Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрар – Түркі жұртына ортақ тұлға

0 2  075

Тұрар Рысқұлов – ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының ішіндегі шоқтығы биік тұлғалардың бірі. Ол Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, тарихшы, дипломат.

Тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов туралы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза көркем шығарма болса да «Қызыл жебе» атты үлкен еңбек жазды. Көркем әдебиет дегені болмаса, аталған еңбекте Тұрардың жастық шағынан бастап, қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті саясаткерлік тұғырға көтерілуінен бастап, өмірінің соңына дейінгі болмысын шынайы суреттейді.
Рас, тарихи тұлға Тұрар Рысқұловтың тағдыры талай талқыдан өткенін біз тарихтан жақсы білеміз. Ол Түркістан өлкесіндегі саяси процестерге белсене араласқанға дейінгі кезеңде, яғни Ресей империясы үш ғасыр билеген Романовтар әулетін тақтан тайдырған Ақпан революциясы тұсында өзіміздің Меркі, Әулиеата төңірегіндегі саяси оқиғалардың үлкен өзгерістерге бет бұруына ықпал еткенін айтқымыз келеді.
Мәселен, Тұрар Рысқұлов Ақпан төңкерісін сонау Ташкентте жүріп естіп, 1917 жылдың көктемінде Меркіге келген. Ол сол Меркідегі орыс кулактарының жергілікті қазақтарға жасап отырған қиянаттарын, қойып отырған заңсыз талаптарының дұрыс емес екенін мәлімдеп, жасаған қылмыстарын әшкерелегені үшін оның көзін жоймақ болған. Тіпті осы әділетті ісі үшін жергілікті байлар мен кулактардың ықпалымен уақытша үкіметтің Меркі өңіріндегі милициясы оны тұтқындаған.
Тұрар Рысқұловтың Меркіге келіп қызу саяси істермен шұғылданып жатқанын естіген бала күнгі достары мен сауатты жастар Әулиеата, Пішпек, Талас, Шу, Қордай аудандарынан ағылып Меркіге табан тіреген.
Тұрардың жанына бірте-бірте Сыдық Абланов, Ысқақ Әсімов, Кененбай Бармақов, Мақсұт Жылысбаев, Кәрімбай Қошмамбетов, Қабылбек Сармолдаев, қырғыз Тұрдалы Тоқбаев сынды тағы да басқа қырғыз және демократиялық көзқарастағы орыс жастары топтасты. Осыдан кейін Тұрар Рысқұлов саяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде көшпелі халықтың саяси құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатымен «Бұқара» атты ұйым құрды. Кейінгі жылдары өзгерген саяси ахуалдың ықпалымен ұйымның аты «Қазақ жастарының революциялық одағы» деп аталғанын айтады өзінің 1925 жылы жазған «Революция и коренное население Туркестана» атты еңбегінде.
1917 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкентке қайта оралып, сондағы үлкен саяси істерге араласа бастайды. Алайда Түркістан өлкесінде азық-түлік тапшылығы орын алып, жергілікті қазақтардың шаруашылығы күйзеліске ұшырайды. Осындай ауыр жағдай Әулиеата уезінде де орын ала бастайды. Тұрар Рысқұлов Әулиеата уезіндегі саяси-әлеуметтік процестерге өзінің тікелей араласуы қажеттігін түсініп, 1918 жылдың көктемінде Ташкенттегі оқуын уақытша тоқтатып, Әулиеатаға оралған.
Тұрар Рысқұлов «Бұқара» ұйымы мүшелерін Әулиеатаға шақырып, саяси жағдайды талқылайды. Ол кезде Әулиеатадағы билік еуропалық большевиктер мен солшыл эсерлердің қолында болатын, олардың арасында мұсылмандар жоқ еді. Т.Рысқұлов қазақ жігіттеріне саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған Кеңес үкіметіне кіру керектігін, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу үшін басқа жолдың жоқтығын түсіндіреді. Осы күндері Т.Рысқұлов та, «Бұқара» ұйымының біраз мүшелері большевиктер партиясына мүшелікке өтеді.
Тұрардың саяси сауаттылығы мен атқарған істеріне сәйкес, Әулиеата уезінің мұсылмандары да, большевиктері мен эсерлері де оны саяси тұлға ретінде мойындаған.
Уездің аштан қырыла бастаған көшпелі қазақ халқына көмектесу үшін Т.Рысқұлов биліктегі орыс революционер-лерімен келіссөздер жүргізеді.
1918 жылы 21 сәуірде Т.Рысқұлов Әулиеата қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырады. Съезде ашаршылықпен және жұқпалы аурулармен күрес, қазақ-орыс қарым-қатынасы, уездік кеңес құрамына қазақтар арасынан депутаттар сайлау туралы мәселелер талқыланады. Т.Рысқұлов қазақ съезінің шешіміне сәйкес, Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі болып қабылданады. Уездік кеңестің ұлттық құрамының жергілікті халықтың пайдасына қарай өзгеруіне күш салады.
1918 жылы жазда Т.Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады.
Әрине, біздер қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті саясаткер Тұрар Рысқұловтың түбі бір Түркі жұртына, әсіресе өзінің туған халқы қазақ жұрты үшін еткен еңбектерін бір ғана мақалаға сыйдыра алмаймыз. Әйтсе де, Тұрардай тұлғаны қай қырынан дәріптесек те өскелең ұрпақ алдында артық етпейді. Қайта Тұрардай бабаларына еліктеп өскен жастарымыз көп болса, қазақтың көсегесі көгермесе, арзымайды деп білемін.
Биыл тарихи тұлғаның туғанына 130 жыл толып отыр. Тұрарды дәріптейтін жыл. Олай болса, қайраткерді жан-жақты зерттеп, жастарға таныту бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру бәріміздің міндетімізге айналуға тиіс.

Сауран ҚАЛИЕВ,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.