Қалалық қоғамдық-саяси газет

Майлин мұралары – ұлтымыздың ұлы қазынасы

0 1  615

Кеңестік заманның «бас жазушысы» Бейімбеттің шығармашылық зертханасында халық батыры Амангелдi Иманов жайындағы еңбектері оқшау тұрады. Бұл партия белгілеп берген әлеуметтік тапсырыс барысында зерттеліп, игерілген тақырып еді. Бұған Ғабит Мүсiрепов екеуi бiрiгiп жазған «Батыр большевик Амангелдi» очеркi, қос автордың жеке кiтап болып шыққан «Амангелдi» (1935) пьесасы, толық нұсқасы сақталмаған «Шабуыл» пьесасы, «Амангелдi» кинофильмi нақты мысал бола алады.

Авторлар Амангелдiнiң сахналық бейнесiн жасауға бiрден бара қойған жоқ. Әуелі «Шабуыл» деген пьеса жазып, барлау жасады. «Шабуыл» мәтіні түгел сақталмаған, бар болғаны «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы екі нөміріне жарияланған үзінділері ғана. Онда Торғай қаласы – Шыршық қаласы деп, Амангелдi – Есенгелдi деп алынған. Бұл – Амангелдiнiң сахналық бейнесін жасаудағы алғашқы шығармашылық әрекет және болашақ «Амангелдi» драмасына негiз болған шығарма. Дегенмен пьесадағы Амангелді бейнесінің жұртшылық күткендей жоғары деңгейде болмағаны сол кезде-ақ сөз болмай қалмады. Ғ.Мүсіреповтің естелігінде Бейімбет Майлиннің атынан айтылатын: «Екеуміздің «Амангелдімізде» толып жатқан шикілік бар. Тегі соған қайта оралғанымыз дұрыс болар», – деген сөздерді осылай ұғуға болады.
Замандастарының естелігіне қарағанда, Б.Майлиннің Амангелді туралы роман да жазбақ ойы болған. Соған орай оның тақырыпты барынша толық игеру жолындағы шығармашылық әрекетін Ғ.Мүсірепов: «Амангелдінің елінде 70-80 адаммен кездестік. Бейімбет бес дәптер толтырды, мен бір жарым-ақ… Бейімбет кездескен адамдардың көбіне мінездеме жасапты, мен он шақты-ақ адамға…», – деп жазды кейіннен. Бұдан кейін үш автор (В.Иванов, Б.Майлин, Ғ.Мүсiрепов) «Амангелдi» кинофильмiнің сценарийiн жазды. Фильмді түсіру 1937 жылдың соңына таман аяқталды. «Амангелдi» киносының сөзiнiң барлығын Бейiмбет жазған едi, оны Ғабиттiң өзi айтып отыратын», – дейдi белгiлi өнер шеберi Серке Қожамқұлов. Бірақ 1938 жылы «Амангелдi» көркем фильмi экранға шыққан кезде оның титрiнде екi сцена-рист – Ғабит Мүсiрепов пен Всеволод Ивановтың ғана есiмi жазылды. Кино түсiрiлiп біткен бойда Б.Майлин «халық жауы» деген жаламен ұсталды… Ғабит Мүсіреповтің бұдан кейін Амангелді тақырыбына қайта оралуы, бұл орайдағы кейінгі ой-пікір, ұстанымдары – өз алдына бөлек әңгіме.
Бейімбеттің белгiсiз туындыларын ғылыми-әдеби айналымға қосу әдетте өткен ғасырдың 20-30-шы жылдардағы ұлттық баспасөздің нақты материалдарын саралау, жан-жақты іздестіру арқылы жүзеге асып келеді. Осы негізде бірқатар жаңа көркем шығармалары, оқулықтары мен оқу кiтаптары, күнтiзбелiк жинақтары, әлiппе мен әлiппе орнына пайдаланылатын құралдары («Шала сауаттылар үшін оқу кітабы», «Күш», «Жаңаша оқы, жаз!», «Әдебиет тану оқу құралы», «1929 жылдың шаруа календарі», «1930 жылдың шаруа календарі», «1931 жылғы календарь жинағы», «Сауат үшін», «Сауаттандырғыш», «Букварь для ликбезников») зертханасына қосылды. Ұзақ уақыт зер салынбай келген тәржiмелiк тәжiрибелерi таразыланып, баспасөз бетiнде қалған аударма еңбектерi (В.Бонч-Бруевич. Жолдас Ленинге істелген қастық; П.М.Быков. Романовтардың соңғы күндері; Н.Островский. Дауылда туғандар, т.б.) талданып, ішінара қайта жариялана бастады.
