Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теннис ойнап, көкпар тартқан көшбасшы

0 223

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел спортының дамуына үлес қосумен шектелмей, өзі де салауатты өмір салтын ұстанатынын көпшілік жақсы біледі. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы бір емес, бірнеше спорт түрін жанына серік еткен.

Тұңғыш Президент ерте жастан спортқа қызығып, тіпті Украинада оқуда жүргенде де күреспен айналысқан. Оның үстіне қара жаяу емес, Днепродзержинск қаласындағы даңқты Лев Ежевскийдің қол астында жаттыққан. Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Ежевскийдің естеліктерін ақтарсақ, Елбасының күреспен кәсіби түрде айналысқанын байқауға болады. «1958 жылы біздің Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеге Қазақстаннан бір топ жас жігіттер оқуға келді. Бірде мен жаттығу өткізетін залға шымыр денелі, тығыршықтай жас жігіт келіп: «Мені күреске аласыз ба?», – деп сұрады. «Аты-жөнің кім, бұрын күреспен айналыстың ба?», – деп қайта сұрақ қойғанымда: «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, күреске әкемнің баулығаны бар», – деп жауап берді. «Олай болса шешін, көрейік», – деп залда жаттығып жүрген Коля Литошконы шақырып: «Мына жігітті байқайықшы, біраз жұлқылап көрші», – деп күрестіріп жібердім. Белдесу басталған сәтте-ақ өзім үміт артып жүрген Литошкомды Нұрсұлтан оп-оңай жеңді. Содан бері Назарбаев күрестің әдіс-тәсілдерін тереңірек меңгере бастады. Кейін Коля екеуі дос болып алды. Жаттығуда ерінбейтін, жеңіске деген жігері қимылынан көрініп тұратын. Нұрсұлтан Днепродзержинсктегі екі жылында нағыз балуан болып қалыптасты. Классикалық және еркін күреспен қатар айналысты. Кім білсін, күреспен айналысуды тоқтатпағанда, бәлкім, үлкен жетістіктерге жетер ме еді? Ол біраз жарыстарда ысылып, 1959 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы да болды. Яғни Назарбаев спорт шебері нормативін орындады. Енді бүгін сол кездегі шәкіртімнің бірі Президент болғанына қуанамын», – дейді естелігінде білікті бапкер.
Мансабында 25 спорт шеберін дайындаған Лев Ежевский өзінің қол астында шыныққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы осындай бір үзік сыр айтқан еді.
Елбасының тағы бір қыры – теннисті жақсы ойнауында. Осы мезетте Ұлт көшбасшысының елімізде теннис спортына да ерекше көңіл бөлгенін атап өтпесек болмас. Тенниске арналған спорт нысандарын былай қойғанда, 2014 жылы әлемнің ең үздік теннисшілерінің бірі, «Үлкен дулыға» турнирінде 20 рет жеңген Рафаэль Надальді шақыртып, жастармен шеберлік сағатын өткізгені есімізде. Ол – ол ма, Елбасы тау шаңғысы спортымен де айналысқан. Шымбұлаққа жиі барып, сырғануды да естен шығармаған. Тұңғыш Президент тауда шаңғы тебуді 55 жасында бастаса да, спорттың осы түріне тез үйреніп алған.
Елбасы ағылшындарда ақсүйектер ойыны саналатын гольфты да жақсы ойнайды. ТМД елдерінде спорттың бұл түрі қарқынды дамымағанына қарамастан, Ұлт көшбасшысының ұйытқы болуымен Бурабайда гольф клубы ашылған еді. Осыдан кейін-ақ қазақстандықтардың ақсүйектер ойынына қызығушылығы пайда бола бастады.
Әрине, ежелден жылқы баптап, көкпар тартқан қазақ баласының ат спортына қызықпауы мүмкін емес. Бала кезінен атқа мінуге әуес болған Нұрсұлтан Әбішұлының көкпар тартып, ат тізгіндейтін қыры да бар. Сонымен қатар Елбасы елімізде талай байрақты бәсекелердің өтуіне себепші болды. Қысқы Азиада мен Универсиада ойындарының елімізде жалауы желбіреуіне тікелей мұрындық етті. Бұдан бөлек, Елбасы волейбол және футбол ойынына да әркез қолдау көрсетіп келді. Бұған жыл сайын аталған спорт түрлерінен спортшылар Президент кубогін сарапқа салатыны дәлел болса керек. Ал «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы» сынды турнирлерге жан үрлеген Елбасы төрткүл әлем спортшыларының басын қазақ жерінде қосты.
Расында, Елбасы елімізде спорттың дамуына үлкен қолдау көрсетіп қана қоймай, спорт сүйер жастарға үлгі болып отыр. Ұлт көшбасшысының «Спортшы Президент» деген атқа лайық екенін осыдан-ақ білуге болады.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.