Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түркияда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

0 296

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ыстанбұлда «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты кіші құрылтайы өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. Алыстағы ағайынның алқалы мәжілісі басталмас бұрын жергілікті билік өкілдері мен Кіші құрылтай делегаттары және қала тұрғындары түрік пен қазаққа ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың ашылу салтанатына қатысты. Саябақ Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйытқы болуымен ашылып отыр. Онда Ыстанбұл қаласының 800 мың халқы бар Бағжылар ауданының әкімі Локман Чағырыжы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз сөйлеп, даңқты спортшының ескерткіші орнатылған саябақтың лентасын кесті.

Іс-шараға М. Өзтүріктің қарындасы Перихан мен Германияда тұратын қызы Неслихан да қатысты. Кіші құрылтай жұмысына Түркия және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Құрылтайдың қорытындысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қандастардың Үндеуі қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар қатысушылар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбековтың бұйрығымен «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды. Құрылтай аясында диаспораның жастары үшін қазақстандық жоғарғы оқу орындарының «Білім көрмесі» ұйымдастырылды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесі ұсынылды. Артынша осы жерде Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі гала-концерт берді. Музыкалық кеш көрерменнің ыстық ілтипатына бөленіп, үлкен қошеметке ие болды. Шараның соңында З. Тұрысбеков қонақтарға қазақтың шапанын жапса, Ә. Байел Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап басылған күміс естелік монеталарды сыйға тартты. Құрылтай шеңберінде Жамбыл облысының өкілдері Мұстафа Өзтүрік саябағының ашылуында өнер көрсетсе, «Алтын тамырлы Атажұрт» жетістіктер көрмесін Ақмола облысы әкелді. Ал Тәттімбет атындағы оркестрдің гала-концертін Қарағанды облысы ұйымдастырды. Кіші құрылтай жыл сайын әр түрлі елдерде өтіп отырады. Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзі қазақтарының Ұлы құрылтайын өткізу жоспарлануда.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.