Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қанатында ән-жырдың

0 24

Әсілінде, өнерде анықтама жоқ. Ол шексіз. «Өнер – кеңістіктің кілті» деген астарлы тіркес қана оның мәнін тереңдете түсетіндей.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суреттерді түсірген А.Қартабай

Адам жүрегіне кеңістікті сыйдыруға сеп болған мәртебелі өнердің бірнеше тармағын тамырына байлап, руханияттың биігіне көтеріліп жүрген азаматтар арамызда жүр. Солардың бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Мәлік Ақүрпеков. Тараз төрінде талант иесінің «Жамбылым – жыр әнім» атты авторлық шығармашылық кеші өтті.

Кеш кейіпкері театр саласының саңлағы ретінде көпшілікке танымал. Актердің өнер қоржыны Григорий Гориннің «Герострат» траги-комедиясында Герострат, Әлібек Әмзеевтің «Кейуана» трагедиясында Құрбан, Уильям Шекспирдің «Ричард 3» трагедиясында граф Ричмонд, Халық қаhарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қойылған Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» спектаклінде Бауыржан Момышұлы, Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясында Отелло, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанған Қалихан Ысқақ пен Шахмардан Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында Қасым хан сынды, бұдан да басқа бірегей образдарға толы. Сонымен қатар Мәлік Ақүрпеков облыстағы бірқатар іс-шаралардың режиссері болып қызмет атқарып келеді. Жұртшылыққа актер, режиссер ретінде танылған Мәлік Дүйсебайұлы бұл кеште тараздықтарды сазгерлік өнердің тұтқасын ұстап, ән әлемінің есігін айқара ашқан талантымен тамсантты. Шығармашылық кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Индира Расылхан, Саят Медеуов, Дана Махамбаева мен Әділ Сламхан, Гүлмира Ақүрпекова, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, «Тараз» триосы және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әншілері, қырғыз елінің өнерпаздары Айпері Кулбаева, Иманқұл Шәріпов өнер көрсетті. Өңірдің 80 жылдығына арналған кештің шымылдығы филармония әншілерінен құралған квартеттің орындауындағы «Жамбылым» әнімен түрілді. Концертте Индира Расылхан мен кештің музыкалық сүйемелдеушісі Мейіржан Самылтыров ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған «Көңілің менде білемін» атты жаңа туындының тұсауын кесіп, көпшілікті ерекше күйге бөледі. Кеш иесінің шығармашылығында іңкәр сезім мен Отанға деген сүйіспеншілік қатар ұштасқан. Сондай ерекше туындылардың қатарындағы Саят Медеуовтің орындауындағы ақын Бақыт Беделханның сөзіне жазылған «Елге тілек», Ғани Мәтебаев пен Маралбек Бабақұловтың орындауында Бақытжан Әліқұловтың сөзіне жазылған «Туған жер» әндері кеш көркін қыздырды. Ежелден келе жатқан дархан пейіл қазақ пен айырқалпақты ағайынның достығы Мәлік Ақүрпековтің «Қырғыз-қазақ достығы» әніне арқау болды. Бұл шығарманы Саят Медеуов пен Әйгерім Битанова бауырлас елдің өнерпаздары Айпері Кулбаева, Иманқұл Шәріповпен бірге шырқады.

Әуезді ән кешінде мәдениет саласының қайраткері Әлібек Әмзеев пен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов сахна төріне көтеріліп, өнерпаздың шығармашылық жолы туралы жылы лебіздерін білдірді. Дәл осы сәтте Мәлік Ақүрпековке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Құрмет грамотасы табысталды.

Мәлік Дүйсебайұлымен 10 жылдан аса уақыт шығармашылық байланыста болып, халық пен өнерпаз арасында дәнекерге айналған Саят Медеуов кеш иесінің сан қырлылығын тілге тиек етті.

– Елге келіп, осындай сәні мен салтанаты жарасқан кешке қатысып жатқаныма қуаныштымын. Жалпы «Жамбылым – жердің жұмағы, су қайнатпас бұлағы» деп Балғынбек Имашев жырлағандай, біздің Тараз мақтануға тұрарлық қасиетті мекен. Осы киелі өлкеден Мәліктей талантты замандасымыздың өнер әлеміне аяқ басып, өмірге қазақы рухты әспеттеген туындылар әкеліп жатқаны тамаша дүние емес пе?! – деп ағынан жарылды әнші.

Концерт барысында кеш иесі де үлкен толқыныс үстінде жүріп, көңіліндегі қуанышымен бөлісті.

– Қазір халықтың талғамы жоғары. Шыны керек, концерт берген кезде орындалатын әндердің мазмұнына тереңірек үңілдім. Концерттің «Жамбылым – жыр әнім» деп аталуы да бекер емес. Биыл өңір тұрғындары облыстың 80 жылдығын атап өтеді. Бұл – менің туған жерге, қасиетті топыраққа деген құрметім. Халықтың шығармашылық кешке актерлік қырымды көруге келгендерін аңғардым. Баршаға сазгерлік қабілетімді паш еткеніме дән ризамын. Себебі менің әндерімнің барлығы жеңіл-желпі дүние емес. Тойға арнап мүлде ән жазбаймын. Кешке келген әрбір көрерменге, қолдаушыларыма ризашылығымды білдіремін, – деді өнер иесі.

Сазы мен сәні үйлескен әуезді кештің соңында Мәлік Ақүрпеков «Бозторғай» балалар хорымен бірге «Әке-ана» әнін орындап, сахна төріне анасын шығарып, құрмет көрсетті. Ізінше филармония әншілері кеш иесімен бірге «Менің Отаным» туындысын шырқап, кештің нүктесін қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.