Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есірткі ессіздікке апарады

0 9

Есіңнен айырып, ессіздікке апаратын есірткінің тіршілікке зияны шаш етектен. Нашаға тәуелділік бірін баласынан, бірін дос-жаран, бауырынан, енді бірін өзіне тиесілі өмірінен айырады. Заманның індетіне айналған зиянкес – қоғамның дерті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Есірткі сатушылар жарнамасын пульверизатор мен трафарет арқылы қабырғаға немесе көзге тез шалынатын басқа жерлерге жазып кетеді. Оған қоса, әлеуметтік желілерде де сауда жасайды. Есірткінің өзін қоғамдық орындарға: кіреберістер мен ағаштың қуысына, урнаға салып кетеді немесе көміп қояды екен.

Тараздағы бірнеше көшені жаяу аралауға көштім. Қабырғаға жазылған жазулар, кейбір қақпаларға белгі ретінде салынған әлдебір шимайлардан көз тұнады. Бір үйдің қабырғасына жазылған үлкен жазбаның қасында ұзақ тоқталып, мұндай жазба туралы жастар мен балалардың не білетіні туралы ойландым. Анадайда әңгіме айтып отырған жасөспірімдер мен ойнап жүрген балаларды сөзге тарттым. Олардан граффити жазудың сырын сұрағанымда, алды 12-ден енді асқан жасөспірімдер бұл жазбалардың сырын егжей-тегжейлі білетін болып шықты. Және де бірауыздан есірткінің зиян екенін, ол адам өліміне алып келетінін де тәптіштеп жеткізді. Тағы бірнеше рет сұрау салып көргенде, жазбалардың сырын жасөспірімдер ғана білетініне көзім жетті. Үлкендер жағы мұндай жазбаларды жай ғана жастардың хоббиі деп қабылдайтын көрінеді.

Осы орайда алдымен «Telegram» арналарындағы дүкендердің мекенжайлары, осы жүйенің қалай құрастырылғаны және дәрі-дәрмекті өз бетіңмен қалай алуға болатыны жайлы іздендім. Көп жағдайда есірткіні кәмелетке толмаған балалар жеткізеді екен. Олардың өздері де пайдаланады. Ақша болмаған жағдайда оларды жарнаманы бояуға жібереді. Содан кейін клиентке «қазына» қай жерде екенін де жеткізуі тиіс. Барлық процесс бақылау үшін фотосуретке түсіріліп отырады. Бұл – өте арзан тұратын ұсыныс. Кейде бір бетбелгі екі мың теңгеден аспайды, ал ұсталған жағдайда сотталатыны анық. Негізі іс жүзінде адамдар бір-бірімен кездеспейді.

Жалпы синтетикалық есірткі туралы Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Бақтыбек Жумалиев айтып берді.
– Синтетикалық есірткілер дегеніміз – зертханаларда әртүрлі химиялық заттардан шығарылатын заттар. Олар өсімдік тектес дәрілерден салыстырмалы түрде арзан екендігімен және көбінесе күштірек әсерімен және денсаулыққа қауіптілігінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Синтетикалық есірткі тез тәуелділікке және өлімнің жоғары деңгейіне әкеледі. Химиялық құрамы бар есірткінің түрлері үнемі өзгеріп отырады, бұл нашақорларды емдеудегі кемшілік те болып табылады. Синтетика өте тез әсер етеді, әсіресе, егер препарат құрамында орталық жүйке жүйесін қоздыратын «эфедрин» деген зат болса. Мұндай дәрі-дәрмектер дене қуатының кемуіне әкеледі. Көптеген синтетикалық есірткіге тәуелділікті дамыту үшін бір қолдану жеткілікті. Бұл дәрі-дәрмектердің компоненттері денеден баяу шығарылады немесе балластпен жинақталып, адам жасушаларын, тіндерін және мүшелерін бұзады, нәтижесінде ол өлімге әкеледі, – дейді Бақтыбек Қарағұлұлы.

Көңіл көзін кірбің шалып, көкжиегі көмескі тартқандар ғана есірткіге қол созады. Ешқашан, ешқайда апармайтын сүрлеуге, бағыт-бағдар, жөн-жосықсыз жолға түсіп, адасып кеткен жолаушы іспетті. Есірткіні шектен тыс қолданып жаны қиылғандарды, көше кезіп жалғыз қалғандарды, түнере жүріп түн кезіп кеткендерді көре тұра, өзіне қажетті дозаға қол жеткізу мақсатында мойнына қылмыс жүктеп, ұрлыққа түсіп, кейде адам өлтіріп, абақтының арғы жағында қалатынын біле тұра, нашақорлар есірткіге есі кете сүйеніп кетеді. Оның себебі – қажетті дозаны қабылдамаса, шектен тыс күйзеліске түсіп, жан шыдатпас ауыртпалықты сезінуінде. Сүйектері сынып жатқандай сырқырап, шыбын жаны көздеріне көрінген соң, амалсыз зиянкеске үйірсектейді. Өз тілдерімен айтқанда, «ломкаға шыдай алмайды».

