Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалған сенім жарға жығады

0 134

Бүгінгі таңда Ирак жəне Шам аумағынан Ислам мемлекетін жариялаған, дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған адамдардан тұратын бір топтың үнқатуларына құлақ асып, алданып жатқан жастарды, олардың көз жасын көл қылған ата-аналары мен жəудіреп артында қалған əйел, бала-шағаларын көргенде, еріксіз көзге жас келеді.

Мұндай маңызды амалдар (жиһад) Алла жəне Оның Расулы үйреткендей, ілім иелерінің батасымен жəне əмір иелерінің бұйрығымен болатындығын ескермеген жастардың сауатсыз əрекеттерінің кесірінен бүтін бір ел алпауыт мемлекеттердің қару-жарақтарын сынайтын алаңға айналды. Қаншама əйел жесір, бала жетім қалды. Шамнан Еуропаға ағылған босқындар өздерінің діндерінен бас тартып, христиан дінін қабылдауда.
2011 жылға дейінгі Ислам ынтымақтастығы ұйымының мəліметі бойынша, Сирия дүние Ислам ғұламаларының 33 пайызы шоғырланған құтты мекен еді. Бүгінде бұл ел кім көрінген билік қылған, бағыты мен бағдары белгісіз, əділетсіздік пен ажалдың мекеніне айналып отыр. Сирияның бүгінгі сиқына қарап, «бұл Муавия ибн Абу Суфиян жəне оның ұлы əскері өмір сүрген атақты шаһар» деп айту өте қиын. Өкінішке қарай, тарихтан аты мəшһүр қасиетті Шам жерін бүгінгі мұсылман үмметі осындай орны толмас қайғылы күйге жеткізді. Осы көзсіз əрекеттерді жəне ол жердегі алауыздық пен жауыздықты көре тұра, біздің де еліміздің азаматтары жалған насихаттарға еріп, аттануы тағы қынжылтады.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығар». Бүгінде Ислам үмметін құтқарудың ең басты жолы – ілімді дамыту. Сонау Харун Рашидтің заманындағы мұсылмандардың ілімділігіне ұмтылуымыз қажет. Шамдағы өздерін мүштаһид санап жүргендердің де сипаттары мен жауыздық əрекеттері күмəн туғызатыны жасырын емес. Əли Ибн Абуталибтен жеткізілген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендер қара туларды көргенде өздеріңді жерде ұстаңдар, аяқтарың мен қолдарыңды қимылдатпаңдар. Соңынан ешкім көңіл бөлмейтін өте əлсіз адамдар шығады. Олардың жүректері қатты темір секілді болады жəне олар мемлекет құрады. Олар сөздерінде тұрмайды жəне келіскендерін де орындамайтын болады. Олар адамзатты ақиқатқа шақырады, бірақ өздері ақиқатта болмайды. Олар өздерін лақап есімдермен атайды, ол лақаптары қалаларға байланысты болады. Олар шаштарын əйелдердікіндей ұзын етіп өсіреді. Соңынан олар өздері арасында талас-тартысқа түседі. Міне, сонда қалағандарға Алла ақиқатты ор таға шығарады». Бұл хабарды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бекерге айтқан жоқ. Біздерді осындай жалғаншылардың идеясынан сақтандыру мақсатында, үмметінің жанын, малын жəне арын аман сақтап қалу мақсатында айтып кеткен.
«Сендер қара туларды көргенде өздеріңді жерде ұстаңдар», яғни «нəпсіге, сезімге беріліп кетпей, сабырлы болыңдар» деген-ді. «Аяқтарың мен қолдарыңды қимылдатпаңдар» – қолға қару алып шаба бермеңдер, бұл ұранның анық-қанығына жетіп алмай əрекет жасамаңдар деп ескертіп отыр. «Соңынан ешкім көңіл бөлмейтін өте əлсіз адамдар шығады» – расында, алғашында «Халифат» құрылыпты» дегенде оған ешкім мəн бермеген болатын. «Олардың жүректері қатты темір секілді болады» – бүкіл дүниені өзіне қарату үшін өздерінің жасаған жауыздықтарын жарнамалай бастады. Естеріңізде болса, кішкентай балаларға адамдарды өлтіргізіп, адамдардың бастарымен футбол ойнап, тірі адамдарды тордың ішінде өртеп, жауыздық əрекеттерін бүкіл дүниеге паш етті. Бірақ біз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянынан ол қатысқан жиырмадан астам жорықты жақсы білеміз. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ешқайсысында мұндай жауыздық жасаған емес, керісінше, «Əйелдерді, балаларды, қарттар мен ғибадат үйіндегілерді өлтірмеңдер» деп бұйырған. «Олар мемлекет құрады. Олар сөздерінде тұрмайды жəне келіскендерін де орындамайтын болады» – əлеуметтік желі арқылы жастарды алдап-арбап шақырып, қолдарындағы ақшаларын, керек болса əйелдерін де тартып алып, өздерін құл етіп қояды. Бұл туралы ол жақтан қайтып келгендердің жəне босқындардың сұхбаттарынан күнде хабардар болып келеміз. «Олар адамзатты ақиқатқа шақырады, бірақ өздері ақиқатта болмайды» – Құрандағы соғысқа қатысты аяттарды оқып, əділдіктер туралы аяттарды қамтып қояды. «Олар өздерін лақап есімдермен атайды, ол лақаптары қалаларға байланысты болады», мысалы, Əл-Бағдади, Əш-Шами, Əш-Шишани, Əл- Ирақи, Əт-Турки секілді.
Бүгінгі таңда Алла үшін ілім алу нағыз жиһад болып табылады. Өйткені халықтың діни сауатын көтеруге тырыспасақ, бізге кім көрінген ұстаздық ететін болады. Өкінішке қарай, қазір баласы дінге бет бұрған ата-ана оның намазын тастатуға тырысады. Түсінеміз, олар баласын ағымға кіріп, Отанына қарсы шығатын адам бола ма деп қорқады. Бірақ баланы діннен қайтарумен оны сол ағымның қолына өздері беретіндігінен бейхабар. Мұндай қаншама отбасы бар?.. Ата-анасын күпірлікпен айыптап, баласы үйінен кетіп қалған. Себебін сұрасаң: «Менің əкем кəпір, өйткені ол намаз оқымайды жəне үйде ешкімге оқытпайды да. Мен оларды емес, Алланы жақсы көрем», – деп өкініш білдіреді. Аз уақыттан кейін сол баланың ағымдардың жетегінде жүргенін көресің. Біз ата-ана болған соң, ұрпақтың ішіп-жемі мен киіміне жауапты болғанымыз сияқты, олардың адамгершілік жəне рухани тəрбиесіне де жауаптымыз. Біздің атеизмде өмір сүргеніміз, сол уақытта тəрбиеленгеніміз Мақшар сотынан арашалап қалмайды.
Әлемдік қауымдастық ХXI ғасырға қадам баса отырып, мемлекеттер мен өркениеттер арасында жаңаша сипаттағы қақтығыстар мен қылмыстың сан түріне куә болуда. Бұл қатардағы қылмыстың ең сорақысы – бүгінгі адамзат үшін үлкен үрейге айналған «терроризм» ұғымына байланысты қалыптасып отырған үрдістер. Біз осы үрдістерден терроризмнің бірнеше сатылары мен формаларына қаныға бастағандаймыз. Кейбірін белгілі мемлекеттердің саяси мүдделеріне сай ақтауға талпыныс жасалғанымен, кейбір түрлері жан түршігерлік.
Неше түрлі ағымдар мен секталардың, экстремистік топтардың пайда болуы, кез келген мемлекеттерге барып, іштей бүлдіру әрекетін қолданып отырғандығы уақыт өткен сайын өрши түсуде. Кей сәттерде осы ұйымдар мойнына алып немесе солардың атына жабылып жатқан террорлық актілердің артында орасан зор саяси күштер мен жымысқы саясат ойындар болуы мүмкін деген пікір туындайды. Себебі осындай террорлық актілерден соң, сан ғасырлар көптеген елдер мен халықтар ұстанып келген діни нанымға күйе жағуға құмартушылар қатары да қарасын молайтуда. Бұл үрдіс ИШИМ террористік ұйымына қатысты. Ирак Шам ислам мемлекеті деп атаған ұйым мүшелеріне қатысты да «Ислам терроризмі» ашық та жасырын айтылып жүр. Алайда Исламның негіздеріне де, ұстанымдарына да сай келмейтін әрекеттер жасап, Исламның ғасырлар бойы ардақ тұтқан қазына-байлығы мен рухани мұраларын талқандап, тарихын жоққа шығаруға бағытталған бұл ұйымның қандай да бір әрекетін Ислам тұрғысынан ақтап алуға болмайды.
Терроризм көріністерінің ең шектен шыққан формасын қазір біз ИШИМ содырларының іс-әрекеттерінен көріп отырмыз. Адамзат санасының, білім мен ғылымның барынша дамыған дәуірінде орын алып отырған осы надандық пен озбырлықтың, қарама-қайшылықтардың себебі неде жатыр? Расында да, адамдар дін үшін күрес жүргізіп жатыр ма? Әлде бұл тәуелсіздік үшінгі күрестің жаңа үлгісі ме? Терроризм туралы сөз болғанда, сананы осы тақылеттес сансыз сауалдар мазалайды.
