Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүргізілуде

0 1  730

Жамбыл облысында 2022 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 49 500 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған болатын. Жүйелі жұмыс нәтижесінде меже 1,5 есеге артық орындалып, аталған шараларға қатысқандар саны 75 565-ті құрады.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде айтылды. Басқосуда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, баяндама жасады.
Оның айтуынша, әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 6,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге облыста 15,4 мың жұмыс орны құрылған.
– Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 33 879 адам болса, есепті кезеңге 48 944 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 144,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар 35 590 адам тұрақты жұмысқа тұрған.
Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1 168 адам жолданды, оның барлығы жұмысын аяқтап, 1 100-і немесе 94,2 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды.
2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 47 584 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 3,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Ал ағымдағы жылдың 1 қаңтарына атаулы әлеуметтік көмек 9 219 отбасындағы 48 298 адамға төленді. Өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда АӘК алушылар 2 590 отбасында 12 851 адамға немесе 21,3 пайызға төмендеген. Көмек алушылар облыс бойынша жалпы халықтың 4 пайызын құрап отыр, – деді Еркін Келесов.
Ал кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 284 бала қамтылған. Сонымен қатар АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 10 136 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты.
Сондай-ақ 2022 жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 95,7 пайызды құраған. Порталда 23 565 өтініш тіркеліп, 22 548 өтініш қанағаттандырылған. Бұл республика бойынша алдыңғы 2-ші көрсеткіш екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ былтыр облыстағы 1 652 кәсіпорын 47 538 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 32,9 көтерген. Бұл туралы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов айтып берді.
Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінде әлеуметтік-еңбек жағдайларын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтар құрылып, жұмыстар жүруде. Жыл басынан барлық деңгейде үшжақты комиссиялардың 111 отырысы өткен.
– Басқарманың еңбек инспекторлары жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары бойынша 165 тексеріс жүргізді. Тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 84 нұсқама беріліп, 26 айыппұл салынған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде есепті кезеңде анықталған жалақы қарыздары бүгінгі күнге толығымен жойылып, 3 430 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қоса әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған негізгі шаралардың бірі – өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлерді қысқартпау мәселелері жөніндегі меморандумдардың үлесі облыста 100 пайыз қамтылған.
Ал жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған бүгінгі күнге облыста 10 646 ұжымдық шарт жасалған.
Жиын соңында басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.