Қалалық қоғамдық-саяси газет

«SportFEST Kazakhstan» жобасы – Таразда

0 309

Жамбыл облысынан «SportFEST Kazakhstan» республикалық жобасының іріктеу ойындарына 300-ден астам оқушы қатысты.

Зере Қуаныш Суретті түсірген Ю.КИМ

«Тараз-Арена» спорт сарайында облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласынан келген 361 оқушы бозбалалар арасындағы футзал, қыздар арасындағы баскетбол, әскери-қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі мен ұлттық ойын тоғызқұмалақ бойынша бақ сынасты. «SportFEST Kazakhstan» Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Алматы, Талдықорған, Орал және Ақтау қалаларында өтіп, жеңімпаз команда жазда «Балдәурен» кешенінде өтетін ақтық мәреге жолдама алады.

– Бұл бастама 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Спартакиаданы өткізу барысында қолданылған спорттық құрал-жабдықтардың барлығы қала мектептерінің біріне табысталады. Бұл жолы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.А.Қонаев атындағы гимназияға тапсырылатын болды. Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» жеке қоры іске асырады. «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2016 жылдың соңында бастау алды. Оның мақсаты – «Самұрық-Қазына» АҚ тобының кәсіпорындар тобы қатысатын аймақтардағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыру, – деді жоба менеджері Сымбат Үміт.

«SportFEST Kazakhstan» – Қазақстанның 17 өңірінде болашақ чемпиондарға қолдау көрсетуге бағытталған бірегей жоба. Аталған жоба жастар арасында бұқаралық спортты, салауатты өмір салты мен патриоттық тәрбиені дәріптеуде ерекше орын алады. Жобаны іске асыру барысында 8-10 сынып оқушылары – барлығы 7000-нан астам қатысушыны кеңінен қамту жоспарланған. Екі күнге созылған мектеп оқушыларының арасындағы спартакиадада үздік өнер көрсеткен жеткіншектер жазда өтетін финалда өңір намысын қорғайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.