Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тойда көрімдік береді, сыйлық сыйлайды»: Нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қыз екі елдің мәдениетіндегі ұқсастықтар жайлы айтты

0 3  194

30 жастағы Заида Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласының тумасы. Жақында ол Нигерия азаматымен бас қосып, дүркіреп Ұзату тойын өткізді. Желіде ерекше жұптың тойдағы видео, фотосы таралып, талқыға түсті.  Заида Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне жұбайымен танысу оқиғасын, нигериялықтар мен қазақтар мәдениетіндегі ұқсастықтар жайлы баяндап, жастарға кеңестерін айтты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Ұзату тойдан соң желіде өзі туралы ақпараттың таралуына Заида салғырт қарайды.

“Қызық сезім. Бір жағынан адамдардың көбі жақсы пікірлерін, лебіздерін білдіріп жазып жатыр. Екінші жағынан, хейт те көп. Бірақ мен бұған салғырт қараймын, себебі әр адамның жеке пікірі болатынын түсінемін.

Мені алаңдататыны ата-анам. Себебі олар да бұл ақпаратты оқып, көріп отыр, уайымдайды. Мәселен, анаммен сөйлескенімде, маған жазған хейттік сипаттағы пікірлердің барлығын оқып берді. Олар үлкен кісілер, хейтті түсіне бермейді”, – дейді Заида.

Ол жұбайы, Нигерия азаматымен Атырауда, оқу орталығында танысқанын айтады. Заиданың өзі «Теңізшевройл» компаниясында вахталық әдіспен аудармашы ретінде жұмыс істейді.

“Жұбайым 33 жаста, біз екеуміз Атырауда таныстық. Оқу орталығында жүргенде дәлізде соқтығысып қалдық.  Жұмысымнан бөлек уақытта оқу орталықтарында сабақ беремін. Ол да сол кезде жұмыс істеп жүрген. Бастапқыда тек сәлемдесіп, қал сұрасып қана жүрдік. Содан соң біраз уақыт өткеннен кейін орталық менеджері барлығымызды бір ортақ чатқа қосты. Ол да сол жерде бар екен, нөмірімді алып жекеме жазды. “Сәлем? Қалайсың?” деп жазған еді. Бұл үш жыл бұрын болатын.

Содан соң екі ай бойы телефонмен ғана сөйлесіп жүрдік, мен ашық адам емеспін, нәсілі, ұлты қандай адам болмасын араласып кетуім қиын. Содан соң кездесіп, қыз бен жігіт боп кездесе бастадық. Жеті-сегіз айдан соң ол маған ұсыныс жасады”, – дейді Заида.

Айтуынша, Ұзату тойының дәстүрлі түрде өтуін өзі қалаған.

“Ұзату тамаша өтті. Барлығы дәстүрлі түрде өткенін өзім қаладым, үлкен кісілерден бата алғым келді. Себебі мен 18, 20 жастағы қыз емеспін, 30-дан асып барамын. Оқуымды аяқтап, мансабым да дамытып жатырмын. Үндемей тұрмысқа шығып кеткім келмеді. Ата-анама барлығын түсіндіріп, алдын ала тойдың қалай болатынын жоспарладық.

Жұбайымның туыстары пандемияға байланысты келе алмады. Шектеулерге байланысты олар Қазақстанға жете алмай отыр. Туыстары өздері сол күнді тойлап өткізді”, – дейді Заида.

Айтуынша, жұбайыммен бірге Ұзату тойға жеңгесі мен кіші інісі келген.

Нигериялықтармен қазақстандықтардың мәдениетінің ұқсастықтары да бар екен. Заиданың айтуынша, оларда да көрімдік беру рәсімі кең таралған.

“Олардың мәдениеті жайлы айтатын болсақ, көрімдік береді. Нигерияда адамдар тайпаға бөлінеді. Біздегі руға ұқсас.

Нигерияда біздің дәстүрге ұқасас көрімдік беру рәсімі бар. Жас жұбайлар ортада би билеп жатқан кезде оларға қонақтар ақша шашады. Бұл сырттан өте әдемі көрінеді. Содан кейін сыйлық сыйлау кең таралған”, – дейді ару.

Заида бастапқыда ата-анасының таңдауын қабылдауы қиын болды, дейді.

“Ата-анама бастапқыда жұбайымның шетелдік, қара нәсілді екенін қабылдау қиындау болды. Олар бізді тек жүріп жүрген шығар деп үміттенді. Үйленеді деп ойлаған жоқ. Ол ұсыныс жасағанда барып, ата-анама ниеті түзі екенін айттым”, – дейді ол.

Сөзінше, жұбайы өте мейрімді, адамдарды бірден баурап алады. Екеуі бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлеседі.

“Әрдайым қалжыңдасып отырады, жұбайым былайша айтқанда өзіне ғашық етті”, – дейді қыз.

Ал жұбайының ата-анасы Заиданы жақсы қабылдаған, отбасымен олар жиі хабарласып тұрады.

Заида жастарға өз кеңесін де айтты.

“Жүректі тыңдау қажет. Елдің айтқанымен жүрмеңдер, өз жолдарыңды таңдаңдар. Тек алға”, – дейді Заида.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.