Қай заманда, қандай қоғамда болсын азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне, артына қалдырған игілікті ісіне, ізгілікті іздерге байланысты. Дәрігерлік пен ұстаздықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ. Біріншісі – адам денсаулығының күзетшісі болса, екіншісі – ұрпақ тәрбиесімен, жасөспірімдердің сауатын ашумен айналысып, болашаққа бағыт-бағдар береді.

Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік шың. Жалпы медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама! Осы екі қызметті бірдей, тең ұстап жүргендер де жоқ емес. Тіпті отбасылар да бар. Сондай жандардың бірі мен білетін дәрігер-хирург Ильяс Есчанов пен ұстаз, мәдениет қайраткері Айгүл Қабиеваның отбасы десек, сірә, қателеспейміз. Бірі – облысымызға танымал дәрігер-хирург болса, екіншісі – белгілі мәдениет пен өнер саласының майталманы.
Ильясты 1970 жылдардан білемін, ол төртінші курста Ақтөбе медициналық институтынан біздің Алматы медициналық институтының емдеу факультетіне ауысып, үш жыл бірге оқып, хирург мамандығын игеріп, дипломды бірге алдық. Қазақта «Кіндік қаның тамған топыраққа, маңдай терің де тамсын» деген ұлағатты сөз бар. Сөйтіп, екеуміз де туған өлкеміз Әулиеатаға оралуды жөн санап, 1975 жылы Жамбылға (қазіргі Таразға) келіп, біріміз қалалық ауруханаға, екіншіміз облыстық ауруханаға қызметке орналастық. Жастық шағымыздың ыстық-суығын, хирургияның қиындығын бірге көріп, жетістігімізге бірге қуанып, отбасы болып араласқанымызға, міне, 40 жылдан асыпты. Шіркін, зымырандай зулаған уақыт-ай! Көңілде бәрі күні кешегідей сияқты-ау. Уақытпен санаспай, күнді түнге ұрып еңбек еттік, сақа оташы ағаларымыздан бір қадам тәжірибе жинадық, сый-абыройға ие болдық. Қазақтың «өзің қартайсаң да, көңіл қартаймайды» деген сөзін еріксіз еске аласың.
Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нəріңді тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт осыны ұқ, мəңгілік өлмейсің, – деп соңына ғибратты ізін, мəңгілік өлмейтін ойлы жырын қалдырған ақын, философ Шəкəрім Құдайбердіұлы жырлағандай, әр жұмырбасты пенде артында жақсы ат, игілікті із қалса деп армандайды. Хирург мамандығы, медицина қызметі қажырлы еңбек пен үлкен шыдамдылықты талап етеді. Жас Ильяс дәрігер тәулігіне онға жуық операция жасап, талай жандардың өмірін сақтауда аянбай тер төкті. Өз ісіне жауапты әрі ұқыпты қарайтын ол әр науқасқа қамқорлық танытып, мейірімін сыйлай білді. Ол сөйтіп мыңдаған науқастың өмірін сақтап, дертінен айығуына жол ашты. Оған жету, әрине, жеңіл емес. «Еңбегімен ер сыйлы, Өнбегімен жер сыйлы» деп жатады көпшілік. Онысы рас.
– Ильяс Отанұлы да қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын атақты дәрігерлеріміздей елдің аузында жүретін қолы жеңіл белгілі оташы болды. Облысты қойып, тіпті басқа өңірлерден оған арнайы келіп, ота жасатып, жандарына шипа тауып кетіп жатқандарын талай көрдік. Бұл әр дәрігердің басына қона бермейтін құрмет, бақыт, сый-абырой десек болады, – дейді әріптесі, ардагер дәрігер Сейтқасым Тәжбенов.
