Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ әнінің көкжиегін кеңейткен Қаныш

0 1  081

Халық даналығы «Көп өмір сүргеннен емес, көп біліп, көп көргеннен сұра» дейді. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» дегендей, отыз жасында орда бұзып, қырық жасында елге танылған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та осындай жан болған. Ол туралы көзінің тірісінде де, кейін де замандастары мен кейінгі толқын ізбасарлары жақсы пікір, ой-толғамдар айтып, жазып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай мол рухани мұра қалдырған.

Ұлы Отан соғысы аяқталып, бейбіт өмір енді басталған кез. Қазақстан ол кезде Кеңес Одағының құрамына енген және сырт әлемге көбіне бейтаныс 15 республиканың бірі ғана еді. Қаныш Сәтбаев 1947 жылы кеңестік делегацияның құрамында Лондонға барған екен. Сапар барысында қазақ баласын алғаш көрген Ұлыбританияның белді саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?», – деп сұраса керек. Сонда Қаныш Сәтбаев: «О не дегеніңіз, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын», – деп жауап берген екен. Ол ойы мен ісінде, тіпті қалжың сөзінде жүрегі әркез халқым деп соққан, туған жерін шексіз сүйіп, оған шексіз берілген. Міне, Қаныш Сәтбаев осындай жарқын мінезді, біртуар азамат еді. Қаныш Имантайұлын біз ірі ғалым, мемлекеттік қайраткер ретінде танимыз. Рас. Мазмұнды, ғылыми жаңалықтарға толы ғұмыр кешті. Қазақстан өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Заманында халқы да, мемлекет басшылығы да ғалымның еңбегін жоғары бағалап, сан рет марапатталды. Қайнап жатқан ғылыми және мемлекеттік міндеттердің арасында Қаныш аға қазақ үшін маңызды тарих, әдебиет, этнография, математика, тіл білімі, театр, ғылым мен өнердің басқа салаларын дамытуға зор үлес қосты. Сол қатарда Қаныштың қазақ музыкасына қосқан үлесі де көп.
Болашақ дарын иесі 1899 жылы наурыз айында, яки марттың 31 жұлдызында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. «Нәрестенің есімін Ғабдұл-Ғани деп қойдық. Құдай Тағалам бергеннен жазбасын. Аллаху әкбар. Әумин!». Имантай ақсақал бұл сөздерді жай қағазға емес, Құран кітабы мұқабасының астар бетіне жазып қойғанында мән бар: ол кезде қыр-сахарасында жаңа туған баласының туған күнін бір жерге түртіп қою қалыпта жоқ әрі киелі кітапқа жазылған сөз сол киелі кітаппен бірге сақталып, бірге жасамақ. Жарықтық әулие кісі екен, анығында, солай болып шықты да қойды. Имекеңнің сол ықтияттылығының арқасында бүгін біз болашақ ұлы ғалымның нақ қай күні туғанын нақты біліп отырмыз. Дін мұсылманның киелі кітабы Құранның астар бетіне мұқияттап араб әрпімен есімі түсірілген сол күннен бастап Ғабдұл-Ғани аталған сол нәресте де ата-анасы, күллі зәу-заты кешкен аттың жалы, түйенің қомында дейтін салқар тіршіліктің кішкентай бір бөлігіне айналды. Кейін келе бұл есімнің Қанышқа айналуында да біздің халқымызға тән сыр бар.
