Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыс жүйелі, жоспар жұмыр

0 1  911

Бүгінде өңірдің идеология бағытында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Мәдени, рухани һәм ішкі саяси тұрақтылықты сақтау жолында толайым тірліктер тетігін табуда. Аталған бағыттар бойынша өткен жыл ішінде істелген жұмыстарды қорытындылаған есепті жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаевтың баяндамасы тыңдалып, алға қойған мақсатты міндеттер айқындалды.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев бастаған қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқармалар мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларының қатысуы идеология саласының қаншалықты маңызды екенін айтпаса да айғақтады.
Жиында Алмас Қадірбекұлы өткен жылдың өлшемінде істелген жұмыстармен қатар, әр сала бойынша жанданған тың жаңалықтармен бөлісті.
– Басқарманың 2022 жылғы бюджеті 1 531,2 мың теңгені құрап, 100 пайызға игерілді. Өткен жыл өздеріңізге белгілі, айшықты оқиғаларға толы, сынағы көп сындарлы жыл болды. Дегенмен елімізде қолға алынған кезекті реформалардың арқасында бірқатар істердің жүзеге асуына жол ашылды.
Былтырғы жылы 10 мыңнан астам қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізілді. Барлық көрнекті және белгілі қоғам қайраткерлері мен қабырғалы қаламгерлердің мерейтойлары бойынша жеке жұмыс жоспары бекітіліп, аталып өтті. Атап айтқанда, республика көлемінде А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы, М.Әуезовтің 125 жылдығы, Д.Қонаевтың 110 жылдығы, А.Асқаровтың 100 жылдығы, Ш.Мұртазаның 90 жылдығы, облыс көлемінде А.Бекбосынның 85 жылдығы, Н.Дәутайұлының 75 жылдығы, Б.Ертаевтың 70 жасы, «Aq jol» газетінің 100 жылдығы сынды мерейтойлар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 80 адамнан тұратын 11 облыстық ақпараттық топ 372 кездесу өткізіп, онда 30 мыңнан астам адам қамтылды.
ҚР Президентінің сайлауына орай облыстық желілік кесте әзірленіп, жоспарға сәйкес 3 937 шара өткізіліп, 620 024 адам офлайн қатысты. Президент сайлауын ақпараттандыру жұмысында Жамбыл облысы республика бойынша екінші орында болды.
Сондай-ақ 2023 жылы Сұлтан Бейбарыс-тың 800 жылдығы, Ұлы жүздің бас биі Төле бидің 360 жылдығы, жазушы, ақын Дулат Шалқарбаевтың 100 жылдығы, жазушы Әкім Таразидің 90 жасы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасы сынды мерейтойларын кең көлемде атап өту, одан бөлек, мемлекеттік және ұлттық мерейтойларды жоспарға сәйкес ұйымдастыру жоспарлануда.
Тағы бір жағымды жаңалық, ағымдағы жылы зиялы қауым өкілдерінің туындыларын шығару жұмыстары қолға алынып, оған облыстық бюджеттен 50 миллион теңге қарастырылуда, – деген басқарма басшысы одан әрі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Жолдауында қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін тапсырғаны белгілі. Қазіргі таңда Үкіметте заңды қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту көзделуде.
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 81 БАҚ ресми тіркелсе, идеологиялық жұмысты жүзеге асыруда республикалық БАҚ-тың, сондай-ақ интернет ресурстарының әлеуеті мемлекеттік тапсырыс шеңберінде белсенді пайдаланылды. Есепті кезеңде ақпараттық саясатты жүргізу үшін облыстық бюджеттен 869,4 миллион теңге бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 170 миллион теңгеге артық. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандар бөлінісінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 470 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, игерілді.
Биыл басқарманың өңірлік коммуникациялар қызметі түрлі бағыттағы 15 ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, – деді Алмас Садубаев.
Басқарма жұмысының тағы бір бағыты азаматтық қоғаммен, оның ішінде саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл орнату екені белгілі. 2022 жылы азаматтық қоғам институттарымен, оның ішінде саяси партиялармен, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл ауылдық әкімдердің сайлауы, Мемлекет басшысының Жолдауы, республикалық референдумның, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жұмыстарының аясында өткен.
Өткен жылы басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 21,1 миллион теңгеге 5 жоба жүзеге асырылған. Олар: «Ардагерлер ұйымдарына қолдау көрсету», «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру», «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру», «Азаматтық орталықтың қызметін ұйымдастыру» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру».
Алмас Қадірбекұлы есепті жиында этносаралық келісім мен ұлтаралық татулық бағытында істелген жұмыстарды да тілге тиек етті. Және биыл бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табатындығын жеткізді.
Өз кезегінде «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт сөз алып, Жамбыл журналистикасының тыныс-тіршілігі мен бірқатар мәселелерін ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев басқарма жұмысын оң бағалап, ағымдағы жылы атқарылуы тиіс жұмыстарға тапсырмасын берді.

Саятхан Сатылғанов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.