2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһарының шамшырағына айналған қалалық «Jambyl-Тaraz» қоғамдық-саяси газетіне 25 жыл толып отыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

1996 жылдың 16 ақпанынан бері жарық көрген басылымның тарихы тереңде. Ширек ғасырда бұқара мен билік арасындағы алтын көпірді жалғап, жаңалықтың жаршысы бола білген басылым өз қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. Құстың қос қанатындай қазақ және орыс тілдерінде қатар жарық көретін басылымның оқырмандарына берері мол. Өткеннің шежіресін шертіп, болашақтың бағдарын бағамдап, оқырманына жеткізе білген газет ұжымы бүгінде халықпен бірге жасап келеді. Қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет еткен басылымның мерейтойына орай салтанатты жиын өтіп, қала әкімі Айтқазы Қарабалаев құттықтады.

– Уақыт өткен сайын баспасөзге, ақпарат саласына деген сұраныс артып келедi. Басылымның мәртебесі тек тың жаңалықты жеткізумен ғана емес, облыстық, республикалық деңгейдегі бірегей жобаларды жүзеге асыруымен ерекшеленеді. Бұл орайда жас жеткіншектерді кітап оқуға ынталандырған «Кітап оқып, миллионер бол!», қазақ әдебиетінің кенжелеп қалған жанры сатираны насихаттауға бағытталған «Қырық өтірік» байқаулары, бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Тәуелсіздік дастарқаны» шарасын атап өткім келеді. Бұл жобалар еліміздің рухани байлығын дамытуға қосылған өлшеусіз үлес деп білемін. Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы орындалуынан бастап қаланың тыныс-тіршілігінде шешімін табуы тиіс өзекті мәселелерді кеңінен жариялап жүрген «Jambyl-Тaraz» газеті ұжымының еңбегі зор, – деп тілегін жеткізді қала басшысы.
Алғашқылардың бірі болып «Jambyl-Тaraz» газетінің таралымына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін жүзуден Паралимпиада ойындарының алтын жүлдегері Зульфия Габидуллина Алғыс хатпен марапатталды. Одан кейін Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Олжас Нұрекенов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының мониторинг бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов та сөз алып, аталмыш ұжымды мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты жиында Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Семейхан Сексенбаев, жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева да газет ұжымына ыстық ықыласын жеткізді.

Салтанатты шара барысында Тараз қаласының қоғамдық өміріне белсене атсалысып, қалада орын алған жаңалықтармен халықты жан-жақты ақпараттандырғаны үшін қала әкімінің Алғыс хатына жүргізуші-экспедитор Нұрбек Сопбеков, фототілші Сәкен Абжапаров және тілші Арайлы Жақсылық ие болса, облыстың ақпарат саласын нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін газет басшысы Эльмира Иниятқызы, директор-бас редактордың орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев, тілші Құралай Сейсенбекқызы, жарнама және жазылым менеджері Айдын Байділдаева және аға дизайнер Әдемі Өмірбекова мен дизайнер-беттеуші Жарқын Балқыбекова облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Ал облыстық «Арай» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төлендіұлы отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны және ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағы басқармасының Құрмет грамотасымен тілші Арайлым Шабденова, корректор Айдана Нұрман, дизайнер Анастасия Милькинаны марапаттады.

Сонымен қатар аталмыш басылымның 25 жылдық мерейтойының құрметіне орай ұйымдастырылған «25 жылдыққа – 25 сыйлық» байқауы да осы игілікті істен бастау алған болатын. Сайыстың шарты бойынша қатысушы міндетті түрде «Instagram» әлеуметтік желісінде Тараз қаласы туралы қызықты жазбамен бөлісіп, өз парақшасында #JambylTaraz25Jyl хештегімен пост жариялауы міндеттелген. Дүйсенбі күні тікелей эфирде өткен байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Байқаудың бас бәйгесіне «iPhone 12 Pro» смартфоны, сондай-ақ тоғыз ноутбук пен 15 бағалы сыйлық ұсынылған болатын. Осынау әлеуметтік желі арқылы жеңіске жеткендерді марапаттау рәсімі газет редакциясы ғимаратында өтіп, сыйлықтарды директор-бас редактор Эльмира Мырза-Ғали өзі табыстады.

Байқауға барлығы 120 адам қатысты. Ең шешуші сәтте белгілі болғандай, бас жүлде, яғни «iPhone 12 Pro» смартфоны №53 орта мектептің 11-сынып оқушысы Альбина Зауытбекке бұйырды.

– Мұндай бағалы сыйлық аламын деп ойламадым. Негізі, «Сыйлықты сыйлық туралы ойламаған адам ұтады» деген түсінікпен қанша үміттенсем де, ұтпаймын деген ойда болдым. Сөйтіп, өзімнің жеңімпаз атанғанымды білгенде, қуанышымда шек болмады. Мен барлық ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – дейді Альбина.

Заманауи технологиялардың арқасында газеттің электронды нұсқасы оқырмандар назарында. Мультимедиа қалалық басылымның ерекшелігіне айналды. Басылым халықпен бірге жасайды!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған