Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүрек дертін Жамбылда емдейтіндер жыл сайын артуда

0 580

Соңғы кездері жүрек-қан тамырлары дертіне шалдығушылар саны күрт артқан. Әсіресе аурудың «жасарып» келе жатқаны жанға батып отыр. Бұл жөнінде адам жанының арашашысы болған дәрігерлер аурудың алдын алу қажеттігін айтып, қанша дабыл қаққанымен, бүгінгі жағдай мәз емес. Күнделікті күйбең тіршілікте адамдардың емдеу мекемелерінде тексеріліп, өз денсаулығына аса мән бермейтіні рас. Қарбаласта үнемі терең ойда жүріп, күйзеліске душар болады. Ашушаңдыққа бой алдырып, уақытылы тынығу мен дұрыс тамақтану да қалыс қалады. Ақхалаттылардың айтуынша, мұндай жағдайлар жүрек-қан тамырлары ауруларына душар ететін алғашқы себептер екен. Қайғылы жағдайларға әкеліп соғатын дерттердің үздік бестігіне еніп үлгерген бұл ауруға бейжай қарауға болмайды. Сондықтан егде жастағылар өз алдына, жастар да, жүкті әйелдер де бұған баса маңыз бергені абзал.

Осыған орай елімізде жүрек-қан тамырлары дертімен күрес күшейген. Оның алдын алу, пайда болған жағдайда ерте анықтау, емдеу, бастысы, адам өмірін аман алып қалу мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Бұл мақсатта медицинаның соңғы жетістіктері пайдаланылатын, білікті кардиологтар жиылған озық үлгідегі клиникалар көптеп ашылуда. Солардың бір емес, бірнешеуі Таразда орналасқан. Бұрындары жүрек дертіне ем іздегендер шекара асып, айырқалпақты ағайындардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болушы еді. Бүгінде өз ісінің үздігі екенін дәлелдеп үлгерген көне шаһардың кардиохирургиялық клиникалары еліміздің түкпір-түкпірінен келетін науқастардың сауығып, қатарға қосылуына өз септіктерін тигізіп келеді. Тараздық жүрек ауруларын емдеу мекемелерінің түрлі күрделі оталарды өзімізде өткізіп келе жатқаны олардың ел көлеміндегі үздіктер қатарында екенін анық көрсетіп отыр.
Мәселен, ашылуы келер жылдың басына жоспарланып отырған «Аритмологиялық клиника» ЖШС медициналық орталығы қазірдің өзінде болашағы зор мекеме болатынын анық аңғартып отыр. Өйткені аталмыш емдеу орнында елімізде алғаш рет заманауи технологияларды пайдалану арқылы бірегей оталар жасалды.
Толығырақ тоқталар болсақ, жуырда ғана клиникада әлемге әйгілі «Abbott» медициналық өнімдер өндірушісінің жаңа CRT-D имплантацияланатын дефибрилляторын қолдану арқылы жүректі қайта синхрондау терапиясы жүргізілген болатын. Аталған маңызды шараға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ләззат Алимова қатысты. Арнайы келген қонақтар әуелі медициналық мекеменің жұмысымен танысып, бөлімшелерін аралап көрді. Меймандар «Аритмологиялық клиника» медициналық орталығындағы емдеуде пайдаланылып жатқан инновациялық әдістерге жоғары баға беріп, науқастар мен медициналық персонал үшін жасалған жайлы жағдайға ерекше тоқталды. Сапар барысында облыстың бас дәрігері Жанар Оспанова мекемеде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерімен қатар кардиохирургия бөлімшесінде қосымша қарқынды терапия палаталарын ашуды ұсынды.
«Аритмологиялық клиника» дәрігерлерінің айтуы бойынша, жоғарыда аталған бірегей оталар медициналық орталықта Қазақстан Республикасында алғаш рет стационар жағдайында жасалып отыр. Ол арқылы жүрек ырғағының бұзылуы және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге CRT-D дефибрилляторын имплантациялау жүргізілуде. Өткізілген ота барысында жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін Жамбыл облысының үш тұрғынына осы құрылғылар орнатылды.