Осылайша Имантай ақсақалдың кенже ұлы Ғабдұл-Ғани Қаныш аталып кетті, кейін бұл есімнің әуелгі Ғани есімінен келіп шыққанын біреу білсе, біреу білмейтін болды. 10 жасқа қадам басқан Қаныштың болашағына Г.В.Тереньтев жарқын жол сілтегендей еді. Талантты шәкіртті екі жыл оқытқан ұстазы: «Имантай абзи, мына балаңыз зерек қана емес, тума дарын иесі. Мұны қалада, үлкен жерде оқыту керек», – деп жазады өз естелігінде. 1911 жылы Қаныш Павлодардағы шаруа мен мұжық балаларына арналған екі жылдық училищеге оқуға түседі. Қаныш бұл оқу орнын өте жақсы деген бағамен бітіріп шығады. Бұдан кейін де оның сапары жалғаса түседі. Балалық шағының кейбір қызықтарын академик кейде отбасында айтып отырады екен. Оның құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастары Қаныш бөтен-бастақ мінезі жоқ, момын, мейірімді бала еді дегеннен әріге бармайды. Бүкіл ғұмырын туған ауылында өткізген немере ағасы Әкімтай ақсақал «Қаныш ағаның балалық шағы туралы не айтып бере аласыз?» деген бір журналистің сұрағына бар айтқаны: «Қанышты бір білсе, нақ мен білетін шығар деп отырсың ғой. Оның рас. Біз Сәтбай атамыздан тараймыз, екеуміздің әкелеріміз – Жәмін мен Имантай – бірге туған бауырлар. Інімді мақтан тұтамын, артықша жақсы көремін. Бірақ сондағы бала Қаныштың мынадай дана Қаныш болып шығатынын сол кезде білсем ғой, басқан ізін, аузынан шыққан сөзін аңдып, жадыма тоқи бермейтін бе едім?! Есімде қалғаны сол, Қаныш ақылды, ұстамды, зерек бала болып өсті. Одан басқа дәнеңе де есімде жоқ. Енді менен гөрі Жұмашты айналдырыңдар, сол екеуі жалаңбұт күнінен бірге өсті, кейін бозбас боп қыздарға да бірге қырындап жүрді… О-оу, одан беріде қаншама заман өтті… балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей… Мені қажай бермеңдер. Оданда алдыңдағы қымызыңды іш, менің намазым қаза болып барады…»
Шындығы да солай шығар, ауыл баласы өзіндей өзге қара сирақтардан қалай ерекшелене қойсын. Баланың алғаш былдырлап шыққан тілін, апыл-тапыл басқанын, талай қызық қылығын әкесі мен шешесінен артық кім айтып береді, бірақ олар ертеректе өліп кетті ғой. Сондықтан біз ғалымның қамсыз-мұңсыз сәби шағын көңілмен шарлап қана көз алдымызға елестете аламыз. Бала Қаныш бұрынғы өткен ата-бабаларының жыл бойына киіз үйде күнелткенін, қам кесектен, қыртыс шымнан қыстау салуды ойға да алмағанын үлкендерден талай естіген шығар. Ағын судай жөңкіген тоқтаусыз уақыт Имекеңнің кенжесі Қанышты тез есейтті. Сегіз жасында оны «Үлкен ауылдағы» молда алдында отырғызды, ол өз тумаластарынан көп ілгері тіл сындырды. 1909 жылы өз ауылынан 15-16 шақырым алыстағы Шорман ауылында білім алды.
Қаныш Имантайұлы Семей семинариясында оқып жүрген кезінде (1914-1918) бұл семинарияда Мұхтар Әуезов те оқитын еді. Қаныштың айтуынша, Мұхтар, Жекей деген бала үшеуі бір пәтерде тұрып, бір кезде бітіріп шығады. Оқумен қатар олар география қоғамына үздіксіз барып, онда қазақ тарихы, Абай, Шоқан, Ф.Достаевский туралы оқыған лекцияларын тыңдайды. Екінші жағынан география қоғамымен бірігіп, қалалық театрларда қазақша сауық кешін өткізеді. Сондай үлкен кештің бірін 1915 жылы 13 ақпан күні өткізген. Оны бастап қоюшы – семинарияның оқытушысы Назифа Құлжанова. Кеш Біржан мен Сараның айтысы, батырлардың айтысы, қазақ әндері және Абай әндері қатарлы төрт бөлімнен құралады.
Бұл кеште Қаныш аз рөл ойнамаған. Ол сайыста, біріншіден, Қобыланды батыр болып шықса, қалған екі бөлімдегі әннің көбін орындап шығады. Оның ішінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні, «Топайкөк», «Баянауыл», Абайдың «Көзімнің қарасы», т.б. әндерді шебер орындап шыққан. Қаныш Сәтбаевтың әнге деген құштарлығының дәлелі ретінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде дәріс берген, екі жыл Қаныш Сәтбаевтың хатшысы болған Сіламхан Жаппархановтың сөздерінен мысал келтіргім еледі: «Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындайтын. Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі де атаның қанымен берілген қасиет болса керек. Атасы Сәтбай да, әкесі Имантай да өнер десе ішкен астарын жерге қойған. Өз заманының жыршы-жыраулармен талай дастарқандас болған. Бала Қаныш, бозбала Қаныш қазақтың ән-жырын кішкентайдан құлағына сіңіріп өскен. Жаяу Мұса мен Естайды бала күнінен білген. Жаяу Мұсаның әндерін өзінен тікелей үйренген. Баянауыл әндерінің жан сергітер ғажап әуенін бойына сіңірумен есейген Қаныш Имантайұлы домбыра шертіп, сүйікті әндері «Шама», «Бір бала», «Мақпал», «Салайын», «Қорланды» әуелете шырқаған. Кейіннен сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинаушы, әйгілі музыкатанушы Александр Затаевичке айтып берген. Сөйтіп, Затаевич Қаныш Сәтбаевтан 25 қазақ әнін жазып алған. Затаевич қазақтың халық әндерінің білгірі әрі жақсы орындаушысы ретінде Сәтбаевтың дарынын жоғары бағалаған. Қаныш Сәтбаев әндердің тарихын да өте жақсы білген және шебер әңгімелеп айтып бере алған. Сондай әндерінің бірі – Едіге бидің ұрпағы Мұсаның әні «Бүркітбай». Бұл – бозбала шағында Қаныш Сәтбаевтың ұнатып айтқан әндерінің бірі.
Қазақтың жалпы өнерінің, музыкасы мен театр өнерінің тарихын зерттеушілер үшін Қ.И.Сәтбаевтың 1916 жылы «Қазақ тілі» газетіне жарияланған «Томдағы ұлттар кеші», 1927 жылы «Еңбекші қазақта» басылған «Қазақстанның ұлт театры туралы», 1944 жылы «Казахстанская правдада» шыққан, «Қазақстан туралы кинофильмдерді күтеміз», т.б. мақалаларының ғылыми құндылығы айрықша.
1926 жылы 13 январьда Қызылорда қаласында қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылды. Келесі жылы сол театрдың қаз тұрғанына бір жыл толуына орай мерекелік спекатакль өтеді. Оны Қ.Сәтбаев барып көріп, ұлттық театрдың жетістіктері мен кемшіліктерін аса талғампаздықпен тани отырып, соның барлығына байыбына жеткізе талдау жасап, «Қазақстанның ұлт театры» деген мақала жазды. Осы мақаласында академик Сәтбаев: «Қазақ халқының неше алуан және өте бай халық музыкасы бар. Қазақ халқы адамның махаббатын, ерлігін, неше түрлі жан сезімдерін бейнелейтін көп күйлер, әндер шығарған», – деген. Бұл еңбек, шын мәнінде, қазақ көркем өнері туралы ең алғашқы теориялық зерттеу ретінде осы күнге дейін маңызды. Мақаладағы режиссерлық өнері бағаланған Жұмат Шанин, артистік мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талданатын Құрманбек Жандарбеков, Қалибек Қуанышбаев және басқалары кейін қазақ өнерінің мерейін өсірген ірі тұлғаларға айналғаны хақ.