Шығармаларының басқа тiлдерге аударылу тарихының да деректері мол. Мысалы, 1935 жылы «Дочь казаха» деген атпен орыс тілінде жарық көрген «Азамат Азаматыч» романы – қазақ романдарының ішінен орыс тіліне аударылған тұңғыш шығарма. «Қырман басында» (кейiн «Қырманда» деп өзгертiлген белгiлi повесi) еңбегі ұйғыр тiлiне аударылған, бiрақ автордың 1937 жылғы қуғын-сүргiнге ұшырауы салдарынан жарық көрмей қалды. Бейімбеттің ұйғыр тiлiнде жарық көрген жалғыз кiта- бы – 1937 жылғы «Байшұбар» поэмасы ғана. Жазушының «Шұғаның белгiсi» повесi мен «Ахыран бастығы», «Сарыала тон», «Қара шелек» әңгiмелерi Алматы мен Мәскеу қалаларында ағылшын және немiс тiлдерiнде жарық көрген кейбiр жинақтарға енді. Жазушының басқа тілдерге аударылған еңбектері де шығармашылық зертханасын құрайтыны, жалпы сөз мұрасынан сырт тұрмайтыны белгілі.
1937 жылы жазушының жарық көруге тиiстi еңбектерi баспада жатты. Қуғын-сүргiнге ұшыраған кезiнде бұл қолжазбалар тәркiлендi де, содан қайтып жазушы қазынасына қосылған жоқ. Бірақ осы жылы үш кiтабы («Өтiрiкке бәйге», «Байшұбар», «Жалбыр») ғана шығып үлгердi. Өндiрiске тапсырылған және басуға қол қойылған мерзiмiне қарағанда Бейiмбет Майлиннiң көзi тiрiсiнде жарық көрген ең соңғы кiтабы – «Жалбыр» пьесасы.
Осы кiтапта Б.Майлиннiң өз қолымен 1936 жылдың қыркүйек айында жазған «Жалбыр» пиесесі туралы автордың сөзi» деп аталатын ақырғы аманаты бар: «Жалбыр» пиесесі 35-ші жылы жазылып, сол жылы кiтап боп басылып шыққан едi, – дейдi жазушы – 36-шы жылы Мәскеуге апарарда (Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгi – С.Б.) бiрсыпыра өзгерiстер кiргiзiп, өңдеп берген едiм. Бұл баспасын сол соңғы өзгерiстерiме бiрсыпыра сәйкестендiрiп iстедiм. Әсiресе ақтық пердесiн өзгерттiм. Басқа перделерiн көбiне сол ескi күйiнде жiберудi мақұл көрдiм. Автор». Бейімбет былай дейді: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қарсы шын ашынып, майданға түскенiн суреттемек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атсалыспақшы болды. Бастап атқа мiнгенде бүкiл Торғай өлкесiне атышулы алаяқ, Романовтың 300 жылдық тойына Қостанай уезiнен өкiл боп барған, шен алған Сайым Қадыров дейтiн болысты өлтiрдi. «Жалбыр» пьесасына негiз боп алынған оқиға мiне осы едi. Музыка театрына арнап жазған пьеса болғандықтан, бұл сияқты тарихи нәрсенi толық ұйыстырып беру оңай жұмыс болмады. Бұған бiр жағы театрдың жастығы, режиссерлардың тәжiрибесiздiгi болды. Пьеса көлемiн театрдың бойына шағындап қайта iстеуге тура келдi».
Анығында, тарихта болған Жалбыр Құдайбергенов есiмiн әдебиетке Бейiмбет Майлин алып келдi. Жиырмасыншы жылдары жазушы шығармашылығында Мырқымбай қандай орын алса, отызыншы жылдары Жалбыр есiмi сондай биiкке көтерiлдi. Отызыншы жылдардың ойранында жазушыға «Жалбыр» пьесасына байланысты «…Ғаббас Тоғжановтың кеңесімен алашордашыл Мiржақып Дулатовтың Кеңес өкiметiне қарсы әнiн пайдаланыпты; Тоғжанов оған «Жалбырды шал қылып жаз» деп кеңес берiптi» деген сияқты кiнә тағылғаны оның iстi болу құжаттарынан кездеседi.
Жазушы Жалбыр бейнесiн екi пьесасында («Жалбыр», «Бiздiң жiгiттер»), сондай-ақ белгісіз «Ауыл» романында ішінара көрсетуімен бiрге, дербес көлемдi прозалық еңбегiнде де сомдады. 1936 жылы «Социалды Қазақстан» газетiнде үзiндiлерi ғана жарияланып үлгiрген «Жалбыр» повесi жеке кiтап болып шыққан жоқ. Повестiң алғашқы бөлiгiн кезiнде профессор Т.Нұртазин iздестiрiп тауып едi. Көп жылдар бойы белгiсiз болып келген бұл шығарманың қалған бөлігін кейін профессор С.Ордалиев үйiрiне қосты. Соның өзінде «Жалбыр» повесiнiң аяқталмай қалғаны (соңы табылмағаны) аңғарылады.
Бейімбет Майлиннің аяқталмай қалған, соңы табылмаған, жоғалған шығармалары аз емес. Мысалы, 1934 жылы жеке кітап болып шыққан «Азамат Азаматыч» романы, академик М.Қаратаевтың жазуынша, Бейiмбет прозасының ең көлемдiсi және ең соңғысы. Бұл трилогия болып бiтуге тиiстi романның бiрiншi кiтабы екен.
Отызыншы жылдардың газеттерінен: «Бейімбет «Тартыс», «Қазақ қызы», «Майдан» еңбектерiн жазып жүр… «Бейiмбет «Ауыл» деген роман жазып жүр, мұнда қалхоз құрылысындағы тап тартысы көрсетiледi. Онан соң «Қазақ қызы» деген романның екiншi бөлiмiн жазып жүр. Бұларды осы жылы жазып бiтiрмек», – деген хабарларды оқуға болады. Осы секілді хабарларды негізге ала отырып, Бейімбет мұраларын саралай келгенде, оның төлтума еңбектерiнен бүгiнгi күнге «Тартыс», «Ауыл», «Қоңсылар», «Қызыл жалау», «Азамат Азаматыч» (2-кiтабы) романдары, «Дударай» операсы жетпегенін айтуға болады. Осы кезде жазылған «Ажар мен Досан», «Қошқар ата алқабында» повестерінің де ізі шықпай келеді.
Егер шолып айтар болсақ, әдеби ортаға белгiлi көлемді еңбегі – «Қоңсылар» романы еді. Ол жеке кiтап болып шығып үлгермедi. Бiрақ 1932 жылдан бастап баспасөзде үзiндi түрiнде жариялана бастады. Роман үзiндiлерiн 1932-1935 жылдардағы «Әдебиет майданы», «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиетi» сияқты мерзiмдiк басылымдар беттерiнен кездестіреміз.
«Қызыл жалау» сынды күрделі романы да жазушы қуғын-сүргiнге ұшыраған тұста қолды болып кетті. Тұтастай қолжазбасы әлі күнге дейін таптырмай келеді. Қанағат тұтатынымыз – сүбелi туындының газет-журнал беттерiнде үзiндi күйiнде қалып қойған шашыраған ұшқындары ғана. Жазушының өзiнен қалған сөздерге жүгiнсек, «Қызыл жалау» – қалхоз. Оның жұмысшылары шартпен Қарағандыға барады». Толық аяқталып және баспаның 1937 жылы жарық көретiн басылымдарының тiзбесiнде тұрған «Қызыл жалау» жеке кiтап болып шығып үлгермедi.
Ал «Тартыс» романы туралы дерек көп емес. Бұл шығарманың шағын үзіндісі 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Бүгiнгi сүйенетініміз – осы жарияланым. «Тартыс» желiсi «Қоңсылар» романымен сабақтас. Мұнда 1916-1919 жылдардағы оқиғалар қамтылады. Және бұл оқиғалар Жақсылық Жоламанұлы есiмдi жас жiгiттiң өмiрiмен байланыстыра баяндалады. Жазушы Жақсылықты қалай ержеткiзбекшi едi? Қандай дәрежеге көтермек-тi? Өкiнiшке қарай, бәрi жұмбақ. Баспасөзде романның басқа үзінділері кездеспейді. Бiзге мәлiм дерек бойынша, жазушы бұл шығармасын 1929 жылы аяқтап, басқа атаумен баспаға берген. Бiрақ өзінің жазуынша, «сол шiркiн ұнаңқырамай қалып», қайта жазуға кiрiскен. Осы қайта жазу нәтижесiнде роман атауы «Тартыс» деп өзгертiлген. Бұрынғы жазғандарын түгелдей пайдаланбай, тыңнан қосып дамытқан. Соған орай жазушы мұрағатында «Тартыс» романының екi нұсқасы болған деп жорамалдай аламыз. Жалғыз жұрнағы жеткен «Тартыс» романы – отыз жетiнiң ойранында жоғалған жәдiгердің бiрi.
«Ауыл» романы жеке кiтап болып басылған жоқ. Зерттеушiлер «Ауыл» романының атын атағаны болмаса, затын түстей алмай келді. Өйткенi шығарма мәтiнi сақталмаған деп саналды. Алайда «Ауыл» романының аз ғана үзiндiсi бар болатын. Аталмыш шығарманы алғаш рет «ұзақ әңгiмеден үзiндi» деп жариялаған басылым «газетiмiзде орын тар болғандықтан, бұл әңгiменi қысқартып бастық» деп ескертпе жасаған. Шынында да, газеттегі мәтін шығарманың айтарлықтай ықшамдалғанын байқатады. Ал бұл «ұзақ әңгiме» Бейiмбет Майлиннiң бiрде-бiр кiтабынан кездеспейдi. Ол – әдеби-ғылыми айналымға түспеген тың туынды. Роман оқиғасы жазушының 1935 жылғы «Бiр суреттiң тарихы» әңгiмесiн еске салады. Әңгiмеде бас кейiпкер Шәкiбай Шаңырақбайұлы болса, «Ауылдың» өзегi – Шаңырақбай. Екеуiнде де ақтар әскері офицерінің суретi демеушi деталь ретiнде пайдаланылған. Соған қарап, «Бiр суреттiң тарихын» «Ауыл» романының ізашары не басқа нұсқасы деп санауға болады. «Ауыл» романында 1916 жыл оқиғаларынан басталып, отызыншы жылдарға дейiнгi оқиғалар суреттелген.
«Басылмаған романның бір тарауы» деген айдармен жарияланған «Қарашаш» атты шығармасы да толық нұсқасы табылмаған еңбектерінің қатарында. Мұнда суреттелетiн оқиғалар «Қоңсылар», «Азамат Азаматыч», «Тартыс», т.б. туындыларын еске салады. Солардың бастапқы, үзінді түріндегі әдеби нұсқалары деп те жобалауға да болады.
1936 жылы «Сталин жолы» журналының үш нөмiрiне «Күлегеш жеңгей» атты көлемдi көркем шығармасы басылды. Бұл да журналға шыққан күйiнде қалып қойды. «Күлегеш жеңгейдiң» мынадай кейiпкерлерi бар: Доскелдi Құлтабанов, Тобақабыл, Күлегеш, Нұртай мырза, Ақмаңдай, Қожамұрат кекеш. Біздіңше, бұл – жазушының көлемдi дүниеге бағыт ұстаған, қаламгерлiк баяндау мәнерiн, өзiндiк жазу үлгiсiн айқын аңғартатын, аяқталмай қалған көркем шығармасының бірі.
Бейімбет Майлин тұтқынға алынған кезде тәркіленген, архивтерде сақталуы мүмкін ғой деп саналып келген қолжазбаларын, кітаптарын, басқа да жазбаларын қайтару жөнінде кезінде біздің бастамамызбен арнаулы органға өтініш жасалған еді. Нәтижесінде, бұрын екі адам (арнаулы қызмет өкілдері) ғана қол қойып танысқан Б.Майлиннің қылмыстық ісінің материалдарымен біздің үшінші болып танысуымызға, ал зерттеушілер арасынан бірінші болып осы істі басынан аяғынан дейін еркін парақтап шығуымызға мүмкіндік туды. Осы жолы архивтер қорында Бейімбет Майлинге қатысты қылмыстық істен басқа ешқандай шығармашылық еңбектердің сақталмағаны тағы да белгілі болды. Өйткені ең алғаш рет мұндай өтініш өткен ғасырдың 50 жылдары Бейімбет ақталған бойда зайыбы Күнжамалдың атынан түскен екен. Оған да Бейімбет еңбектерінің архив қорларында сақталмағаны туралы жауап беріліпті. Міне, осындай жайттарды саралай келгенде жазушының кезінде қолды болған белгісіз шығармаларын табу жолы жыл санап қиындап келе жатқанына көз жете түседі. Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің өзі: «…Бейімбеттің «Қазақ қызы», «Қызыл жалау» дейтін романдарын қатарға қоса алмадым…», – деп өкінген екен. Демек, бейімбеттану саласындағы алдағы күндерден үмітті зерттеулердің ендігі мақсаты – сол шығармалар үзінді күйінде болса да жарық көрген байырғы мерзімдік басылымдарға бойлау, сақталуы мүмкін жазушы еңбектерін іздеу, табу, қайта жариялау, сөйтіп, Бейімбет Майлиннің әдеби-публицистикалық мұрасын қолдан келгенше толықтырып, молайта түсу. Әрине, ізденіс жалғаса береді.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
бейімбеттанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.