Операциялар әлемдік деңгейдегі ең жаңа жабдықта – Siemens (Германия) ангиографында жасалды. Оларды аритмолог-дәрігер, «Аритмологиялық клиника» ЖШС интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Тимур Әшіров жүргізді. Оталар барысын сүйемелдеу, сондай-ақ жаңа буын дефибрилляторын имплантациялау және оның жұмыс істеуін реттеу мәселелері бойынша кеңес беру үшін Таразға Сербиядан арнайы шақырылған қонақ – Белград медициналық университетінің профессоры, Сербияның клиникалық орталығы жанындағы ғылыми университеттің кардиостимуляция орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Горан Милашинович келді.
Жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастарға терапия көрсететін жоғары технологиялық-медициналық құрылғыларды өндіру бойынша әлемге танылған «Abbott» компаниясы шығарған CRT-D дефибрилляторы баяу немесе жылдам импульсті ғана емес, сонымен қатар прогрессивті жүрек жеткіліксіздігін реттейтін арнайы құрылғы. CRT-D дефибрилляторының жұмыс принципі (CRT = cardiacresynchronizationtherapy – жүректі қайта синхрондау терапиясы) белгілі жағдайларда жүрек тахиаритмиясының орнын толтыруға бағытталған.
«Аритмологиялық клиника» ЖШС интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Тимур Әшіровтің айтуынша, CRT-D дефибрилляторы науқастарды емдеудегі өнімділікті айтарлықтай арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді екен. Сонымен қатар бұл құрылғы қауіпті жүрек ырғағының бұзылуы жағдайында өмірді сақтап қалуға көмектесетін көрінеді.
– Біздің дәрігерлер кардиовертер дефибрилляторларын (CRT-D) орнатумен айналысуды бастады. Операциялық асқынуларды болдырмау үшін науқас ауруханада кем дегенде екі түн өткізеді. Шығарылғаннан кейін біз жараны өңдеуді және кейінгі бақылауды жүзеге асырамыз. Әдетте бақылау операциядан кейін 6 аптадан кейін, содан кейін әр 3-6 ай сайын тағайындалады.
CRT-D дефибрилляторды қолданудың бірегейлігі сол – құрылғы өз жұмысының барысын және жүрек ырғағағын смартфоннан қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, пациентке жүректің жұмысын тәуелсіз бақылауға жағдай жасайды. Сонымен қатар кенеттен болатын жүрек тоқтау жағдайларының қаупін азайтады, науқастың өмір сүру сапасын жақсартады. Аталған құрылғы әлі пайда болмаған кездерде пациенттер өз жағдайын бақылау үшін аритмологтың қабылдауына жазылуға мәжбүр болатын. Бұл саланы меңгерген мамандар өте аз екені өздеріңізге де белгілі. Осыған байланысты науқастар кезегі келгенін ұзақ күтіп қалатын. Ал қазір бұл құрылғының көмегімен дефибриллятордың жұмысын әлемнің кез келген нүктесінде смартфоннан пациенттің өзі-ақ тексере алады, – дейді Тимур Абдуталыпұлы.
Клиника жыл сайын жүрек жұмысы бұзылған 400-ге жуық науқасқа операция жасайтын көрінеді. Ал жуық уақытта пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арқылы имплантациялау үшін аталған дефибрилляторларды тегін сатып алу және қолдану жоспарланып отыр екен.
Аталған орталықтан бөлек, Тараз қаласында еліміз көлемінде сапалы қызметімен танылып үлгерген емдеу мекемелері де баршылық. Соның бірі әрі бірегейі – «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы. Жұмысын бастағанына 10 жылға жуықтаған «Жүрек» бүгінгі таңға дейін жүздеген ота өткізіп, жүрек дерті жанына батқан талай азаматтың сауығып кетуіне өз үлесін қосты.
«Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы» ЖШС – отандық денсаулық сақтау жүйесінің жеке секторға көшуі жағдайында жеке қаржылық инвестицияларға негізделген емдеу орны. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келе жатқан клиниканы жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Абдуталып Әшіров басқарады. Мекеме тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде тәулік бойы стационарлық жағдайда кардиологиялық және кардиохирургиялық бейін бойынша медициналық қызмет істейді.
Клиника мамандары Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен аптасына 2 күн шұғыл режимде облыстың түкпір-түкпірінен қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге, яғни жіті миокард инфарктісі, жүрек ырғағының әртүрлі бұзылуы, жүрек жеткіліксіздігі секілді адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларда медициналық көмек көрсетеді.
– «Жүрек» клиникасы жаңа үлгідегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда медицина қызметкерлерінің кәсіби штаты қалыптасқан. Кардиохирургия бөлімшесі 20 төсекке шақталса, 50 төсекке арналған кардиология бөлімшесі, сондай-ақ 10 төсекке арналған реанимация бөлімшесі ашылды. Жүрекке ашық операция жасау үшін екі операциялық зал бар. Сондай-ақ үздіксіз жұмыс режимінде жүрек пен оның тамырларына зерттеу- лер мен манипуляциялар жасау үшін екі ангиографиялық қондырғысы бар екі катетерлік зертхана жұмыс істейді. Клиниканың жабдықталуы бірнеше пациенттерге ең күрделі операцияларды бір уақытта жасауға мүмкіндік береді.
Жыл сайын клиника мамандары стационар жағдайында 2 мыңнан 2,5 мыңға дейін пациентті емдейді. Өтке жылы мұнда 1 973 операция жасалған. Оның 200-і жүрекке ашық түрде жүргізілген. Кардиологтардың, аритмологтардың, кардиохирургтардың консультациялары аптасына 6 күн жүргізіледі. Жалпы алғанда, жыл сайын 10 мыңа дейін кеңес беру шаралары өткізіледі. Клиникада функционалдық диагностика бөлімшесі де жұмыс істейді. Сондай-ақ иммунологиялық зерттеулерді қоса алғанда, жылына 110 мыңнан астам зерттеу жүргізетін клиникалық зертхана да бар, – дейді «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы» ЖШС директоры Абдуталып Әшіров.
Клиника қан айналым жүйесі ауруларын емдеудің жаңа, заманауи әдіс- терін үнемі енгізіп отырады. Мәселен, клиникалық жағдайда ашық жүрекке жасалатын операциялармен қатар Жамбыл облысында алғаш рет жүрек-қан тамырларына электрофизиология- лық зерттеулер (ЭФИ) жүзеге асырылып, тәжірибеге енгізілген. Сондай-ақ өңір тарихында жүрек ырғағының бұзылулары кезінде алғашқы радиожиілік абляциялары жүргізіліпті. 8 жыл табыс- ты жұмыс істегеннен кейін Жамбыл облысында алғашқылардың бірі болып клиника мамандары «жүрек ырғағының әртүрлі бұзылулары, соның ішінде Вольф-Паркинсон-Уайт синдромында эндоваскулярлық абляция (криоабляция) әдісімен жүректің зақымдалған бөлігін кесу немесе жою» технологиясын енгізген.
Бүгінгі таңда «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы – заманауи деңгейде қан айналымы жүйесі аурулары бар нау- қастарды диагностикалау мен емдеудің толық спектрін орындайтын облыстағы озық медициналық ұйым. Жоғарыда айт- қанымыздай, пациенттерді емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында жүзеге асырылады. Бұл көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін, жылдамдығы мен сапасын арттырады. Сонымен қатар облыс тұрғындары қымбат және жоғары технологиялық-медициналық көмек түрлерін еш қиындықсыз алуға қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.