақындары білмегендерін айтады.

«Біз мәйтті қайта қазып алуға келісеміз, себебі әжеміздің неден қайтыс болғанын білмейміз. Нақты ештеңе айта алмаймын. Алайда видеодағы зейнеткер менің әжем болмаса да, жыламай отырып көру мүмкін емес», – дейді Регина Абдразакова.

Туыстарының сөзінше, зейнеткер интернатқа өзі барғысы келген, тіпті ол жақта ұнайтынын да айтқан. Ал қазір қарттар үйінде әйелді ұрып, жақындарынан мұны жасырып келген деп топшылады. Желіде тағы бір видео жарияланған. Мұнда әжей өзін ешкімнің ұрмағанын айтады.

» – Ешкім ұрмады ма сізді?

–    Жоқ, ұрған жоқ.

–    Құлап түстіңіз бе?

–    Құладым.

–    Баспалдақтан ба?

–    Иә.

–    Өзіңіз құладығыз ба?

–    Иә, көріп тұрсыздар ма, міне», – дейді видеода Раиса әжей.

Анықталғандай, видео күзде түсірілген. Шенеуніктердің айтуларынша, қарт әжейді ешкім ұрмаған, өзі абайсызда баспалдақтан құлап түскен. Сол кезде барлық тергеу шаралары жүргізілген, ал жазықтыларға сөгіс жарияланған дейді.

«Әже таңғы 8:30-да, түнгі кезекшілік пен күндізгі ауысқан кезде бөлмеде жалғыз қалған. Жалғыз өзі шығып, екінші қабаттың баспалдағынан құлап кеткен. Салдарынан денесінде осындай көгерген іздер қалған», – деді Жамбыл облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.

Басқарма басшысы әжейдің оқиғадан кейін төрт айдан соң кәріліктен қайтыс болғанын қосып өтті. Бұған сенбеген туыстары полиция мен прокуратураға шағым түсірген. Сонымен қатар олар барлық интернаттарда арнайы тексеріс жүргенін қалайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.