Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматының үздік мұғаліміне пәтер кілті табысталды

0 137

«Алматының жыл мұғалімі» байқауының гран-при иегеріне пәтер кілті тапсырылды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматының жыл мұғалімі» байқауының Гран-при иегері, №39 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Нұржігіт Амановқа Alma City жаңа тұрғын үй кешенінен сыйлыққа берілген пәтердің кілтін табыстады.

Ал 1 орынды иеленген №10 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Дарын Сайыновқа автомобиль берілді.

Екінші және үшінші орын алған №96 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Раиса Цой және №92 мамандандырылған лицейдің химия пәнінің мұғалімі Суннатулла Каумбаев ақшалай сыйақымен марапатталды.

Сонымен қатар, 10 үздік педагог, оның ішінде балабақша тәрбиешілері қала әкімінің гранттарын алды. Республикалық «Үздік педагог» байқауы қалалық турының жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар берілді.

«Өз мамандығы бойынша үздіктерді анықтауға бағытталған шара дарынды мұғалімдерді қолдап, беделін арттырып, озық педагогикалық тәжірибені бөлісу мақсатында өткізіледі», – деп атап өтті Сағынтаев.

Мектепке жаңа келген жас мұғалімдер үшін осымен үшінші жыл қатарынан бір реттік материалдық көмек көрсетілуде. Ағымдағы жылы оны 33 млн теңгеден астам сомаға 566 жас маман алады.

Мұғалімдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы бойынша өткен жылы білім беру саласының 307 қызметкері пәтер алды. Биыл 245 педагог жеңілдетілген несие беруді пайдаланды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.