Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түрленген Тараз: Көне шаһардың экономикалық мүмкіндігі жылдан-жылға артып келеді

0 1  133

Санаулы күндерден кейін Сиыр жылы тарих қойнауына кетіп, Барыс жылы босағадан енеді. «Өткен жылға өкпе жоқ» дегенімізбен, биыл да әлемдік пандемия салқыны қос бүйірден қысты. Бірақ соған қарамастан, облыс орталығында барлық салада ілгерілеу орын алып, оң динамика сақталды. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көңіл қуантады.

Инвестиция – экономика өзегі

Шаһардың экономикалық дамуы тұрғысында инвестиция тарту – ең өзекті мәселелердің бірі. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2021-2022 жылдары жалпы құны 17,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап, 1044 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Солардың біразы сәтті жүзеге асқан. Айталық, «Kisc» ЖШС – металл құю цехын жаңғырту, «Alina Group» ЖШС-нің Тараз қаласындағы өндірістік базасын кеңейту және жаңарту жобалары жұмысын бастады. Сондай-ақ құны 200 миллион теңгені құрайтын «Taraz Plastic» ЖШС-нің «Полиэтилен-Агро» ЖШС «Полипропилен шпагатын өндіру желісі» жобасы іске қосылды. Бүгінде мұнда 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, индустриялық аймақ арқылы жүзеге асатын жалпы құны 43,6 миллиард теңгеден асатын 14 жобадан тұратын әлеуетті қатысушылар базасы қалыптастырылды.
Индустриалды аймаққа орналасатын кәсіпорындардың жоба қуатын ескере отырып, алғашқы кезеңіне инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 миллиард теңге қажет екендігі анықталып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Индустриалды аймақ толыққанды жүзеге асқан кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың салық, бюджет түсімдерін арттыратыны сөзсіз.

Кәсіпкерлікке кең өріс

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында да бірталай жетістіктерге қол жеткізілген. Мәселен, шағын және орта бизнес субъектілерімен 284 миллиард 251 миллион теңгенің өнімі шығарылып, 54 109 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қоса шағын бизнес объектілеріне кәсіпкерлік үшін 70,4832 гектарды құрайтын 564 жер телімі берілсе, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 16,4 миллиард теңгеге 932 жоба субсидиямен қаржыландырылған. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламаларының аясында 1632 жобаға 61,3 миллиард теңге бөлінген. Осы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы нәтижесінде 9 мыңға жуық азамат өз ісін ашып, 1610 адам жұмыспен қамтылғанын да айта кеткен жөн.

Шалғай алқаптар инфрақұрылымның игілігін көруде

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі. Ағымдағы жылы осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылған. Соның айғағы – биыл 10 көшенің су құбыры жүйелері жөнделіп, «Құмшағал», «Шөлдала», «Шалғай Қарасу» алқаптары мен 28 саяжайда электрмен жабдықтау құрылысы аяқталған. Сондай-ақ «Көктем» тұрғын алқабына газ тарату желісінің 2-ші кезеңі іске қосылып, Абай даңғылының бойындағы Тастандиев көшесінен бастап Майқы би көшесіне дейінгі, Ы.Дүкенұлы көшесінің бойындағы су сорғыш станциясынан бастап Элеваторная көшесіне дейінгі су құбырлары қайта жаңғыртудан өткізілген. Бұған қоса өткен жылдан өтпелі «Қарасу» алқабындағы сумен қамту нысаны пайдалануға беріліп, газ және электрмен қамту жұмыстары толығымен аяқталған. Сондай-ақ «Қант зауыты», «Кірпіш зауыты» тұрғын алқаптарын газдандыру жұмыстары тәмамдалған.
Тағы бір айта кетерлігі, 2005 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 1460 азаматқа «Қарасу» алқабынан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған жер учаскелері беріліп, бұқара қуанышқа кенелуде.

Тақтайдай тегіс жолдарды Тараздан табасыз

Биыл қала көшелерін жөндеуге де ерекше екпін берілді. Қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің дерегінше, шаһар аумағында 1388 көше жолдары бар. Ағымдағы жылы жалпы қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 1 587 319 мың теңге қаралған.
Бүгінгі таңда қалалық және облыстық қазынадан қаралған жобалар бойынша барлық жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ көше жолдарын ағымдағы жөндеуге 130 миллион теңге бөлініп, 13 лот бойынша 25 238 м2 жолдарды ағымды жөндеу және 56 дана құдық қақпақтарын көтеру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта 7 лот «НұрАбдрахман жолдары», 2 «Меркі жолдары», 1 лот «Нұрбек жол сервис» ЖШС, 3 лот «L-Вита Темп Строй» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, ағымды жөндеу жұмыстары тәмамдалған. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 20,0 миллион теңге апатты жағдайларды қалпына келтіру жұмыстарына бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы «TEC-SAPA GARANT» ЖШС-мен 16 миллион 240 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыстар біткен.

Көшелер самаладай жарқырауда

Күн өткен сайын түрленіп келе жатқан сүйікті қаламыздың көшелері де самаладай жарқырауда. Айталық ағымдағы жылы 34 көше жарықпен қамтылып, бұған бюджеттен 201,6 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, 5 көше демеушілер тарапынан жарықтандырылған.
2021-2023 жылдарға арналған жоспарға сәйкес облыс орталығындағы басты көшелерге кезең-кезеңімен жарық орнатылмақ. Ағымдағы жылы осы жоспарға шаһар бойынша 149 көше, 37 бұрылыс, 51 көпқабатты үйдің ауласы енгізілген.

Міне, осылайша негізгі бағыттағы жұмыстар жан жадыратып тұр. Мұның бәрі, әрине, қара халықтың қамы үшін жасалып, бұқара тарапынан алғысын алуда. Енді келер Барыс жылына да қала әкімдігінің жоспары жұмыр түзілуде. Бұйыртса, биылғы жылдан да еселенген берекені көреміз деп сенеміз.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.