– Мен жас кезімнен әкемнің жақын досы Ильяс ағамдай дәрігер-хирург болсам деп армандап өстім. Оның отбасымен бір аулада тұрдық, балаларымен бірге өсіп, бірге ойнадық. Сол кезден-ақ қызығып, оның медицина тақырыбына жинаған кітаптарын үйге алып, парақтап оқи бастадым. Мектеп бітірісімен Алматыға барып, ойланбастан медицина институтына құжаттарымды тапсырдым. Жолым болып оқуға түстім, диплом қолға тигеннен соң-ақ Таразға келіп, облыстық ауруханада қызмет атқаратын Ильяс Отанұлының қол астына жұмысқа орналастым. Ол ұстазым ретінде оташы мамандығына ғана үйретпей, өмірдің ыстық-суығына да үйретті, көп пайдалы қасиеттерін бойыма сіңірдім. Маған нағыз тәрбиеші-ұстаз бола білді. Сол кездің өзінде ол «алтын қолды дәрігер», «қолы жеңіл оташы» атанып, атағы қала мен облыс аумағында белгілі болды, ел-жұрт іздеп келіп ота жасатып жататын. Оның бойында адам қызығатын талай жағымды қасиеттер мол еді. Өмірде оның жүрген ортасы әзіл-қалжыңсыз болмайтын. Не айтсын тауып айтатын сөз шеберлігі бізді таңғалдыратын. Әр адамды сыртынан зерттеп, бейнелеп, оған қалжың ат қоюда одан артатын ешкім жоқ. Ол ат тез тарап, елдің аузында жүретін. Мен Ильяс ағаны ұстазым ретінде, білгір дәрігер ретінде қатты қадірлеймін, ерекше сыйлаймын. Ғұмырлы болсын Ильяс аға, – дейді Ильястың шәкірті, облысқа белгілі хирург Жандос Рысқұлов өткен күндерге көз жүгіртіп.
Иә, шынында да, Ильяс Есчанов қоғамдық орта мен әріптестері арасында үлкен сый-құрметке, беделге ие болды. Достыққа адалдығымен, адами құндылықтың қадір-қасиетін көтере білуімен де ел алдында есімі ұмытылмас, сірә. Ұлы Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген ұлағатты сөзі бар. Сол ой орынды айтылған сияқты.
Бірде ғаламтордан ең қысқа әңгімелер деген топтамалар арасынан «хирург емделушіні құтқарады, емделуші Құдайға шүкіршілік айтады» деген сөздерді кездестіргенім бар. Расында, солай ғой. Хирургтың жанқиярлық еңбегін, аса жауапкершілікті сезініп, ерен толғанысын, оның барлығы бірігіп келіп сана мен жүрекке салмақ салатынын көпшілік ұға бермейді. Әйтпесе, ту сонау мұхиттың арғы жағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы баршылық АҚШ-тың өзінде хирургтардың 50 пайызы 60 жасқа келмей әртүрлі сырқаттардан (инсульт, инфаркт және т.б.) бақилық болып кетпес еді. Бізде теледидарды қосып қалсаң, хабарлар арасында дәрігерлерді қаралап, жерден алып, жерге салып, көк есекке теріс мінгізіп жатқанына куә боласыз. Бұл не? Дәрігерден қадір кетті ме немесе тележурналистердің медицина қызметкерлеріне кезекті шабуылы ма? Бара-бара осыны түсіну қиындап бара жатыр. Текетірестік ушығып бара жатқандай сезімде боласыз. Әрине, бұл жақсылыққа алып бармайтыны белгілі. Керісінше, сыйластық жоғалып, қоғам берекесіздікке, ыру-жыруға бөгеді, қадір-қасиет қашады. Тым артық кетіп алакөздену, бет жыртысу жақсылыққа апармайтыны аян. Сондықтан не болмасын сабырлықпен қабылдап, ненің оң, ненің сол екенін ұғып, әділ болғанымыз жөн.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей түседі, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқан тәмсіл асыл тұлғалы жандарға арнап айтылғандай. Хирург И.О.Есчанов облысымыздың денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам еңбек ете жүріп жас мамандарға көп жылдан бері жинаған хирургиялық мол тәжірибесін үйретіп, пациенттермен қалай сөйлесіп, олармен тіл табыса білуді үйретті. Бұл кез келген дәрігердің бойынан табыла беретін қасиет емес, оны дәрігердің шеберлігі деп ұққанымыз жөн. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға шәкірттерімен бірге шаршамай, шалдықпай барынша үлес қосты. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Денсаулық сақтау министрлігінің және Жамбыл облысы әкімінің грамотасымен марапатталған. Әрине, осындай білікті маманның шәкірттері де осал болмасы анық. Оның шәкірттерінің бірі Жандос Рысқұлов – қазір облыстық аурухананың бас дәрігерінің хирургия жұмыстары жөніндегі орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургы, жоғары санатты оташы. Қайрат Әбдіқұлов – облыстық офтальмологиялық орталықтың бас дәрігері. Бақытжан Мақұлбеков – жеке медициналық клиниканың басшысы. Аудандық, қалалық ауруханаларда еңбек етіп жүргендері қаншама! Олар әрдайым ұстаздары Ильяс Отанұлын құрметтеп, шексіз алғыстарын білдіріп отырады. Бұл – әлгі көп айтылатын «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөздің айғағы.
