Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тірі тарих

0 218

Жыл сайын 15 ақпанда елде Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күнін атап өтеді. Антына берік азаматтарды қыршыннан қиып, ақ жаулықты аналарды зар жылатқан қырғынның аяқталғанына биыл 32 жыл толып отыр.

Сәндібек ПІРЕНОВ. Суреттерді түсірген Юрий КИМ, Сәкен АБЖАПАРОВ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауған соғысы тек соғыс ардагерлерінің ғана емес, бұдан кейінгі барлық ұрпақтардың да есінде қалады. Қаза болған сарбаздарды есте тұту, соғыс ардагерлерін ұмытпай, оларға қамқорлық көрсету – біздің қасиетті борышымыз», – деген. Рас, мыңдаған қазақстандық құрбан болған соғыстың қасіреті перзентін үздігіп күткен талай шаңырақты шайқалтқаны тарихтан белгілі. Соғысқа 22 мың қазақстандық қатысса, оның екі мыңы жамбылдықтар, 600-ге жуығы қала азаматтары еді. Бүгінде қала бойынша 438 ардагер ортамызда. Осыған орай қала әкімі Айтқазы Қарабалаев ардагерлермен және соғыста қаза болған жауынгер-интернационалистердің жақын туыстарымен кездесті.

– Зұлмат соғысқа қатысып, елге дін-аман оралған азаматтар ортамызда жүр. Олар – тірі тарих. Ел ағалары қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше атсалысуда. Бүгінде Ауған соғысы жайында кітаптар жарық көрді. Мұның біз үшін тәрбиелік мәні орасан. Қала әкімдігі ардагерлерге мейлінше қолдау көрсетуде. Биыл Ауған соғысы ардагерлеріне, аналары және жесірлеріне бір реттік көмек көрсету үшін бюджеттен 56 млн 340 мың теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысына 75 жыл толуына орай 465 Ауған соғысының ардагеріне 44 млн 790 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Былтыр 15-ші мөлтек ауданнан соғыс ардагерлеріне, жесіріне және ардагердің мүгедек баласына 7 пәтер берілді. Жалпы осы ретте 2005 жылдан бері Ауған соғысының 81 ардагері үйлі болған, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Ауған соғысы ардагерлері мен отбасына алғыс айтқан қала әкімі қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, еңбек жолында жетістікке жеткен Бақтыбай Аглақов, Уәлихан Көпжасаров, Шымырбай Қоспанов сынды ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Артынша қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев ардагерлерге алғыс білдіріп, патриот жастарды тәрбиелеуде ағалық ақылын айтып, алғыс арқалаған Мәулен Елшібаев, Ғалым Рахымжанов, Бауыржан Ускеленовті Тараз қалалық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады. Осы ретте Әбдіхан Уристенов, Қасен Алиманов, Марат Тортбаевтар да «Nur Otan» партиясының Алғыс хатын алды. Бұл күні Ауған соғысында қаза болған азаматтардың ата-анасы мен жұбайына да қала әкімінің атынан сыйлық тапсырылды.

Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.

Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов бастап облыстық мәслихаттың депутаттары, әскерилер, Ауған соғысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін Ауған соғысының құрбандарына бір минут үнсіздік жарияланып, ардагерлер соғыстың тауқыметі жайында тағылымы мол әңгіме айтты.

– Кеңес Одағының әскері Ауған жеріне 1979 жылы 25 желтоқсанда кірді. Сол қырқыншы армияның қатарында мен де 1983-1985 жылдары жауынгерлік борышымды өтедім. Он жылға созылған соғыста 1000-ға жуық қазақстандық жат жерде қаза тапса, 21 жауынгер із-түссіз жоғалып кетті. Бүгінде Ауған жеріндегі соғыс тарихта қалды. Сол тауқыметті көзбен көріп келген азамат ретінде еліміз бейбіт күн кешіп, әлемде соғыс болмасын деп тілеймін, – дейді Ауған соғысының ардагері Нұрбақыт Сембиев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.