Ол жас кезінде әдемі ән де салған, халықтың музыкалық шығармаларын да жинаған. А.В.Затаевичке жиырма бес ән тапсырғанын жоғарыда айттық. Олар белгілі музыка зерттеушісінің 1931 жылы Москвада шыққан «Қазақтың 500 әні мен күйі», «Қазақ халқының 1 000 әні» атты еңбектерінде жарық көрді. А.В.Затаевич: «1926 жылы Семей облысы мен Қарқаралыға барған сапарымның нәтижесінде 280-ге жуық ән жиналды, олар Москвада әйгілі әнші Әміре Қашаубаев пен әнқұмар да білгір Қаныш Сәтбаев және басқаларының айтуы бойынша жинаған бірнеше ондаған жазбаларынмен бірге қосылып, кітаптың Семей бөліміне енгізілді», – деп жазды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан жазылып алынған сол әндерге берілген ескертуде былай деп көрсетілген: «Қаныш Сәтбаев – Томск технологиялық институтынан білім алған жас қазақ инженері. Баянауыл әндерін жете білетін, жақсы орындайтын ол бұл жинаққа тек әндер әуені жайлы ғана құнды мәліметтер беріп қоймай, әндердің сөздері мен орысша аудармасын да табыс етті».
А.В.Затаевичтің артында қалған мол мұрасын академик Қ.И.Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым академиясының қорына алғызды.
Сәтбаевтың музыка өнерінің тарихына қосқан үлесі А.Жұбанов, Б.Ерзакович сияқты ғалымдардың мақалаларында, сондай-ақ «Қазақ театрының тарихы» атты еңбекте жан-жақты айтылған. Академик Қ.И.Сәтбаевтың өнер саласындағы еңбегін көптеген деректермен негізгі әңгімелей келіп, белгілі өнертанушы, композитор А.Қ.Жұбанов:
– Қанышекең еш уақытта да өнер саласына қамқорлығын үзген жоқ. Ол бірінші бесжылдықтың жоспары жасалғанда өзінің баяндамасында, қағаз бетіне түскен академияның жоспарында 1965 жылы академия құрамында өнер институтын ашуды енгізді. Оның өміріміз үшін керек екенін тайға таңба басқандай етіп анықтап, ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Біздің күн санап өсіп келе жатқан өнеріміздің ғылыми негіздеуді керек ететінін түсіндірді… Қанышекеңнің Қазақстан жағдайындағы ісінің аумағы, көлемі, мәні – өзіне теңеу таппайтын іс. Өзімен бірге кейін қалғанымен қатар, бізге қалғаны да мол, – деген екен.
1914-1918 жылдары Семейде мұғалімдік семинарияда оқып жүргенде Қаныш Сәтбаев зиялылар ортасында болады, олармен бірге қаланың қоғамдық-мәдени өміріне араласады. Соңғы кезге дейін аталмай келген 1915 жылғы бір құжатты мысалға келтірейік. Өйткені он алты жастағы семинаристің, болашақ ғалымның қоғамдық, мәдени, әдеби өмірге араласуының алғашқы қадамы баспа бетінде бірінші рет хатталыпты. Бұл құжат көпке дейін жабулы болуының себебі – онда қуғынға ұшырап, кейінгі кезде ғана ақталған белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың аты аталады.
Байқасаңыз, әрқайсысы бір тарих. Болашақ жазушы Жүсіпбек Аймауытов Қаныш Имантайұлымен Керекуде де бірге оқыған болатын, екеуі енді Семейде сахнада бірі домбыра, бірі мандолина тартып, Жүсіпбек бірнеше көрініске қатысып, Қ.Сәтбаев, Крыловтан Абай аударған «Бұлбұл мен есек» өлеңін жатқа айтқан.
Ал белгілі ғалым Ә.Марғұлан өз естелігінде Имантайұлы туралы былай деп жазады: «Оқудан бос уақытын студент Қаныш бір ғана іске, ой-санасын байыту мәселесіне жұмсайды. Көп уақытын Том университетінің бай кітапханасында өткізіп, қазақ халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті туралы жазылған деректерді үңіле оқыды. Олар жайында бірнеше мақала жазып, кейбір әдебиет үлгілерін баспаға дайындайды. Қаныштың бастауы бойынша университет жанынан Күншығыс мәдениетін зерттейтін ғылыми үйірме ашылып, оған Томда оқитын студенттер қатынасады. Үйірмеде якут, бурят, хакас, тұңғыс елдерінің халық әдебиеті, этнографиясы, тарихы туралы баяндамалар тыңдалған. Қаныштың өзі де қазақ әдебиеті, этнографиясы туралы бұл үйірмеде бірнеше рет баяндама жасайды. Онымен қатар үйірме атынан талай мәрте сауық кешін өткізіп, онда әрбір халықтың ән-күйлерін жақсы көрсете алған».
Осындай сауық кештердің бірі туралы Қ.И.Сәтбаев мақала жазыпты. Қаныш Имантайұлының «Том қаласындағы ұлттар кеші» мақаласы «Қазақ тілі» газетінің 1926 жылғы 26 мамыр күнгі санында жарияланды. Бұл мақаласында қазақ жерінен тыс сонау алыс шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған бірнеше халықтардың – қазақ, бурят, якут, ойрат, шор, башқұрт және басқа ұлттардың ән-күй, салт-санасына арналған сауық кеші суреттеледі. Кеш 1926 жылдың 10 сәуір күні өткізіліпті. Қ.И.Сәтбаев Том қаласындағы технологиялық институттың соңғы курсын тәмамдауға, диплом жұмысын қорғауға әзірленіп жүрген кез болатын. Мақалада сауық кеште көрсетілген қазақтың салт-сана, ән-күй, олардың ерекшеліктері сөз етіледі. Қазақ жұртындағы жаңа түскен жас келіншектерге жасайтын «шашу» – беташар, отқа май салар сияқты ырымдары жанды бейне түрінде көрсетіліп өтті. Қазақ өлеңдерінен «Екі жирен», «Бір күн көшіп дүние» (айтушы – Ғалымтай Сәтбайұлы), «Қара торғай», «Еркем» (айтушы – Омар Толбайұлы) әңдері айтылды. Сауық кеште көрсетілуге қазақ салт-сана әдетіндегі жаңа түскен келінді құрметтеп қарсы алу, шашу, беташар рәсімдерін таңдап алудың өзінде талай сыр, мән-маңыз жатыр. Бірнеше қазақ өлеңдерінің мән-мазмұны, мәтіні алғашқы рет аударылу әрі нотаға түсіріліп, рояльдің сүйемелдеуімен орындалу ерекшеліктері, пайымдалуы қазірде оңай, ал сонау 1926 жылы профессионалдық көркем бастаулары енді-енді қалыптасуға бет алған шақта студент-инженер Қаныш Имантайұлы ғылым мен көркем сөз, өнердің қатар өрлеуін сол кезде-ақ мақсат-міндет санағаны айтпаса да түсінікті.
Қаныш Имантайұлының ән өнерін құрметтеуі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Десе де, Қанекеңнің өмірлік жолында қиын-қыстау кездер аз болған жоқ. Білім жолында денсаулығын сарп еткен, даңқын көре алмаушылар сыртынан арыз жазып, басына қара бұлт төнген, үлкен ағалары, үзеңгілес достары мен әріптестері бірінен кейін бірі тұтқындалып я атылып кеткен қиын сәттерді басынан өткерді. Оларға көреген тұлға мойымады, ызаланып кек сақтағаннан гөрі кешірімшіл болды. Қандай да сын сәттерде адамгершіліктің биік үлгілерін көрсетті. Академик, ректор атанғанда да Қанекең қарапайымдылығына салып, ауылдан шыққан қара домалақтардың бірі екенін ұмытпады. Ал өзінің төл саласы – геологияда Қаныш Сәтбаев ашқан қазына Ұлы Отан соғысы кезінде де, бейбіт жылдарда да ел игілігіне жарап жатқанын көріп отырмыз. Ғұлама ғалым және мемлекеттік қайраткер Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1964 жылдың 31 қаңтарында Мәскеудегі Кремль ауруханасында емделіп жатқанда қайтыс болған.
Қаныш аға дүниеден көшпенді дәурен сияқты өте шыққан жоқ, оның адамдық, азаматтық биік тұлғасы халық көңілінен еш уақытта кетпек емес, ел үшін істеп кеткен асқаралы ісі, ұрпағына мирас етіп қалдырған ғылым қазынасы халық есінде, тарихта мәңгі қалмақ. Қадірлі де қастерлі есімі Қазақстан халқының есінде мәңгі сақталмақ.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.