Қалалық қоғамдық-саяси газет

Студенттер маусымға

0 181

«Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымы басталды. Атаулы күнге орай облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек жастармен жүздесті.

Сәндібек Піренов суретті түсірген А.Қартабай

Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері табысты жүзеге асырылуда. Биыл қала бойынша 350 жас еңбек маусымына тартылып отыр. Енді олар қала тазалығына бір кісідей атсалыспақ. Еңбек маусымының ашылу салтанатында Дәулет Жамаубайұлы жастарға студенттік өмірдің қыр-сырын айтып, еңбек етуге шақырды.

– Әрине, жастық шақтың қайта келмейтін қалтқысыз кезеңі – студенттік күндер. Осы мүмкіндікті әрбір жас тиімді пайдалануы керек. Әркез белсенді жастардың қатарында болу маңызды. Себебі бұған дейін де студенттік шағында белсенділік танытқан жастардың аяқ алысына қарап баға беруге болады. Олардың дені лауазымды қызметте. «Жасыл ел» еңбек жасағының тиімділігі жастармен емен-жарқын араласып, еңбекпен жетілуге септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең жаңа достар тауып, әлеуметтік орта қалыптастыруға, осы арқылы уақытты текке өткізбеуге жол ашады. Облыс әкімінің және «Nur Otan» партиясының бастамасымен жастарға арналған түрлі жобалар қолға алынды. Белсенді жастарды әркез өзгелерден көш ілгері болып, игі шараларға бір кісідей араласуға шақырамын, – деді Дәулет Кәрібек.

Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасағына 1 451 жұмыссыз, яғни NEET жастары маусымдық жұмысқа тартылған. Ал биыл аталмыш бағдарламаға жалпы 53,7 млн теңге қаралып, мыңға жуық жұмыссыз жас еңбек етеді. Жалпы жоба аясында студенттер қаланы көгалдандыруға араласады. Маусымның ашылу салтанатынан кейін жастар «Мамыр» саябағында орналасқан «Асар» емдеу-сауықтыру орталығына барып, 100-ге жуық көшет отырғызды. Бұл жұмысқа еріктілер күш біріктірді.

Еңбек маусымының ашылу салтанатында жастар кез келген жұмысқа дайын екендерін байқатты. Соған қарап, жаңа оқу жылына дейін үйлесімді жұмыстың үлгісін көрсететініне сенім білдірдік.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.