Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс орталығындағы озық оқу ошағы

0 62

Аймағымызда ғана емес, еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 66 жылдық тарихында жеткен жетістіктері мен еліміздің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде аталмыш жоғары оқу орны халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттермен тығыз байланыс жасауда. Осылайша ұлт болашағы үшін білімді әрі ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді басты орынға қойып келеді.

Тарих толқынындағы Тараз университеті

Дулати университетінің тарихына көз жіберсек, сонау 1958 жылдан бастау алады. Алғашында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институты болып құрылған. 1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультеті негізінде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты ашылды. Ал 1963 жылы Қазақ химия-технологиялық институты филиалының негізінде Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты құрылды. 1996 жылы Жамбыл педагогикалық институты негізінде Жамбыл университеті құрылса, 1997 жылы Жамбыл университетіне орта ғасырда өмір сүрген әйгілі тарихшы, әдебиетші, көрнекті мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілді. Сонымен қатар 1998 жылы Жамбыл университеті, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты және Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты бірігуі негізінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылды.
2004 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің №128, 2004 жылғы 3 ақпандағы шешімдерін жүзеге асыру туралы» №174, 2004 жылғы 4 наурыздағы бұйрығына сәйкес, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 қазандағы №657 Қаулысына сәйкес, өз алдына қайта шаңырақ көтеріп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті болып өзгерген еді.
Әйтсе де, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірігу арқылы қайтадан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылған болатын.

Өркениет көшіндегі өңірлік университет

Жоғарыда біз атап өткендей, тарихи кезеңдерді бастан өткерген университетінің білім беру қызметінде қазіргі кезеңде бакалавриатта – 103, магистратурада – 61, докторантурада – 9, барлығы 173 білім бағдарламасы бар. Университетте әскери кафедра жұмыс істейді. Сонымен қатар 6 факультет, 1 институт, колледж және 3 студенттік жатақханасы бар.
Өңірлік университетінің жұмысы оқу, ғылыми-инновациялық, тәрбие беру, өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени тіршілігімен тығыз байланысты. Себебі ғылымды өндіріспен байланыссыз қарастыру мүмкін емес. Аймақта білім мен ғылымның бірден-бір алып ордасы болып саналатын жоғары оқу орнының ұйымшыл ұжымы еліміздің ғылыми жетістіктерін лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңінен тарату, ғылым және білім саласында өндірістік-шаруашылық қызмет көрсетуді абыроймен атқаруда.
Атап айтқанда, университетте 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) филиалы ашылады деп жоспарлануда. Дулати университеті әлем бойынша 3 мыңға жуық жоғары оқу орындарының арасында рейтингте 1201-1400 орынға жайғасты. Times Higher Education World University Rankings-2024 жалпы рейтингіне «репортер» мәртебесімен енді. 2024 жылдың 18 наурызында Дулати университеті жалпы есепте QS Stars «3 жұлдыз» артықшылығына ие болды. QS Asia University Rankings рейтингінде 857 университет арасында 601-650 және Орталық Азия рейтингінде 30-орынға ие болғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Қазақстандағы 95 жоғары оқу орнының рейтингінде Дулати университеті сегізінші орынға ие болып, «А+» мәртебесін алды. Өткен жылы тәуелсіз халықаралық Қазақ Ұлттық H-index рейтингінде Дулати университеті 151 ұйымның ішінде 31-орынға ие болған. «Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік» рейтингінде Қазақстан университеттері арасында 8-орынға ие. Бүгінде университетте мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Соның ішінде 320 ғылым докторы мен кандидаты және философия докторы бар.
Бүгінде Дулати университетінде «Ғылым және коммерцияландыру» департаменті жұмыс істейді. Елдің және Жамбыл өңірінің өзекті, басым проблемалары бойынша, оның ішінде нанотехнологиялық және биотехнологиялық бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге жәрдемдеседі. Инновациялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруды жандандырып, Жамбыл өңірінде жаңа инновациялық өндірістерді құруға атсалысады. Ғылыми зерттеулердің оқу-тәрбие процесімен байланысын оқытушыларды, студенттерді, магистранттарды, аспиранттарды ҒЗЖ-ға кеңінен тартып, білім беру процесінде ғылыми зерттеулердің нәтижелерін белсенді пайдалану жолын нығайтады.
Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылы өзара тиімді, бірлескен келісімшарттар мен меморандумдар жасау, білім беруді интернационалдандыру университет қызметінің маңызды стратегиялық басымдығы болып отыр. Интернационалдандыру стратегиясын іске асыру және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту үшін университет бүкіл әлем бойынша серіктес жоғары оқу орындарымен 185 шартқа қол қойды. Оның ішінде алыс шетелде – 60, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде – 68, Қазақстан бойынша 57 жоғары оқу орны бар.
Сондай-ақ жоғары оқу орнының қабырғасында академиялық жұмыс жөніндегі департамент, маркетинг және кәсіптік бағдарлау департаменті, стратегиялық даму басқармасы, жобалық басқару және цифрландыру орталығы, халықаралық ынтымақтастық басқармасы, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы, кітапханалық-ақпараттық орталық, ғылым және коммерцияландыру департаменті, «А.С.Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері» инженерлік бейіндегі ғылыми-зерттеу зертханасы, «Гидравлика және гидротехникалық құрылыстар», «Спектрофотометрия зертханасы», «Инфрақызыл спектроскопия зертханасы», «Хроматографиялық зертхана», «Атом-эмиссиялық спектрометрия зертханасы», «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу», «Суды тазарту және материалдар», Техникалық қолдау және IT қолдау орталығы, корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлімі, әлеуметтік жұмыс басқармасы, ақпарат және медиакоммуниция орталығы, мұражай, әкімшілік-шаруашылық басқармасы, «Dulaty university» баспасы, студенттерді есепке алу бөлімі, білім алушыларға қызмет көрсету бөлімі, инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу орталығы, дінтану орталығы, студенттердің шығармашылығын дамыту орталығы, «Сұңқар» спорт клубы, «DU UNION» жастар орталығы, қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмыс істейді.

