Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғұлама ғалым хақында ой қозғалды

0 1  409

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бірлесе ұйымдастыруымен әйгілі тарихшы, ұлы ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдық мерейтойы аясында «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» тақырыбында оқу конференциясы өтті.

Орта ғасырлар тарихын ғылыми тұрғыда бізге жеткізуде ғұлама ғалым, ақын, қолбасшы әрі дипломат М.Х.Дулатидің еңбегін танытуды мақсат еткен жиын әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде қазақ халқының өсу тарихы мен мәдениетін көрсетуге де бағытталды.
Шараның шымылдығы М.Х.Дулати өмірінің кезеңдерінен сыр шертетін театрландырылған көрініспен ашылып, өмір деректеріне қатысты қысқаша шолу ретінде бейнероликпен жалғасын тапты. Сонымен қатар тарихи тұлғаның «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі зағип жандарға арналған Брайль қарпінде жарияланған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Тағылымды басқосуда Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты мектептердің ұстаздары – Мереке Абитова, Гүлнар Қанаева және Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің оқытушысы Ғалия Әбдіханова Дулати іліміндегі рухани құндылықтарды негізге ала отырып баяндамалар жасады.
Ғасыр данасы атанған тұлғаға арналған конференцияда ғалым-зерттеушілер – Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев, Бақытжан Махашұлы М.Х.Дулати өмірінің беймәлім тұстары мен артында қалған мұралары жайлы құнды ой-тұжырымдарымен бөлісіп, әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесіне қатысты зерттеулер төңірегінде пікір алмасты.
Аталған басқосудың соңы тарихи өтпелі кезеңде халықтың азаттығы жолында ерен еңбек еткен ата-бабаларымызды жадымыздан шығармау перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз екенін айтылып, қорытындыланды.
Екі күнге созылған шара аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті музейінде «Тифломузей» жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен 82 тарихи жәдігерге Брайль қарпімен атаулары жазылып, арнайы QR-код қойылды.
Іс-шараға мүмкіндігі шектеулі білімгерлер мен «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған шарада тарихи жәдігерлерді қолмен сипап, құлақпен есту арқылы танысуға мүмкіндік алды.
Бұл жоба екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінде барлық аудандық музейде ашылып, 300-ге жуық экспонат көрмеге қойылды.
Осылайша, есімі әлемдік тарих пен мәдениетте «Тарих-и Рашиди» еңбегі арқылы мәңгі сақталған ұлы тұлғаның асыл аманаттарын ардақтау мақсатында өткізілген оқу конференциясы жоғары деңгейде өтті. Тұлғаның тарихқа таңбадай басып кеткен ұлы шығармалары болашақ жастардың саналарында мәңгі сақталмақ.

Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА,
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.