Соңғы уақытта Қазақстан басқа елдер сияқты нарықтағы синтетикалық есірткінің жаңа түрлеріне тап болды. Бұл індеттің уыты уығын жайлаған соң, сүттей ұйыған шаңырағы шайқалып, шаттығының үні шықпай, қуанышы ойсырап ортаға түскен отбасылар қаншама.

Осыған орай тиісті органдар түрлі тексеріс, рейд жүргізіп, қылмыстың алдын алуда. Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 30 наурыз бойынша есірткі қылмысына қатысты тексеру кезінде 196 құқық бұзушылық, оның ішінде 63 қылмыс және 133 қылмыстық теріс қылықтар анықталған. Есірті сатудың 39 дерегі, аса ірі көлемде сақтаудың 19 дерегі, контрабандалық жолмен тасымалдаудың 4 дерегі және 1 дерек құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі тіркелген. Заңсыз айналымнан 113 келі 697 грамм әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның 40 келі 540 грамм марихуана, 570 гр 602 мгр героин, 73 келі 17 гр гашиш және 12 гр 846 мгр синтетикалық есірткі заттары.

Сонымен қатар 22-26 ақпан аралығында республикалық кең ауқымда «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылған болатын. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бекітілген жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды өткізу кестесіне сәйкес, есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған іс-шараның 5 тәулік қорытындысы бойынша 42 дерек тіркелген. Заңсыз айналымнан 16 келіден астам түрлі есірткі тәркіленген.
Есірткінің торына, әсіресе, оңы мен солын әлі толық тани қоймаған жасөспірімдер тез түседі. Кейде нашақордың арбауына алданып қалса, кейбірі әлдебір сәтсіздікке душар болып, басына түскен мұң-шерін ұмыту мақсатында да қолданып жатады. Кейін ес жиып, етек-жеңін жиюға дәрмені қалмай, өз-өзіне тосқауыл жасай алмай, тоз-тозы шығады.

«Бүгінгі проблеманың бірі синтетикалық есірткінің бетін қайтаруға байланысты қандай шара қолданылып жатыр? Осы мәселе төңірегінде қандай іс атқарылуда?» деген сұрақты Жамбыл облысы бойынша Полиция департаментінің есірткі бизнесімен күрес бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабековке қойған едік.

– Бүгінгі таңда біздің қоғам дертінің бірі ретінде синтетикалық есірткіні атап өтуге болады. Өкінішке орай, химиядағы озық жетістіктер адам өмірін жақсартуға ғана емес, жаңа есірткі дайындауға да бағытталған. Бүгінгі күні интернет ресурстары және қаражат аударудың электрондық жүйелерін қолдану арқылы синтетикалық есірткілер мен психобелсенді заттардың таралу үрдісі байқалуда. Қылмыстың бұл түрі үлкен қарқынға ие болуда. Сондықтан бұл күреске тек барлық құқық қорғау органдарының ғана емес, сонымен қатар қоғамның да қызметін үйлестіру қажет деп ойлаймын. Интернеттің заманауи технологиялары қарым-қатынас жасау үшін, әлеуметтік желілерді жаппай пайдалану арқылы құқық қорғау органдарына белгісіз есірткі құралдарын интернет желісін пайдалана отырып, байланыссыз өткізу тәсілінің пайда болуы үшін мүмкіндік жасалуда. Қылмыскерлер интернетте есірткі құралдарын тегін жарнамалау үшін сатып алушылармен қарым-қатынас жасау, ақы төлеу туралы мәліметтерді алу, есірткінің тұрған жері туралы ақпараттандыру үшін қолжетімді және ыңғайлы құрал ретінде пайдаланады. Есірткі тұтынушылар интернетті тарату арналары арқылы ақпарат алу мақсатында белсенді пайдаланады. Синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алу және жолын кесу мәселесі өзекті болып табылады. Себебі синтетикалық есірткілерді тарату және пайдалану көп жағдайда жастар екені анық, – деген Асқар Абдуаханұлы граффити жазулардың таралу схемасына да тоқталып өтті.
– Граффити жазуларының тарату схемасын жою мақсатында ПД ЕҚҚІБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде «Жасыл ел-Тараз» ұйымы мен Жамбыл облысы «Жастар қозғалысы» және облыстың үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп, граффити жазуларды жою бойынша іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Нәтижесінде өткен жылдың 3 ай қорытындысымен қала бойынша 250-ден астам жазба жойылды. Және 15 интернет сайты бұғатталды, – деді ол.
Қазақстан – есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Сондықтан арнайы қызмет өкілдері сырттан төнген қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларды атқарып жатыр. Дегенмен қылмыстық топтар түрлі жымысқы әрекеттер жасап, есірткінің саудасы қызуда. Есірткі саудасы қызған сайттар қазір ғаламтор желісінде толып тұр. Мамандар сайт иелерінің мекенжайын анықтау өте қиын екенін алға тартады. Себебі дилерлер қолданатын интернет «даркнет» деп аталады. Нақтырақ айтқанда, сайт иесі мүлдем басқа елде отыруы мүмкін екен. Сондықтан көзге түспей, ұсталмай-ақ, қоғамға өз зиянын тигізіп отыр.