Тұлғасын дәріптеген…

1999 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталуына орай, сол жылы тау тұлғаның атында арнайы орталық құрылды. Ал өткен жылдың 12 маусымында директорлар кеңесінің шешімімен орталықтарды ірілендіру мақсатында «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы болып қайта құрылды. Аталған орталықтың негізгі мақсаты – көрнекті қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, тарихшы, ақын әрі дипломат Дулати мұраларын жан-жақты зерттеу, насихаттау. Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау.
Орталық Азия халқының ғылымы мен мәдениеті, әдебиетінің қалыптасуына зор үлес қосқан, халықымыздың тұңғыш тарихшысы, ойшыл, жазушы Мұхаммед Хайдар Дулати өмірі мен мұрасының зерттелуінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар атқарып келеді. Екі жылда бір рет тұрақты өткізіліп келе жатқан дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмыстары республика, әлем ғалымдарын Дулати тақырыбына бағыттауда елеулі орын алып келеді.
Сонымен бірге университет жанынан 2004 жылы құрылған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын жалғастырып келеді. Аталған орталығының мақсаты – жауынгер жазушы, Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының академиялық көптомдық шығармалар жинағын даярлап, әдеби мұрасын келешек ұрпақ қолына рухани ұлттық мұра ретінде ұсыну. Б.Момышұлының өмірі мен әдеби мұрасы туралы қазақ пен бүкіл әлем тілдерінде жазылған деректерді жинастыру. Сонымен бірге батыр атамызбен тығыз қарым-қатынаста болған адамдардың жеке қорларынан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты оқырмандарға белгісіз жаңа материалдар мен фотоқұжаттар іздестіру жүргізу.
Орталық қызыметкерлері Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 томдық шығармалар жинағын дайындап, баспадан шығарды. Бүгінде республикалық, аймақтық басылымдарда «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлерінің жүзден астам ғылыми-зерттеу, публицистикалық мақалалары жарияланса, теле-радио бағдарламаларда «Бауыржантану» орталығы туралы сұхбаттар беріліп тұрады.

Түркия университеттерімен тығыз байланыс

Тараз өңірлік университеті мен Түркия Республикасының Кастамону, Карабюк, Мальтепе, Стамбул, Акдениз университеттері арасында қол қойылған екіжақты келісім жасалған. Аталған келісімшарт аясында студенттер «Mevlana» алмасу бағдарламасы бойынша Түркия елінде білім алып, елге оралып, Қазақстанның әр бұрышында түрлі салада еңбек етуде. Сондай-ақ университет қабырғасында 2010-2011 оқу жылынан бастап «Түрік тілі» білім бағдарламасы оқытылып келеді.
Бұл достық қатынасты тереңдету үшін ағымдағы жылы Дулати университеті қабырғасында «Harika Istanbul» («Ғажайып Стамбул») атты түрік тілі аудиториясы ашылған. Аудиторияның мақсаты – түркі елдері мен қауымдастықтары арасындағы экономикалық, сауда-техникалық, әлеуметтік, мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты дамытып, Анадолы елінің мәдениеті мен тарихын, тілі мен әдебиетін білімгерлерге үйрету.
Бүгінде 200-ден астам жоғары оқу орны бар Түркия Республикасынан шақырылған «Қонақ-лектор» оқытушылар 1, 3, 6 ай көлемінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті білімгерлеріне дәріс оқиды. Оқу ордасында білім нәрімен сусындап жатқан жастардың ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың дамуына маңызды үлес қосу арқылы жаңаша бағытта зерделеуге мүмкіндіктері бар. Аталған аудитория студенттердің сапалы білім алуына себепші болары анық.

Талай талантты түлеткен

Тараз университеті тарих көшінде талай студенттің жұлдызын жаққаны әмбеге аян. Олардың қатарында егемен еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып, көк туымызды көкке көтерген, ән әлемінде жұлдызы жанған тұлғалар аз емес. Айталық, елімізге танымал саяси қайраткер Амандық Баталов Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша тәлім алған болса, мемлекет және қоғам қайраткері Гүлшара Әбдіқалықова осы университетті «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Дулати университетінің түлегі Гүлшара Наушақызы Қазақстандағы облыс басқарған алғашқы әйел әкім ретінде белгілі.
Сонымен бірге шаршы алаңда шеберлігін шыңдап, Қазақ елін күллі әлемге танытқандардың бірі – Серік Қонақбаев. Павлодарда туған былғары қолғап шеберінің жастық шағы Таразда өткен. Қазақ боксшылары арасынан тұңғыш рет Еуропа біріншілігін ұтқан оғланымыз Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын үздік тәмамдаған.
Қонақбаевтың жолын жалғаған әулиеаталық азаматтар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі, 2004 жылғы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиадада бокстан 69 келі салмақ арасындағы чемпионы, ересектер арасында бокстан дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы Бахтияр Артаев та М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің түлегі.
Дәл осы қарашаңырақтан қанаттанып ұшқан қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы, «түйе палуан» категориясындағы қазақстандық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, дзюдодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Бейбіт Ыстыбаев бүгінде көпке үлгі.
Бұл қатарда университеттің студенті атанған бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Асланбек Шымбергеновті де ерекше атап өтуге болады. Алаштың мақтанышы Асланбек осы айдың 26 күні жалауы желбірейтін Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында Мемлекеттік туды көтеріп шығады әрі бокстан 71 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Біз Асланбекке Афинадағы Артаевтың жолын тілейміз.
Сондай-ақ Қазақстан эстрадасы туралы сөз болғанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті оркестрінің жетекші солисі Досымжан Таңатаровтың алар орны ерекше. Сонымен бірге белгілі әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Махан, эстрада саңлағы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бейбіт Сейдуалиева қатарлы өнер жұлдыздары – Тараз өңірлік университетінің түлектері.
Бүгінде университет қабырғасында 12 984 студент білім алуда. Соның 4 мыңға жуығы биыл диплом алып, үлкен өмірге қанат қақты. Осы жастардың қатарынан, біз жоғарыда атап өткендей, ел беделінің биіктеуі жолында тынбай еңбек ететін қаракөздеріміз көп шығады деген сенімдеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.