Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа зертхана ғылым көкжиегін кеңейтеді

0 133

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Ғылым және коммерцияландыру департаментінің ұйымдастыруымен «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ашылды.

Салтанатты шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаев, Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, «Амангелді Газ» өңдеу зауыты директорының орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz Барлау және өндіру» ЖШС инженерлері – Құлмағанбет Уалиев пен Ғалым Дәндібай арнайы қатысты.
Аталған зертхана ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылған. Жоба жетекшісі – PhD докторы Арман Кабдушев. Бүгінгі таңда зертхана толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен студенттер зертханада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Зертхананың мақсаты – мұнай-газ, кен орындарындағы ұңғылардың цементтелу сапасын арттыру.
Шарада әуелі сөз алған Мәлік Нұржанұлы ашылып отырған зертхананың маңызына кеңінен тоқталды.
– Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Былтыр дәл осы күні Президент жанындағы Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ғылымды дамытуда бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі ашылып отырған зертхана магистранттар, докторанттар, жас ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны және өнімділікті жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін, – деді М.Отарбаев.
Келесі кезекте Мұхтар Қазбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жас ғалымдарды қолдау жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірлерінде іске асырылып жатыр. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы артты. Нақтырақ тоқталсақ, 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылып отыр. Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталды. Қазіргі таңда зертханада PhD докторы Арман Кабдушев жетекшілігімен докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналысуда. Кафедраның ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мақалаларын жариялауда.
2023 жылдың өзінде зертхана жұмыстарының нәтижесінде, 6 мақала Scopus базасына еніп, халықаралық деңгейде мойындалған өнертабысқа патент алынды, – деді университет басшысы.
Бұдан кейін университеттің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев ашылған зертхананың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде осы зертхана мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарына арналған ерітінділердің, тампонаждық материалдың, цементтелу процесінің сапалы болуы мен мұнай және газ ұңғымаларының қызмет мерзімін ұлғайтатынын жеткізді.
Зертханада технологиялық қасиеттері зерттелген жаңа материалдар мен ерітінділер Батыс Қазақстан облысында «BJ URAL» ЖШС полигонында сынақтан өтіп, оң нәтиже көрсеткен. Осы орайда халықаралық стандарттар бойынша осы бағытта зерттеулер жүргізетін зертхана республикамызда алғаш рет ашылып отырғанын айта кеткеніміз абзал.
«Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге арналған. Егер осыған дейін университет өңіріміздегі «Амангелді газ» кен орнымен, яғни «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС дуальды оқыту, студенттердің тәжірибеден өтуі сияқты бағыттарда тығыз жұмыс жүргізіп келсе, ендігі кезекте зертхана арқасында ғылым бағытында бірлескен жобаларды атқаруға мүмкіндік туып отыр.

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
баспасөз хатшысының міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.