Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұртқа жарық сыйлаған

0 264

Электр жарығынсыз бір күніңізді елестетіп көріңізші. Тіпті мүмкін еместей. Себебі тұрмысқа қажеттінің барлығы электр жарығына тәуелді екені белгілі. ХХІ ғасырда электр қуатын ең басты игілік деп атауға болады. Бүгінде қуаттың мың шақырым электр беру желілері, мың бірлік жабдықтар, арнайы техника және жүздеген адам сіздің үйіңізге жарық жеткізу үшін тынымсыз еңбек етуде. Осы орайда, біздің әрбір күнімізді жарық етіп отырған сала мамандарының жұмысымен танысу мақсатында «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-іне арнайы бардық.

Арайлым Шабденова

Электр қуаты болмаса, қазіргі өмірімізді елестету қиын. Қазіргі кезде жарықсыз және жылусыз, ұялы телефонсыз, электр қозғалтқышсыз, теледидарсыз және компьютерсіз қалай өмір сүруге болады? Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында жарықтың өзі арнайы уақытта ғана қосылушы еді. Ал бүгінде бірнеше сағатқа жарық сөнсе, өзімізді қоярға жер таппаймыз. Заманға қарай электр желілері де күн санап қарыштап дамып, қуат алудың жолдары түрленуде.
Өткен ғасырдың 60-жылдары Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы, жеңіл және химия өнеркәсібінің көлемі үлкен қарқынмен өсті. Дәл сол кезде біздің өңірде кернеуі 220 кВ және одан төмен қуатты және тармақталған электр желілері кешені салынды. Тек қала жұртшылығын ғана емес, күллі облысты электр қуатымен қамтып отырған «Жамбыл электр желісі» мекемесінің жұмысы қауырт. «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы «Оңтүстікқазэнерго» мекемесіне қарайтын 3 электр жүйесі мекемесінің бірігуінен 1996 жылы ұйымдастырылған «Жамбыл электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының мүліктік кешені негізінде 1999 жылдың 23 ақпан күні құрылған. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС негізінен алғанда электр қуатын жеткізу, Жамбыл облысының қалалары мен ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз ету, электр желілері мен қосалқы станцияларын пайдалану қызметімен айналысады. Мекеменің қызмет көрсету аумағы – 144,2 мың шаршы км. «ЖЭЖ» ЖШС теңгерімінде 13039,5 км 0,4-110 кВ электр таратқыш желілері мен жалпы қуаты 1956,6 МВА 6-10-35-110-220 кВ қосалқы станциялары бар. «ЖЭЖ» ЖШС құрамына Тараз қалалық электр жүйесі және 12 аудандық электр жүйелері кіреді. Қосалқы станцияларының негізгі қондырғыларын орталықтандырылған жөндеуден өткізетін 7 өндірістік қызмет те бар. Аудандық электр жүйелері Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларын, Жамбыл облысы тұтынушыларын электр жарығымен қамтамасыз етеді және 110-0,4 кВ электр таратқыш желілері мен 220-110-35-10-6 кВ қосалқы станцияларын пайдаланады. Тараз қаласының тұтынушыларын электр жарығымен қамтамасыз етуде 6-10-0,4 кВ желі мен 110-35-6-10 кВ қосалқы станциялары жұмыс жасауда. Барлық құрылымдық бөлімшелер жөндеу-өндірістік базалары, арнайы машиналар мен механизмдермен жабдықталған.
Мекемеде әр бөлім өзінің жұмысына жауапты. Мәселен, жедел диспетчер бөлімінде үш бірдей маман өңір бойынша баланстағы барлық желіні көріп отырады. Сондай-ақ мұнда аға диспетчер, диспетчер және оператордың кезекшілігі бекітіліп, залда автономды жағдай қарастырылған.
– Біздің бөлім 24 монитор арқылы жұмыстың сапасын бірыңғай жүйе арқылы бақылауда ұстайды. Мониторда барлық жабдықтар көрсетілген. Қосымша схема негізгі қосалқы станциялардағы желі параметрлерін, сондай-ақ қуат ағындарының бағытын көрсетеді. Бұл ағындарды, кернеу деңгейін, тұтынушыларды электрмен қоректендіруді бақылауға және электр энергиясының шығынының есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Диспетчерлік бөлім кез келген жерде орын алған ақауды бірінші біліп, қажетті бөлімге хабарлайды, – дейді «ЖЭЖ» ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің бастығы Ұлықбек Сұлтанов.