Жұмыссыздық жайлаған ортада есірткіге әуес адамдар тез табылады. Көбіне есірткі тұтынушы науқастардың көбі синтетикалық есірткімен табыс табу мақсатында байланысып, кейін өздері де пайдалана бастаған. Бұл біреуге қайғы сыйласа, енді біреуге пайдасы бар табыс көзі.

Қасымның бұрын наша қолданғанын ұзынқұлақтан жиі естіген едім. Алайда ақылынан адаспай, өмір сүру салтын қалыпты жағдайда ұстап қалуға қайрат-жігері жеткен ол өзінің нашақорлыққа қалай келгені мен бұл қиындықты қалай жеңгені жайлы жасырмай айтып берді.

– Мен есірткіні қолданғандарды ұнатпайтынмын. Оларды адам деп қабылдамайтынмын. Бірде сүйген қызым опасыздық жасап, досыма тұрмысқа шығып кетті. Өзімді қорғансыз, ешкімге керегім жоқ зат іспетті сезіндім. Көзімді жұмсам, сүйіктім екеуміздің қол ұстасып қыдырған сәттер ғана елестейді де, артынан оның досыма кетіп қалғаны жанымды ауыртты. Әбден қиналған соң, бір сәт өзімнің әлсіздігімді басу үшін есірткі қолданып, өткен күндерді ұмытуға шешім қабылдадым. Есірткі қолданған сәттің кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәт қанат өскендей болады. Айналаның бәрі сиқырға, ғажапқа толы болып көрінеді. Есірткісіз өмір сүре алмайтындай сәтке жеттім. Мен бәріне деген талғамымды жоғалттым, ештеңе жасағым келмеді. Сол сәттері мен есірткісіз өмір сүрудің мағынасын жоғалтып алғандай болдым. Сөйтіп, синтетикалық есірткіге тәуелді болып шыға келдім, – деді Қасым.
Есірткіден бас тарту қарапайым адамның ойлағанынан да қиын екенін айтқан ол өмірде әбден опық жепті. Жұмыссыз қалып, ұрлыққа барған. Бір айда 400 мыңнан аса ақшаға есірткі қолданған. Оған сондай қиын сәттен шығу үшін ерік-жігерден бөлек, жақындарының қолдауы өте қажет болыпты.
– Менің отбасым қандай жағдай болмасын менен кері бұрылып, бас тартып кетпеді. Олар маған жанашырлық танытып, көмектесуге, қамқор болуға тырысты. Жақындарымның арқасында мен есірткі туралы ойларды тастадым, бұл маған өте қиын болды. Бірақ мен отбасыма керектігімді, олардың мені сағынғанын түсіндім. Сөйтіп, олардың көңілін қалдырмау үшін барымды салдым. Ақыры мен есірткіге тәуелділігімді жеңдім. Қатарға қосылып, арман-мақсаты бар, жолы айқын, бағыты дұрыс ер азаматқа айналдым. Және мен қиын-қыстау кезде қасымда болған отбасыма шексіз ризамын. Мен өз жақындарымның махаббатына бөленбегенімде, мұндай жетістікке жетпес едім, – деп аяқтады сөзін Қасым.

Оның көздерінен өткенге деген өкінішпен қатар, болашаққа деген үміт пен сенімнің ұшқыны жалын атты. Осы сәт шынайы сүйіспеншіліктің қандай түйіннің болмасын тамырын басып, түйткілін шешіп беруге құдіреті жететініне сендім.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.