Егер бұл сауалдарды ИШИМ-ге қатысты қояр болсақ, бұлыңғырларын сала береді. Өйткені, біріншіден, егер дін үшін күрес болса, онда бүкіл Ислам әлемі олардың қасында, ғасырлар бойы Исламның өкілі болған халықтар мен мемлекеттердің ортасында отырып, қандай дін үшін күрес жүргізудің қажеттілігі туындады? Екіншіден, діннің ішкі қағидаларына, талаптарына сай келмейтін «жиһад» жасау Алланың ризашылығынан (Құдай үшін күрестен) мүлде алшақ! Үшіншіден, осы күрестен зардап шеушілер сол қарапайым мұсылмандар екендігін бүкіл әлем біліп отыр. Олай болса, бұл күрестің астарында ешқандай діни мүдде жатқан жоқ деп кесіп айтамыз.
Тәуелсіздік үшін террорлық әрекеттерге барып жатқан өлкелер жоқ емес. Алайда ИШИМ-нің әрекетін бұл құнды ұғыммен байланыстыру қисынсыз. Өйткені олар кімге қарсы, қалай күресіп жатқаны белгісіз. Қандай да бір күшті державаның қыспағына қарсы немесе тәуелсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты не болмаса қысымына шыдай алмай күресіп жатыр деуге негіз жоқ. Бірлі-жарым батыс өкілдерінің өлім жазасына кесілуінің артында да сансыз сұрақтар бар. Оның үстіне әлемнің жүзге жуық елдерінен кілең «таза мұсылмандар» жинала қалыпты деген де орынды бола қоймас.
Олай болса, бұл қасіреттің мақсаты да, бағыты да, мазмұны да басқа мәселеде, түп-төркіні өзгеше болып тұрғаны онсыз да белгілі. Террористік ұйымның орналасқан аймақтағы елдің тыныштығын бұзу арқылы, оларды елдерінен бостырып, сол жердегі байлыққа, территорияға ие болу кішігірім топтың қолынан келе қоймас. Демек, осы жобаға бөлініп отырған қаржының көлемі де әжептәуір болса керек. Ал оларды қару жарақпен қамтамасыз ету де мықты ұйымдасқан қылмыстық ұйымдармен сыбайластықтан туындары хақ. Өйткені атауы бойынша мемлекет құруға бағытталған қадам болғанда, тұрғылықты халықты бостырып, бейкүнә адамдарды өлтіріп, мемлекет құру – адамзат тарихында болмаған құбылыс. Тек қылмыскерлерден құрылған мемлекеттің тарихы да баянды болмайды. Демек, олардың мақсаты әлемде үрей тудырып, бейбіт мемлекеттердің шырқын бұзу арқылы әртүрлі материалдық игіліктерге қол жеткізу болса керек. Белгілі бір топтың, ұйымның барлық әлемге үрей туғызуының астарында алпауыт жасырып ұйымдар мен елдердің болуы да ықтимал. Олай болатыны қазіргі халықаралық қайшылықтардың, саяси-технологиялардың да сан түрлі сипаты қалыптаса бастаған сыңайлы.
Ал «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, шынайы дін, иман, тәухид деп кетіп жатқандар кімдер? Олар қылмыстық топтың қатарына қосылғандығын бара салысымен түсінер. Таза дінді қате түсіну салдарынан теріс ұйымдардың қармағына ілініп, «дін» іздеп, «тәухид» іздеп барып, шалыс басқан қадамдарының жазасын татып жатқандар. Алайда ол арыстанның апаны тәріздес, кірген із көп болғанымен, шыққан із некен-саяқ. Сондықтан радикализмнің өзі діндарлықтың жолы емес, терроризмнің қатарын толықтыруға бағытталған жобалардың біріне айналып отыр.
Сөйтіп, үстіміздегі ғасырымызда техника, сана дамыған кезде діни экстремизм деген ұғымдарды жиі қолдануда. Ол сөздің астында «Ислам терроризмі» деген түсінік жатыр. Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе атқанын орындатуға ұмтылады.
Бүгінгі таңда ұрпақтың рухани сұранысын қанағаттандыру да – біздің басты міндетіміз. Данышпан Абайдың өзі «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Яғни ақ пен қараны ажырата алатын, обал-сауапты білсін, Отанына адал, жанұясына мейірімді, уəдесіне берік, жауына қатал-қатты, көзі ашық, көкірегі ояу болсын деген мақсатпен берген. Ендеше, біз қоғамдағы қаңқу сөздерге ере берместен, баланың рухани сұранысы пайда бола бастағаннан мамандарға апарып, сұраныстарын дəстүрлі бағытпен қанағаттандыруымыз қажет болады. Сонда ғана ағымдардың жалған көзқарастарынан түбегейлі құтыла аласыз.

Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.