Бұдан басқа, қосалқы станциялар мен желілердің негізгі жабдықтарын орталықтандырылған жөндеуді жүзеге асыратын тағы жеті өндірістік қызмет бар. Оның ішінде электр желілерінің орталық қызметі және тиісті электр жабдықтарын пайдаланумен айналысатын қосалқы станциялардың орталық қызметі, құрылымдық бөлімшелердің жоғары жиілікті және ішкі байланысын қамтамасыз етумен айналысатын орталық телекоммуникация құралдары қызметі, кәсіпорын базасында орталықтандырылған қойма және жабдықтарды жөндеу цехы бар. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарымен айналысатын цех пен техникалық қызмет көрсету және автоматика қызметтерінің түрі де кіреді.
Өндірістік-техникалық бөлім жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізумен айналысады. Бөлім қызметкерлері жөндеу жұмыстарының ұзақ мерзімді кестесін жасайды екен. Электр беру желілері үнемі ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ белгілі бір кезеңде күрделі жөндеуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Қалада әлі күнге дейін ағаш тіректерде орналасқан жарық сымдары бар екен. Ал оларды мамандар қысқа уақыт аралығында бетондарға ауыстыруды көздеп отыр. Бұл орайда, инвестициялық бағдарламалар кешенді түрде жүргізіліп келеді, олар бойынша мақсатты түрде ағаш тіректерді темір-бетонға және ескірген сымдарды оқшауланған сымға ауыстыру жоспарда. Ескірген сымдарды пайдалану ауа райының кез келген қытымыр мінезіне шыдамай, апаттық жағдай тудыратын көрінеді.
– Біздің құрал-жабдықтар сапалы күтімді қажет етеді. Мамандар жоғары қуатта үзілген сымдарды жалғауда, жөндеу жұмыстарын жүргізуде қырағылықты жоғары қояды. Көптеген желілер 60-шы жылдары қойылып, бүгінгі күнге дейін қызмет етуде. Барлық желілер күрделі жөндеуді және толық ауыстыруды қажет етеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Өйткені шығындар тарифтің көтерілуіне алып келеді. Осыдан он жыл бұрын арнайы сметалық құжат жасалынып, шығындар есептелгенде қайта жаңғыртуға 126 миллиард теңге қаржы қажет болған. Бүгін болмаса да ескірген желілер өз кезегімен ауыстырылады. Біздің ұжымда зейнет жасына жақындаған жұмысшылар бар. Дейтұрғанмен соңымыздан ерген жастар да жетерлік. Жыл сайын мекеме басшысы мен жергілікті оқу орындарының келісімімен жас мамандар мекемеде тәжірибеден өтіп, қажетті мамандар салада жұмысқа да қалып жатыр, – дейді өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы Ирина Цитель.
«ЖЭЖ» ЖШС бас директоры Әлихан Жарболов бастап отырған ұжым жұмыстан бос уақытта қоғамдық өмірге де белсенді түрде атсалысады екен. Республикалық, облыстық газет-журналға жазылып жүрген мекеме қызметкерлері үшін мұнда «Жамбыл-Жарық» газеті шығарылады. 2012 жылдан бастап жарық көрген газеттің тиражы – 500 дана. Екі тілде көпшілікке тарайтын баспада мекеме қызметкерлерінің жеткен жетістіктері, жұмыс барысында көрсеткен ерліктері мен түрлі мерекелік құттықтаулар жазылады. Басшылықтан бастап қарапайым жұмысшыға дейін газетке мақала жариялайтын көрінеді.
Әр салада өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Мұндағы мамандардың жұмыстары да сан түрлі. Бірі жарықты уақтылы берумен айналысса, енді бірі апаттық жағдайда діттеген жерге жетіп, орын алған олқылықтың орнын толтырады. Әр қосалқы станцияның да өз жауапкершілігі мен жұмысы бар. Қала аумағының кеңейіп жатқандығын ескерсек, мекеме №14 шағын аудан мен «Барысхан» алқабына электр қуатын жүргізуді бастап кетіпті. Бүгінгідей техниканың дамыған заманында әрбір үйге жарық сыйлауды өз міндеттері деп білетін сала мамандарының жұмысына тек қана сәттілік тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.