Тура сөйлеп, тік жүретін адамдар – қоғам байлығы. Өркениетті, өсіп-өнген ел-жұртқа ондай кісілер қай уақытта өте-мөте қажет. Халық та сондай деңгейде әрбір айтулы азаматты көргісі келіп тұрады. Әріптесім Ильястың көпшілікке ұнайтын жағы – қандай ортада болмасын ешнәрсені бүкпей, өз ойын ашық айтатыны. Мен ешқашан оның біреуді өтірік мақтап-мадақтап, жалпылдап, жағымпазданып жатқанын көрген емеспін. Шындықты бетке айтудың өзі қазіргі күндері айтулы оқиғаға, батырлыққа, ерлікке теңеліп бара жатқандай ғой. Біле тұра шындықты көп адам ұната бермейді, қазіргі қоғамда жасампаздық, айлакерлік, екіжүзділік, орынсыз бос уәдешілдік, сөздерінде тұрмайтындар, яғни жылтыр боссөздікке ұрынғандар басым болып барады. Қайда бара жатырмыз? Ойланатын жайт.
Данышпан Абай: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің», – дейді. Демек, біз сол екі аралықта істеген ісімізге, сөйлеген сөзімізге талдау жасауымыз керек. Әрине, мұны іске асыру оп-оңай дүние емес екені анық. Дегенмен әр азамат өзінің қоғам аясында атқарған күрделі бір ісінен кейін болғанды таразылап, айтылған сөзді талдап отырғанының өзі үлкен нәтиже берері сөзсіз.
Әр адам өзіне сын көзбен қарап, өз іс-әрекетін қадағалап, талдап отырса, елдегі бірлік-береке еселенеді. Бүгінде заманның, елдің сипаты өзгерді. Өзгерген заман талабына сай жүріп, талай қиыншылықтан мойымай өтіп, тек қана алға ұмтылған бүгінгі кәсіби медицина саласы әріптесіміз Ильяс Отанұлы Есчанов сынды дәрігерлердің арқасында әлем медицинасының алғашқы қатарында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз.
«Отан отбасынан басталады» деген қазақта жақсы қанатты сөз бар. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада». Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Олай болса, адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Құдайға шүкір, Ильяс пен Айгүл екі ұл, үш қыз (үшем) өсіріп, өнегелі тәрбие, тиянақты білім беріп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған ата-ана. Ұлдары мен қыздары қазір тәжірибелі заңгер мен өз қалауларымен таңдап алған кәсіптің әбден ысылған мамандарына айналған. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан немерелері – атасы мен әжесінің қуанышы. Тіпті алғашқы немерелері жетіліп, жоғары оқу орындарын тәмамдап, қызметке араласқандары да бар. Бір шаңырақ астында барлығы жинала қалса үйді думан-берекеге бөлеп, ұланғасыр мерекеге айналдырып жібереді. Өмірдің басты міндеті, бақыты – жақсы денсаулық, берекелі отбасы, адал еңбек, тәрбиелі ұрпақ емес пе?! Ильяс пен Айгүл де өмірлерінің осылай өрілгендігіне риза, Жаратқан иемізге шүкіршілік етіп отырады.
