Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табысты емес, тыныштықты ойла, кәсіпкер!

0 399

Елімізде болған бүліктен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі аптаға төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл аралықта дүкендер мен сауда орындары, базарларда толықтай ішімдік сатуға тыйым салынды. Оған себеп те жоқ емес…

Ақиқаты әлі толық айтылмаған қаңтардағы төңкерістің мән-жайын көзбен көргендер алаңға шыққан жастардың басым көпшілігі сылқия араққа тойып алғандар деуде. Ал о баста бейбіт шерумен басталған жаппай наразылықтың соңы әр облыста адам шығыны мен қалаларды қиратумен аяқталды. Тіпті соңында террорлық әрекеттер де байқалды. Не десек те, қаңтардағы төңкеріске қатысы бар адамдардың ісі сотқа өтіп, кінәлілер өз жазасын алатыны сөзсіз. Біздің айтпағымыз ол емес. Қазақстан бойынша екі апта бойы ішімдіктің ешбір түрі сатылмады. Мұндай бастаманы о баста біздің облыстың бастағанын күллі ел біледі. «Ішімдіксіз ауыл» жобасы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылдық округінде 2020 жылы бастау алған. Бастаманы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті көтеріпті. Мекеменің алкоголь өнімдерін тұтынуды тоқтату жөніндегі ұсынысын жергілікті ақсақалдар мен жастар қолдаған. Солайша жеті жарым мың тұрғыны бар бес ауылдағы ағайын ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Жыл санап бұл бастаманы қолдаған аймақтар да жетерлік. Жалпы бүгінде Жамбыл облысында 5 аудандағы 12 ауыл арақ-шарап ішуден де, сатудан да бас тартып отыр. Аталған ауылдардағы 126 дүкен иесі арақ-шарап сататын сертификаттарын өз еркімен өткізген. Сондай-ақ «Ішімдіксіз ауыл» жобасын еліміздің бірнеше аймағы қолдап, бүгінде дастарқандарына ішімдікті емес, ата-бабадан қалған қымыз-шұбатты қоюда.
– Жалпы жұрт қонақ күткенде, дастарқанға арақтың орнына қымыз қоюды әдетке айналдырса жақсы болар еді. Біз өзгерісті көршімізден күтпей, бірінші өзімізден бастауымыз керек. Қазір жастар арасында ішімдікті мүлдем татып алмайтындар баршылық. Дегенмен арақтың қанша отбасыны ойрандағанын білеміз. Сондықтан қазаққа бірінші кезектегі жау – арақ. Оған тағы бір дәлел болғаны – күні кеше еліміздің әр облысындағы бейбіт шерудің соңы қанды оқиғаға ұласуы. Көпшілік ондағы арандатушылардың арақ ішкендігін, есірткі пайдаланғандығын айтып жатыр. Меніңше, ішімдіктен түбегейлі бас тартсақ, ұлттық сусындарымызды пайдалану арқылы өскелең ұрпақты салт-дәстүрімізді жаңғыртуға тәрбиелеумен қатар, олардың денсаулығына да септігін тигізер едік. Арақ алған ақшаға қымыз алсақ, біздің ұтқанымыз, – дейді қала тұрғыны, көпбалалы әке Сырым Базарбаев.
Жалпы төтенше жағдай уақытында дүкендердің жұмыс уақыты да шектелді. Сондай дүкендер желісінің бірі – «Дәмді себет».
– Қала бойынша 31 дүкен болса, 5 ауданда да сауда орындарымыз бар. Төтенше жағдай жарияланған уақытта ішімдік сөрелерін толығымен жауып, сыра салынған тоңазытқыштардың аузын құлыптадық. Халық о баста түсінбеді. Алкогольді сусындарды сұрап келушілер әлі де көп. Сатушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдай уақытында сатылмайтынын айтуда. О баста жұмыс уақыты кешкі 17:00-ге дейін болды. Қазір ұзарды. Көпшілік бұған да үйренді. Ал жалпы алкогольді ішімдіктерді мүлдем сатпау мүмкін емес секілді, – дейді «Дәмді себет» дүкендер желісінің директоры Алмазбек Шегебаев.
Қала дүкендерінде алкоголь сату толық тоқтады ма, жоқ па, оны бақылап жатқан құзырлы саланың жоқтығына тақырыпты зерделеу барысында көз жеткіздік. Тіпті түнгі клубтар мен кафелерге де ешкім бақылау қоймаған. ҚР мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына хабарласқанымызда: «Біздің құзырымызға кәсіпкерлік нысандарды тексеру жемқорлық болып есептеледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін жарияланған мораторий бойынша бізде ондай құқық жоқ», – деді. Ал жергілікті билік жанынан құрылған мониторингтік топ бұл жұмысты күні кеше ғана қолға алды. Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, «Тараз қаласы аумағында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу» бойынша №1 мониторингілеу тобының тексеру нәтижесінде «Smoking time» «Досанов», «Диана» және «Муналиева К.Н» жеке кәсіпкерлігі мен кафе иелері төтенше жағдай кезінде шектеулі жұмыс уақытын сақтамауы және алкоголь өнімдерін сатқандығы анықталды.
Қазіргі таңда қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алуға және ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында барлық кәсіпорын басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көрушіні лағынеттеді!» – деп арақтың бүкіл жамандықтың көзі екенін айтып, оған тыйым салған болатын. Бұл не деген сөз? Арақты ішкен адам ғана емес, оны сатқан, тіпті өзі ішпесе де, өзгеге құйып берген адам да Алланың ашуына ұшырайды деген сөз. Саналы адам ұғынса, мұнда үлкен сыр жатыр. Болашағымызды ойласақ, ащы судан төтенше жағдайда ғана емес, қалыпты күнде де өз еркімізбен бас тартқанымыз жөн.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.