Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызы бар үйде құт бар

0 360

Дильфуза жастайынан көп балалы болуды армандайтын. 18-ші көктемін толтырған жылы жанына жылылық сыйлап, жүрегіне нұр құйған аяулы жанға жолығып, жанұя құрды. Махаббаттың құшағында тербелген қос ғашық бақытты еді. Отағасы үйленген сәттен «көп қызым болса» деп арман етіпті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Кирилл Бердецкий

Әке тілегі қабыл болып, Алланың қалауымен осы шаңырақта дүние есігін қыз балалар ашты. Тату-тәтті ғұмыр кешкен екі жас төртінші сәбиін күтіп жүрген болатын. Дильфуза отбасы, ошақ қасының қамымен үй тірлігімен айналысып, сәбилеріне бас-көз. Ал отағасы күнұзақ жұмыста. Алайда жұмыс бабында әлдебір шикілік шығып, шекіспей бекіспейтін ерлердің ізімен жұдырық жұмсалып, шаң-шұң төбелес басталып кетеді. Осы ерегісте бір адам ажал құшып, үш қыздың әкесі бас бостандығынан айырылып кете барады. Басына қиын күн туған жас ана құшағындағы үш қызын құшып, құрсағындағы бөпесімен бірге үміт пен өкінішке толы күндерді бастан кешеді.

Бесінші мөлтек аудандағы бір бөлмелі жатақхананы паналап, күнін кешкен Дильфуза көп ұзамай төртінші қызын дүниеге алып келді. Жылдар жылжып, жүрегінің жарасын үйдегі жауқазын қыздарымен жазған жас ана енді ерінің еңсесін көтеріп, ізін жалғар дүниеге атұстар алып келуді аңсайды. 17 жылға бас бостандығынан айырылған отағасының жолын тосып, амандығын тілеп жүріп те, ұрпақ жалғауды басты орынға қояды. Сөйтіп, адал жар, асқар тау әкеге деген сағынышы бір басылмаған шаңырақта бүгінде жеті ару ғұмыр кешіп жүр.

Төрткүл дүниені қызықты қылығымен баураған қызы көп отбасы 2019 жылға дейін №5 мөлтек аудандағы бір бөлмелі жатақханада тұрып жатқан болатын. Тағдыр тауқыметін тартып, басына күн туса да мойымай, көп балалы анаға айналған отбасыға «Арайстроймаркет», «Альтайс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Арман Еділбаев пен Әлімбек Жұмабаев облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Көк аспан» тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етіп, ізгі ниет танытқалы қыздардың қуанышында шек жоқ. Енді олардың жанын нұрға бөлеген жарық та жаңа өз пәтерлері бар.

Қызы көп, қылықты үйдің есігін қағып, аналар мейрамы қарсаңында Дильфузаның шаңырағына бас сұқтық. Жанарына енді ғана сызат түсе бастаған жәудір көз ана жарының жолын тосып жүргенін айтады. Оған деген адалдығын, нәркес сезімін, пәк көңілін ақ жауындай төгіп-төгіп алып, жанарына іркілген жасты тамызбай, тас-түйін қатырып қоюды да үйренген. Себебі бұл үйді әкесінің жолын тосқан алты қызғалдақ мекен етеді. Ал қыздың жолы жіңішке екенін ойлаған ақ жаулықты ана, өз балапандарының қыз-ғұмыры тек қуанышпен өткенін қалайды. Көктем мен жаздың сәулелі сәттеріне кішкентай сұлуларының маңдайын тосып тұрып, келер күз бен қыстың ызғарынан сақтап қалғысы келетінін айтады.

– 7 жыл бірге ғұмыр кешкен жылдары күйеуім екеуміз іщәй десіп көрмедік. Бақыттың шуағына шомылған шаттыққа толы шақтарым тым аз болғанымен, тәтті естеліктерім жанымды тербейді. Менің жан жарыма деген махаббатымның куәсіндей алты бірдей қызым бар. Ең ұлы бақыт – осы қыздарым. Алдағы уақытта ұл сүйсем деген арманым да жоқ емес, – деді аяулы ана.

Иә, нәзік жанды әйел қатал тағдырдың тосын сыйына тосқауыл бола алмаса да, әке аманаттары, жүрегінің дүрсілі мен көзінің қарашығына айналған қыздарын мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп келеді. Қызы бар үйде құт бар. Жаңа отау құт пен ырысқа толы болсын дегіміз келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.