Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайраткер жайлы сыр шертті

0 1  160

Қаратай Тұрысов – ғұмырын туған елінің өсу, өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткен бірегей тұлға болып еліміздің сыр сандығында сақталып қала бермек.

Ол 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Жасөркен ауылында дүниеге келген. Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы (қазіргі Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясы) Шерхан Мұртазамен, Шот-Аман Уәлихановпен бірге бітірген.
Биыл заңғар тұлға көзінің тірісінде торқалы 90 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Әйтсе де, ел азаматының өмір жолын, еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеу, кеңінен насихаттау ұлт парызы болып қала бермек.
Жуырда Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында «Сөнбес жұлдыз – Қаратай» атты дөңгелек үстел өткізілді. Танымдық кездесуде сөз алған білім ордасының директоры Салтанат Төлеу мемлекет қайраткеріне берілген білім ошағының жеткен жетістіктері туралы сөз қозғап, қонақтармен таныстырып өтті.
Еңбегі елге сіңген Қаратай Тұрысов жайлы естеліктен сыр ақтаруға «Айырылмас» қорының президенті, Қаратай Тұрысовтың інісі Нұрғали Бекмұратов, Әлімқұл Тұрысов, сыныптасы Әбдуәлі Данаев, замандасы Қайрат Шотпақов, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов, «125» мектебінің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Нұрғиса Жақыпбеков, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру секторының маманы Дархан Байпақ және мектеп оқушылары қатысты.
Өз кезегінде сөз алған сыныптасы Д.Әбдуәлі достық кезінен және естеліктерінен сыр шертті.
– Ол кездің қиыншылығы түгіл, бертінгі жаймашуақ жылдар болғанда да Мәскеудің оқуына түсу деген сирек оқиға болатын. Ал қайсар ұрпақ соғыстан кейінгі қиыншылықтарды, жоқшылықты көзге ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де Мәскеу төрінен бір-ақ шығады. Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпірлерінен «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов түсті металл және алтын институтынан бір-ақ шығыпты. Ал Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына түсті. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды.
Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді. «Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жерасты қазба байлықтарын дүние­жүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты, – дейді өз сөзінде.
Әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаратай Тұрысов: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минерал бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып», зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек… Арқаңда дорбаң… қолыңда балға-қайлаң… дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», – деп айтқан екен.
Басқосуда оқушылар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, қазақтың маңдайына біткен нар тұлғаның балалық шағын, оқудағы қызықты сәттерін, мінезін, ауылға деген сағынышы туралы көз көрген жандардан сұрап білді.
Көпшілік назырана Қаратай Тұрысовтың өмір жолынан бейнебаян көрсетілді.
Болашаққа бағдар жасау мақсатында оқушыларға өз ұлтының мақтанышы Қ.Тұрысовтың өмірбаяны мен ғылым жолындағы еңбектері кеңінен насихатталған жиында Салтанат Ерсағатқызы тау тұлғаның туған күніне орай өтетін бірқатар іс-шаралар легіне тоқталды.
Кездесуден оқушылар жақсы әсер алып, арнау оқыды.
Өз кезегінде қонақтар ел перзентінің есімі ешқашан ұмытылмайтынына көз жеткізіп, танымдық іс-шараға ұйытқы болған мектеп әкімшілігіне алғысын білдірді. Айта кететін жайт, үздік оқушыларға жыл сайын «Айырылмас» қорынан шәкіртақы беріліп отырады. Мұның өзі тірісінде еліне маңдай тері тамған абзал жанның бақилық болса да, өскелең ұрпаққа шапағаты тиіп отырғанын аңғартады.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.