Отанасы, ырыс пен берекенің қайнары Айгүл Қабиқызы туралы осы жерде айтпай кету үлкен күнә. Шығыс Қазақстан өңіріндегі Ақжарда дүние есігін ашып, өнер жолын қуып, Алматыдағы консерваторияны үздіктер қатарында тәмамдаған. Дарынды жасты сол шаһардағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрына қызметке қалдырады. Театр сахнасында курстас-замандастары Тұңғышбай Жаманқұловпен, Лидия Каденовамен, Гүлнар Боранбаевамен, т.б. актерлермен талай спектакльдерде бірге ойнады, шеберлігімен танылып, көптің ризашылығына бөленді. Солай сәулелі өмір жалғаса берер ме еді… Бірақ махаббат деген жұмбақ бір дүние, аттай тулаған жүректегі жастық үкілі сезім, дүлей ғашықтық өз айдауына көндірді. Бірде болашақ дәрігер, салмақты да сабырлы Ильясты кездестіріп, бірін-бірі ұнатып, сөз байласып, бірігіп отау тікті, шаңырақ көтерді. Сөйтіп, жұбайымен бірге қол ұстасып киелі Әулиеата өңіріне қоныс аударды. Алғашқыда Жамбыл кульпросвет училищесінде ұстаздық етіп, жастарға сабақ жүргізіп, кешке облыстық драма театрында қызмет атқарды. Өзінің жағымды мінезімен, тәңір берген бойындағы талантымен, ерен қабілетімен, көпшілдігімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүрді. Келе-келе М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен өнертану факультетін ұйымдастырып, сонда ұстаздық ете бастады, жүздеген жастарды өнерге баулыды. Адал еңбегінің арқасында кафедра жетекшісі болып, «профессор» ғылыми атағына, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» деген құрметті атаққа ие болды. Қоғамдық істерде белсенділігімен көпшілікке танылып, мемлекет тарапынан көптеген марапаттарға қол жеткізді. Қарбалас тірлікке, өмір қиындықтарына қарамай, уақыт тауып, бес бала, 14 немере өсіріп тәрбиеледі, білім берді. Бұл да оның ерлікке тең айбынды ісі еді, айта жүрер қажырлығы, қайсарлығы еді. Қазір де қоғамдық жұмыстан шет қалмай, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, облыстық халық ассамблеясының мүшесі ретінде көптеген іс-шараларға белсене қатысады. Өз ортасында әрқашан сыйлы, абыройлы.
…Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Әттең, мәуелі бәйтерек, отбасының тірегі осыдан бірер жыл бұрын кенет күтпеген дертке ұшырап, қолы қысқарып қалғаны болмаса… Бұл отбасы туралы ауыз толтырып айтар жағымды әңгіме жетерлік.
Осылай ой үстінде отырғанда Максим Горькийдің мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Ұлы халықтар бар өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, ұлы тұлғалар бар өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын». Сол айтылғандай, базбір кезде, өкінішке қарай, қатар жүрген замандастарымыздың ерен еңбегін орынды бағалай білмейміз, қасиетін қадірлемейміз, жақсылығын көріп жүрсек те көрмегендей боламыз, естісек те байқамаған боламыз. «Көктем болса да, көктемнің исін сезбейтін, жаз болса да жадырамайтын, қыс болса да, қардың ақтығын көрмейтін, күз болса да, күздің сұлулығын жүрек көзінен өткізе алмайтын қаншама жүрегі соқыр адам бар. Олардың тәні – cау, бірақ жаны – мүгедек», – деп жазған жазушы Аягүл Мантайдың пікіріне қосыласың әрі қолдайсың. Иә, біз қашан осы қызғаншақтықтан, іштарлықтан, көреалмаушылықтан, тоңмойындықтан арылар екенбіз?! Әділдікке қашан қол жеткіземіз, ағайын? Айта берсек, әңгіме көп, түңілер іс жыртылып-айырылады-ау, шіркін. Бірақ Ильяс Отанұлы Есчановтың денсаулық сақтау саласына, оның ішінде өңірлік хирургияның жетілуіне сіңірген еңбегі айтарлықтай. Ол – шындық. Оны қалай мақтасақ та, мадақтасақ та жарасады. Ол – сондай елеулі, абыройлы азамат.

                          Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған