Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала тазалығына әкімдік қана жауапты емес!

0 668

«Тазалық – иманның жартысы». Көктем шыға қала аумағында көгалдандыру жұмыстары басталады. Сенбіліктер ұйымдастырылып, санитарлық тазалау да қыза түседі. Десе де, қала тазалығына тек әкімдік емес, әрбір тұрғын жауапты.

Жылда шаһар тазалығына барлық мекемелер сенбілікке шығып, қыста қар астында қалған күл-қоқыстарды тазартады. Әр апта сайын емес, күнде тазалық сақшыларына айналған бірден-бір мекеме – «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС. Иә, бұл тұрғындар үшін жаңалық емес. Себебі қала тазалауға шығатын мекеменің техникасы мен жұмысшыларын таң қылаң бергеннен көшеден көріп жүрміз. Десе де, тазалыққа келгенде күрмеуі қиын мәселе де көп. Айталық, қаланың шеткі аумақтарын қоспағанда, ықшамаудандар мен орталық көшелердің бойындағы жағдай да көңіл көншітпей тұр. Бұған кім кінәлі? Тазалыққа жауапты мекеме ме, әлде бұның басқа да себептері бар ма? Осы сауалмен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Бейсековке қайырылған едік.
– Қаланың тазалығына жауапты мекеме болған соң, көктем шыққанда жұмыс екі есе артады. Көктемгі екі айлықта көшелерді тазалаудан бөлек, абаттандыру жұмыстарына кірісіп, тал-дарақтар отырғызамыз. Гүл егіп, ротор деп аталатын суғару құралын дайындаймыз. Сондай-ақ арықтарды тазалау жұмыстарына да атсалысамыз.
«Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі жайында айтқанда, ең әуелі көше тазалығы ойға оралатыны рас. Бұл бағытта бізде жұмыс жыл сайын жүйелі жүргізіледі. Бірақ кейде еңбек аяқасты болып жатады. Мәселен, ықшамаудандарда тұрғындар қоқыс контейнері тұрғанымен, тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа тастап кетеді. Бұл жұмысты қиындатады. Себебі қалада осындай жағдай күнделікті қайталанады. Бір өкініштісі, тұрғындардың соған еті үйреніп, әдет қылып алған. Желі белсенділері қала көшелерінде, тұрғын үйлердің маңында шашылған қоқыстарды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатады. Кейде біз сол жерге барып, мән-жайды анықтап қарасақ, қоқыс контейнерлері тіпті толмаған болып шығады. Сонда тұрғындардың өздері тастаған тұрмыстық қалдықтары желмен өз аулаларына ұшып жатады, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Иә, бүгінде мекемеде жалпы 103 дана арнаулы салаға арналған техника бар болса, оның әрқайсысы өз бағыты бойынша жұмыс жасап-ақ жатыр. Ал мекемеде 245 жұмысшы штат бойынша еңбек етсе, келісімшарт негізінде 235 жұмысшы бар екен. Сондай-ақ серіктестік тарапынан 238 адам қоғамдық жұмысқа белсенді түрде тартылған.
Жалпы биылғы жылы қала аумағында наурыз-сәуір айларында 5 мыңға жуық ашық тамырлы түрлі ағаштарды отырғызу жоспарланыпты. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ықшамауданындағы каналдың жағасына, Айша бибі көшесінің бойына, «Көктем» иіні, №15 ықшамаудан мен 105-разъезд жерлеріне қарағаш, акация, шетен, үйеңкі ағаштары отырғызылмақ. Көктемгі екі айлық барысында талдарды әктеу, электр бағаналарын сырлау, 215 шақырым көшені тазарту, 388 030 шаршы метр саябақтарды, скверлерді тазалау, 4000 тонна кездейсоқ күл-қоқыс орындарын шығару жоспарланып отыр. Абаттандыру және көгеріштендіру жұмыстары аясында 50 гектар жасыл желекті күтіп ұстау, 10 гектар жасыл белдеу- ге көшет отырғызу, ирригация желілерін тазарту, талдарды паспорттау жұмыстары да жүргізіледі. Сонымен қатар жас ағаштар мен гүл көшеттері отырғызылады.
– Бүгінде қаланы абаттандыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Қазір күл-қоқыс-тарды күнделікті шығарудан бөлек, мекеме қызметкерлері өзіміздің жылыжайда гүлдер мен гүлзарларды егу жұмысына дайындалып жатыр. Жылыжай аумағы 6500 шар- шы метрді құрайды. Жаздық маусымда көгалдарды күтіп баптау мекемеге жүктелгендіктен, дайындық жұмыстары ерте көктемде басталады. Қазіргі уақытта 900 мың шаршы метрден асатын көгалдандыру аймағы бізге қарайды. Барлық жерде автоматты суару орнатылғанымен, оларды маусымға дайындау бойынша сынған жерін жөндеп, құбырларды ауыстырып жатырмыз. Қала көшелерін абаттандыру бойынша кейбір жобалар әлі күнге дейін әзірленуде. Мысалы, ықшамаудандарға келер болсақ, Сейфуллин мен Әл-Фараби көшесінің қиылысынан Б.Момышұлына шығатын көшенің оң жағын және Б.Момышұлынан Сейфуллин, Шостакович көшелерінің оң жағын, базарға қарама-қарсы бетін көгалдандыру жоспарда. Сондай-ақ «Бурыл» алқабына баратын айналмалы жол мен ескі мал базардың жол бойын абаттандыру мен толық жөндеу жұмыстары өткізілмек. Ал қаланың батыс және шығыс қақпасы жоспар бойынша көгалдандырылады. Сонымен қатар бізге қала бойынша 28 мың тал-дарақ та қарайды. Оларды күтіп-баптау да кезең-кезеңімен жүргізілуде, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС бас маманы Жасұлан Молдабаев.
Тазалық жұмысына мекеменің сақадай сай екенін, қаланың көркіне көрік қосуға асығып отырған мекеме қызметкерлерін көріп, көңіл орнына түсті. Десе де, қала тұрғындары мен қонақтарына серіктестік қызметкерлерінің айтар уәжі бар.
– Біз күнделікті демалыссыз жұмыс істейміз. Менің тобымда жұмыспен қамту орталығы және келісімшарт бойынша келген 300-ден астам жұмысшы бар. Олар күнделікті қаланың орталық көшелері мен ықшамаудандарды тазалауға шығады. Менің тобымда егде жастағы және ұдайы бір қарқынмен жұмыс істеуге қауқары жетпейтіндер бар. Әрине, біз барлық жұмысшылардың жағдайын түсіне отырып, мүмкіндігіне қарай тапсырма береміз. Егер біздің еңбек еленсе, қала көшелері таза болар еді. Неге десеңіздер, жұмысшылар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, таңнан кешке дейін қаланы қоқыстан тазартуда. Алайда шеткі аумақтарды айтпағанда, қала орталықтарында көше бойына қоқыс тастап кете беретіндер көп. Тіпті тазалап жатқан жерге біздің көзімізше темекі қалдығын тастай салатындарды да көз көріп жүр. Таң ата тазалап өткен көшелеріміз түстен кейін-ақ қаз қалпына түседі. Желтоқсан, Комратов, Қойгелді көшелеріндегі жер үйдің тұрғындары қоқысты газонға төгеді. Мұны күнделікті қоқыс тазалап жүрген бізден артық ешкім білмейді. Бұлар өздерінің ісіне арланбайды да. Солардың артын аналарымыз иіліп жиып жүреді. Мұны түсінетін жандар көп болса дейсің. Сол үшін жастарды қоқыс тастамауға шақыратын тәрбиелік мәні зор бейнероликтер түсіріліп, акциялар көбірек ұйымдастырылса, бізге үлкен көмек болар еді, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС тазалық жөніндегі учаске бастығы Сәуле Бугибаева.
«Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде орнайды» дейді дана қазақ. Бұл қағидаға бұқараның пікірі қандай?
– Қаламыз жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұған әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуымыз керек деп есептеймін. Қазір білмеймін, бұрын біз бала кезде мектепте ағаш отырғызып, мектеп ауласын күл-қоқыстан тазартатынбыз. Қазір сол тәлім-тәрбие ақсап тұр. Тағы бір айта кетерлігі, «Тайвань» алқабының тұрғындары №10 ықшамаудандағы қоқыс контейнерлерін толтырып кететінін естідік. Ал Асқаров көшесінің соңында жер үйде тұратын азаматтардың көлікпен келіп, қоқыс тастағанын көзбен көрдік. Тұрғындарды осындай әрекеттен аулақ болып, өз аулаларын таза ұстауға шақырамын, – дейді қала тұрғыны Серәлі Базарбекұлы.
Рас, қоқыс тастап, қаланы ластаған азаматтар әкімшілік кодекс бойынша айыппұл өтейді. Бірақ, бір өкініштісі, осындай деректердің бірі анықталса, бірі анықталмайды. Неге десеңіз, қала көшелерінде бейнебақылау камералары мен полиция қызметкерлері жоқ аумақты ластайтындар біз ойлағаннан да көп. Күнделікті көзбен көріп жүрген жағдайға тіпті дәлелдің де керегі жоқ. Ендігі кезекте қаланың тазалығы өзімізге байланыс- ты дегеннен артық ештеңе айта алмаймыз. Себебі қаланы таза ұстауға атсалысып, жол жиегіне қоқыс тастайтындарды қоғам болып жөнге салу ең әуелі өзіміз үшін маңызды.
Жыл сайын елімізде шамамен 5-6 миллион тоннаға дейін тұрмыстық қалдық шығарылады екен. Қалаларды қоспағанда, аудан мен ауыл сыртындағы жазық далада шашылып жатқан қоқыстар да жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Қаладан шығарылған қоқыстар талай жылдан бері Жамбыл ауданына қарасты полигонға төгілуде. Полигонның сырты қоршалған және қоқыс төгетін орында шұңқыр қазылған. Бұған дейін аталмыш полигонға шетелден бірнеше рет қоқыс өңдейтін зауыт салуды көздеп келгендер болған. Бірақ барлығының айтатыны – қоқыс аз әрі сұрыпталмаған.
Былтыр тамыз айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ел Үкіметі Таразды қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы басталатын алты қаланың тізіміне енгізгені туралы айтылған. Енді осы жұмыстар биыл басталып, жыл соңына дейін аяқталса, бұл бір біткен іс болғалы тұр.

Десе де, қоқыс өңдейтін зауытты күтіп отырмай, кейбір мекемелер сенбілікке шығуды әдетке айналдырса дейсің. Себебі тазалық тек әкімдік пен ондағы жауапты сала мамандарына ғана керек емес. Күз айында басылымда сенбілікке қатыспаған талай мекеменің атын атап, түрін түстеген болатынбыз. Биылғы екі айлық көктемгі науқанда сол мекемелердің қылы қайта «қара тізімге» ілініп, ұятқа қалып жүрмесе болғаны.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.